Таңдайда тақылдаған тақпақ
Балалар үшін сабақ басталды. 2021-2022 оқу жылы былтырғыға қарағанда мектепте өтуде. Қашықтан оқығанда білім сапасы елеулі түрде ақсап қалатынын жоғарыдағы министрлік те, төмендегі ата-аналар да түйсінген сияқты. Сонымен оқушылар мектебіне оралып, партаға отырды.
Білім ордасының есігін алғаш ашып, бірінші сыныпқа енді келгендер өзінің бұған дейін тегін жүрмегенін дәлелдеп, әні мен тақпағын айтып жатыр. Соның арасында екі баланың бірі жатқа білетін тақпақ бар ғой.
Қоян отыр партада,
Екі қолы қалтада.
Біреулер оны "аю отыр" деп бастайды. Алғаш қағазға не түскенін авторы ақын Әбубәкір Қайран түстеп бермесе, балаларға аю мен қоянның қайсы ұнайды, соны айтатын сияқты.
Бұл – бір замандағы:
Ертең ауыл көшеді,
Түндік бауын шешеді, –
деген сияқты кішкентайлардың тіл сындыруына зор себін тигізетін тақпақ. Екіншіден, психологиялық дайындыққа таптырмайды. Әлі мектеп табалдырығын аттамаса да, осы арқылы партаны біледі, оның не үшін керектігін ұғады. Әлбетте, ұйықтау үшін емес. Сабақ тыңдап, жазу жазу үшін. Осылай партаға отыруға іштей дайындалады.
Мұндай тақпақтар керек. Әттең аз. Екі сөздің басын құрай алатынның бәрі тойда елді естен тандыра билететін мәтін жазуға ауысқан қоғамның болашағы бұлдыр. Ертеңгі күн айқын болуы үшін тәрбиелік өлеңдер керек. Онда да бір айтқанда жатталып, таңдайда тақылдап тұратын тамаша тақпаққа бүкіл жеткіншектер зәру. Олардың партасы дайын, бірақ санасын сол партаға дайындайтын рухани іргетас мығым емес.
Оқи отырыңыз: Жарылыстың жаңғырығы
Мәні бұзылған мәтін
Арасында "парта" сөзі кіргізілген ән де бар. Біздің білетініміз екеуі. Бергісінен бастайық. Коронавирусқа дейінгі тойларда жиі еститін едік. Концерттерде айтылып қалып жатты. Мәтін мынандай:
Енисей мен Еділді шатастырып картадан,
Ең алғашқы махаббат басталады партадан.
Талайлар үшін алғашқы махаббаттың партадан басталатыны анық. Оған талас жоқ. Бірақ, оқушы ұл қасында отырған қызға ғашық болу үшін неге арасын мыңдаған шақырым бөліп жатқан екі өзенді шатастыруы керек? Бұл дұрыс білім алмайтын оқушыда ғана махаббат болады деген сөз бе? Ол – мүлде теріс түсінік. Бір партада отырып үлгілі оқып, кейін үйленіп, тату-тәтті отбасы болғандардың қаншама мысалын білеміз. Енисей мен Еділ түгіл Жер шарының арғы жағындағы Миссури мен Миссисипиді шатастырмаған өзіміздің бірнеше кластасымыз парталас қызға үйленген. Қазір шетінен немере сүйіп отыр.
Жалпы кейінгі жылдары ән сөзіне мән беруді қойдық. Бұрын Мәдениет министрлігі жанында іргелі музыкалық шығармаларды қабылдайтын көркемдік кеңес болған. Композиторлар одағының өз елегі бар еді. Қала берді, Қазақ радиосының көркемдік кеңесі жеңіл-желпі, мазмұны мен әуені кедір-бұдыр әндерді өткізбейтін.
Ол кеңеске композитор Кеңес Дүйсекеев, ақын Ибрагим Исаев бастап кілең өз ісінің жетік мамандары шақырылатын. Исраил Сапарбаев, Мұрат Құсайынов, Роза Рымбаева мүше болатын. Сонда әрбір әннің орындаушысынан бастап музыкасы мен сөзі жан-жақты талқыға түсетін. Мына ән сол білікті ортада тезге салынса, "парта мен картаны ұйқастырғаны жөн, бірақ оқушы неге Енисей мен Еділді шатастыруы керек" деп солардың бірі сөз қозғары анық еді.
Шынында бірі Еуропа мен Азияны бөліп жатқанымен танымал, екіншісі сонау Ібір-Сібірді ортасынан қақ жарып ағатын арналы өзендерді шатастыру мүмкін емес қой. Әннің бұл жолын ең болмаса "Енисей мен Еділді тауып беріп картадан" деп түзетуді талап етер еді. Тіпті, "бұл өзендер бір кезде көк түркінің иелігінде болғанмен қазір жат халықтың қолында, өзге мемлекеттің аумағында қалып қойды. Сондықтан олардың орнына Ертіс пен Есілді неге әнге қоспаймыз" деп те пікір айтар еді жаңағындай тұлғалар. Сонымен қай мекеме мен ұйымда құрылғанына қарамастан әйтеуір бір көркемдік кеңестің талқылауына салынса, ән көпшілікке тарамас бұрын әлгі жолдары "Ертіс пенен Есілді тауып беріп картадан" көңілге де, құлаққа да қонымды болып өзгерері даусыз еді. Енді кеш. Талай нәрсені кеш пайымдап жататын қазақ қоғамынан бір мысал.
Кезінде ән мәтініне мән берген мықты тұлғалар болған. Соның бірі – майдангер журналист, партиялық журналдың бас редакторы болған Құрманбек Сағындықов. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары жазған мақаласында орыстың балаларға арналған белгілі "Пусть всегда будет солнце" деп басталатын әнінің дәл осы жолы қазақша "Әрқашан күн сөнбесін" деп бұрыс аударылғанына назар аудартқан. Дұрысы "әрқашан күн сөнбесін" емес, "ешқашан күн сөнбесін" болуы керек деп пайымдаған.
Талап осы деңгейде болса, қазіргілер мән бермейтін, мән берсе, миы ашитын талай әннің мәтіні жөнделер еді. Ешкім Енисей мен Еділдің арасында шатасып жүрмес еді.
Оқи отырыңыз: Арылған айып емес
Табы сақталған тарих
Негізі бірінші рет парта кездесетін әнді сөзімен қоса Мұхтар Шаханов шығарған сияқты. Оған дейін әнмен айтылған өлеңдердің ешбірінен мектепте тұратын бұл жиһазды естімеген сияқтымыз.
Асау өмір арнасында
Шалқып сәби сезімменен,
Он жыл мектеп партасында
Бірге отырдым өзіңменен.
Біз мектепте оқып жүрген жетпісінші жылдардың басында шыққан әнде байқап отырсақ балаң сезім ғана емес, тарихтың табы жатыр. Беріде бірнеше рет өткен білім беру реформаларынан кейін оқушылар он бір жыл оқитын болған. Мектепте он жыл оқыған заманның бастан өткені енді осы әннен байқалып тұрмақ.
Көптеген көркем шығармалардан сол уақыттың айқын бедерін табуға болады. Атақты "Абай жолынан" бастап. Біздің түйсігімізге салса, Әуезов бұл эпопеяны қазақтың басынан бұл-бұл ұшқан, енді мәңгі оралмайтын дәуірдің көріністерін ең болмаса кітап бетінде сақтап қалу үшін жазғандай.
Немесе келесі Мұхтар, яғни Мағауиннің "Көкмұнар" романын парақтап қараңыз. Алпысыншы жылдар соңындағы Алматының бүкіл келбеті сөзбен суреттеліп тұр. Дүкенде азық-түлік түрінің қандай бағаға сатылғанына дейін. Көшелердің қиылыстарының арасындағы қашықтыққа дейін. Қазір оның елестерін ғана шамалайсыз. Алатау бөктеріндегі алып қаланың жарты ғасырдағы өзгерісін білу үшін "Көкмұнарды" көшеде оқи жүріп бүгінгі көрініспен салыстырсаңыз жеткілікті.
Ендеше Шахановтың әнінің сөзіне өзгерту енгізудің қажеті шамалы. Бұл күнде балалы-шағалы, тіпті немерелері мың-мыңдаған қазақтың жүрегіне "он жыл мектеп партасында бірге отырдым өзіңменен" деген жолдар жылы тиеді. Кейбірінің өмірінде табы сақталған, көпшілігінің миында жатталып қалған.
Парта сөзі қосылған екінші әнге қатысты айтарымыз – осы. Енді оқушының отырып сабақ жазып, мұғалімді тыңдайтын орнының өзі туралы бірер дерекке кезек берейік.
Оқи отырыңыз: Марс алаңындағы мүйіздесу
Жылдардан жеткен жиһаз
Мектеп ішіндегі жаһаз санаулы. Бірнеше қатар парта, алдыңғы қабырғаға ілінген тақта. Ертеректе оның өзі ілінбей, сирақпен тұратын еді. Өйткені, ол уақытта ағашты қиюластырып жасалғандықтан шегемен ұстатуға салмағы тым ауыр болатын. Алда-жалда қабырғадан сусып кетсе, алдында тұрған оқушыны жазым етуі ықтимал. Сондықтан сирақпен тұрғызатын.
Бұлардан басқа мұғалімнің үстелі бар. "Менің атым – Қожа" фильмінде бас кейіпкер ұстазының сол үстелде жататын сөмкесіне бақа салып қоятын еді ғой.
Қалған жиһазды түгендесек, түпкі қабырғада көрнекі құралдар, кітаптар мен басқа да керек-жарақ қойылатын шкаф тұрады. Басқа басы артық зат бола қоймайды. Рас, беріде интерактивті тақта қосылды. Мектеп жиһазына одан басқа пәлендей өзгеріс келе қойған жоқ.
Ең бастысы саналатын парта пайда болғаннан бері материалы мен жасалу технологиясы жағынан дамығанмен әу бастағы сипаты сақталды. Оны алғаш 1870 жылы Федор Эрисман жасаған. Ол гигиена маманы еді. Мектептегі балалардың көзі неге алыстан көрмейді деген тақырыпты зерттеген. Оған қоса омыртқаның қисайып кетуіне назар аударған. Бар мәселе оқушының мектепте қандай орындыққа отырып, қандай үстелде жазу жазатынына қатысты екенін анықтаған. Көз бен кітаптың арасы 30-40 саниметр қашық болуын есептеп шыққан.
Эрисман іздене жүріп балалардың көз бен омыртқа ауруына жол бермейтін жаңа жиһаз жасайды. Осылайша кітап пен дәптерді ашып қоятын үстелі көлбеу парта пайда болған. Мұнда бала кітап қарап, жазу жазғанда бүкірейіп отырмайды.
Эрисман жасаған парта жеке оқушыға арналды. Еменнен жасалғандықтан өте қымбат еді. Екі оқушы қатар отыратын парта одан кейін пайда болды. Бұларда оқушының үстелі мен орындығы қоса жасалды. Бір-бірінен ажыратылмайтын. Мұны әрі-бері қозғау қиын болды. Сондықтан біртіндеп орындықтары жеке қойылатын парта шықты. Енді оны сынып бөлмесіне орналастыру мен жылжыту қиындық тудырмады.
Бастапқы парталарда қаламның ойығымен қатар сиясауыт қойылатын екі дөңгелек ойық болған. Өзіміз сонда отырдық. Бұл сияның кітап пен дәптерге төгіліп қалмауы үшін қажет. Оқушылар шарикті қаламмен жазуға көшіп, сиясауыт қажет болмай қалған соң кейінгі парталарға ол ойық салынбады.
Сол сияқты біз мектепте оқыған кезде партаның бетінің бергі бөлігі ашылып-жабылмалы болып жасалды. Бұл оқушылардың отырып-тұруына, әрі астыңғы сөресінен сөмкені, кітап пен дәптерді алып шығуға қолайлы еді. Қазір ондай топса салмай, тұтас етіп жасап жүрсе керек.
Есімізде қалған партаның беті қара немесе жасыл, басқа бөлігі қоңыр немесе сары сырмен сырлатын. Басқа жағына қарағанда үстіңгі бетін жыл сайын жаңалап бояуға тура келетін. Өйткені ол түрлі есептер мен ережелердің көшірмесін айтпағанда нәзік сезімге қатысты сан түрлі жазуға толып қалатын. Әлгі әндегідей "алғашқы махаббаттың партадан басталатынына" еш талас жоқ.
Оқи отырыңыз: Желі "жеткізді"
Алыпқа арналған қалып
Негізі партаның өз өлшемдері бар. Олар бастауыш, орта және жоғары сыныптарға арналып жасалады. Тарыдай болып кіретін мен таудай болып шығатын уақыттағы парталардың ұзындығы мен ені, ең бастысы биіктігі бір-бірінен бөлек. Бұл стандарттар қаншама жылдан бері сақталған.
Бірақ, кейде стандарттан тысқары ерекше парта жасауға тура келеді. Соның бір мысалын сөз етелік. Америка Құрама Штаттарының Иллинойс штатындағы Олтон қаласында нағыз алып оқушы болды. Ол – Роберт Уодлоу – дүниеге келген кезде, яғни 1918 жылы басқа сәбилерден айырмашылығы жоқ еді. Салмағы 3 келі 800 грамм, бойы соған сай болған.
Бірақ, туғаннан кейін тез өсе бастаған. Бір жасқа толғанда салмағы 20 келіге, бойы 90 сантиметрге жетті. Сегіз жасында орта бойлы әкесімен бірдей болды. Тоғыз жағында әкесін еш қиналмастан төбесіне көтеріп тұрды.
Мұның себебі оның ағзасындағы гипофиз ісігінен. Ісік бой өсіретін гормонды шектен тыс бөледі. ХХ ғасыр басындағы медицина мұны тоқтатудың жолын таппағандықтан, Роберт дүниеден өткенше өсе берді. 1940 жылы оны ең соңғы рет өлшегенде 2 метр 72 сантиметрге жетіпті.
Осы Роберт мектепке алғаш барарда әкесі оған арнайы парта жасатқан. Онысы жоғары сынып оқушылары отыратын партадан үлкен еді. Кейін тағы бірнеше рет арнайы партаға тапсырыс берген. Өйткені, ол сыныптан сыныпқа жоғарылаған сайын бойы өлшеусіз өсе түсті.
Қазіргі кезде бұл парталар сақталмаған сияқты. Жалпы 22 жасында қайтыс болған алыптың көптеген жеке заттарын отбасы әдейі жойып жіберген. Алдыңғы орындығы алып тасталған, Роберт артқы орындыққа отырып жүргізген автокөліктің фотосы бар, өзі жоқ.
Сондай-ақ, отбасының талабымен алып адамды жерлеген соң қабіріне қалың бетон құйған. Бұл сүйегін зерттеушілер немесе ұрылар қайта қазып, алып шықпауы үшін істелді. Ал құлпытасын басқалардыкінен, яғни сол қабірстандағы стандарттан екі есе биік етіп орнатқан.
Арнайы жасалған партасының қайда қалғаны белгісіз болса да, Роберт Уодлоудың бірнеше бәтеңке, туфлиі сақтаулы. Өйткені, ол өмірінің кейінгі жылдары Халықаралық аяқ киім компаниясының өкілі болып, 41 штаттың 800 қаласын аралады. Сондықтан арнайы аяқ киім тегін тігілген. Ол еуропалық өлшеммен 75-размерