Тікелей эфир

Телеарналар рейтингін әзірлеуде монополияны жойып, отандық кино шығындарын қайта қарау қажет

"31" медиахолдингінің басшысы киногерлер мен кинотеатрлардың арасындағы қарым-қатынаста бірінші тарап ұтылып отыр деп есептейді.

Ақпараттық саясат – қоғамдық дамудың басты қозғаушы күші. Ықпалды масс-медиа еліміздің жаңғыруына айтарлықтай әсер етеді. Оны күні кеше Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жіті атап өтті. Жалпы, келелі отырыста ел дамуына қажет жақсы бастамалар көтерілді. Ақпараттық салада қызмет етіп жүрген медиаменеджер ретінде осы тақырыпқа қатысты өз ойыммен бөліскенді жөн санаймын. 

"Ақпарат саясатының тиімділігін арттыру, креативті индустрияны дамыту, отандық киноның дамуына жаңаша көзқарас, тың серпін керек", – деді президент. 

Бұл – тұтас идеологияны қамтитын ауқымды әрі күрделі мәселе. 

Телевидение

Телеарналар жаңалық таратып, кино, сериал, мультфильм, сараптамалық және ойын-сауық жобаларды ұсыну арқылы қоғам санасына тікелей әсер етеді. Өкінішке қарай, мән-мағынасы жоқ бағдарламалар мен ток-шоулар да көгілдір экран төрінен орын алғаны жасырын емес. Олар қоғамға пайдасы жоқ болса да, рейтингтің көш басында. Дәл қазір оған ешкім тосқауыл бола алмай тұр. Басты себеп – рейтинг.

Рейтинг демекші, біздің елде медианарықтағы рейтингті анықтайтын бір ғана компания бар. Оның қалай жасалатынына қатысты сұрақтар көп. Телеарнаның дамуы, табыс табуы рейтингке тәуелді. Себебі, жарнама беруші компаниялар алдымен сол көрсеткішке мән береді. 

"31" медиахолдингінің командасы

Шартты түрде алсақ, 20 миллионға жуық халқы бар елде тек 3 мыңға жуық адам телеарналардың рейтингін анықтап отыр. Бұл тәсіл сапа мен сандық көрсеткіштерді нақты бере алмайды. Менің ойымша, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі рейтинг түзіп отырған компанияның ашықтығы мен кәсібилігіне қатысты нақты талаптар қоюы тиіс. Бұл мәселеге қатысты түбегейлі шешім қабылдайтын уақыт келді.  

Батыс елдерінде тележобаның нақты көрсеткіштерін анықтауға арналған мақсатты аудитория мен телеарналардың танымалдығын зерттеудің бірқатар әдістемесі қолданылады. 

Мұндай рейтингтер көп болуы қажет, бұл салада монополияға орын жоқ. Біз телеарналарға нақты да объективті критерийлер бойынша баға беруіміз керек. 

Диджитализация

Келесі мәселе – бизнес-процестердегі диджитализация. 

Көрермен талғамына, таңдауына ілесу үшін digital бағытты да қоса алып жүру маңызды. Қазір кейбір телеарналар эфирде көрсеткен телеөнімдерін YouTube арналарына жүктеумен шектеліп келеді. Десе де, телеарналардың digital өнімді дамытуда әлеуеті зор. 

Мәселен, "31" медиахолдингінің бес YouTube арнасы бар және олар осы уақытқа дейін YouTube-тің үш "Күміс" және бір "Алтын батырмасына" ие болды. Біздің әлеуметтік желідегі көрермендеріміздің саны күн санап артып келеді. Жалпы, біз ай сайын тұрақты түрде 45 миллионнан астам қаралым жинаймыз. 

TikTok-қа жүктелген бір ғана сюжетіміздің қаралымы миллионнан асады. Осы үрдісті ескере отырып, біз күзгі маусымда бірнеше жаңа digital жобаны жарыққа шығарамыз. Олардың бәрі де жаңа медиа талаптарына сай әзірленеді. 

Креативті индустрия

Креативті индустрияның шеңбері кең және оған тележобаларды да жатқызуға болады. Бұл орайда біз өз күшімізді креативті бизнестің тың саласы – имидждік бұйымдар өндірісінде де сынауды жөн көрдік. 

31 арна алғаш рет эфирге 1993 жылы 12 сәуірде шыққанын білесіздер. Сондықтан біздің медиахолдинг телеарнаның отыз жылдығына орай ғарышкер кейпіндегі "Ғалам" атты маскотын таныстырды.

"31" медиахолдингінің маскоты

Ол санаулы күндерден соң ойыншық ретінде еліміздегі дүкендердің бірінде сатылымға түседі. "Ғалам" балаларға арналған жаңа анимациялық фильмнің басты кейіпкері болуға әбден лайық деп ойлаймын.  

Кино

"31" медиахолдингінің жаңа жобасы

Ал кино саласына келетін болсақ, президент "Қазір кинотеатр иелері отандық фильмдерді экраннан көрсету үшін қомақты қаржы талап етеді. Билеттен түскен қаржының едәуір бөлігі тағы да кинотеатрлардың және жеке компаниялардың қалтасына кетеді. Бұған қоса киногерлер фильмді нақты қанша адам көргенін анықтай алмайды", – деп дөп басып айтты. Біз бұл мәселеден тек журналист, медиаменеджер ретінде емес, кино түсіріп, үлкен экрандарға шығарған продюсер ретінде де хабардармыз. Яғни бұл проблемаға өзіміз де тап болдық. 

"31" медиахолдингі тек сериалдарды ғана емес, қысқа және толықметражды фильмдерді де түсіріп жүр. Өткен жылы "Алтын адам" операциясы" фильмін түсіріп, кинотеатрлардан көрсеттік. Расында, кинокартинаның билеттері сатылымға түскенде, табыстың 55%-ы кинотеатр иелеріне және жеке компанияларға кетті. Жалпы, киногерлер мен кинотеатрлардың арасындағы қарым-қатынаста бірінші тарап ұтылып отыр. Оны президент те ашық айтты. 

Жалпы, киноиндустрияда бірқатар қордаланған проблема бар. Мемлекет тарапынан қаржы бөлінеді, фильмдер 100 пайыз қаржыланады, бірақ фильмдердің бәрі кинотеатрларға немесе телеарналарға жол тартпайды. Шаң басып, архивтерде сақталып жатқаны қаншама?..  Яки қазынадан бөлінген қаржы зая кетті деген сөз. "Қазақфильм" бар, бірақ оның павильондары киногерлерге қолжетімсіз. Есесіне, ол алаңда түрлі шоулар мен жарыстар түсіріледі. Мемлекет есебінен қаржы тарихи фильмдердегі костюмдерді тігуге де жұмсалады. Кейін ол киімдер тек қоймалардан орын табады. Проблемалар жеткілікті. Сондықтан жүйелі түрде шешімдер қабылдау керек. 

Болашаққа бағдар

31 арна 2030 жылға дейін бизнес механизмдер арқылы отандық киноны қолдаушы арна ретінде қалыптасуды көздейді. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін біз жетекші продакшндармен және Мәдениет және спорт министрлігімен әріптестік байланыс орнатуға дайынбыз. Қазіргі таңда біз кино саласындағы әріптестерімізге екі механизм бойынша жұмысты қолға алдық:

  • Ақпараттық қолдау көрсету;
  • Ішінара немесе толық қаржыландыру.

Жалпы, кинотеатрлардың жұмысы да ашықтық принципі бойынша ұйымдастырылуы тиіс. Онлайн режимде фильм қай уақытта көрсетіліп, қанша адамды қамтығанын, табыс көлемін көріп отыру қажет. Ең бастысы, отандық киноөндірушілерге басымдық беру керек.

Бәлкім, отандық фильмдерге жазылу форматын қарастырып көрген жөн болар. Мысалы, АҚШ-та кинотеатрларға жазылу қызметтері бар. Айына шамамен 25 доллар төлесеңіз, кез-келген фильмді тамашалай аласыз. Неге біздің фильмдерге мұндай жазылымды ұйымдастырмасқа?

Жұмыс тобы құрылса, бірігіп талқылауға, мәселелерді шешуге атсалысуға дайынбыз.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары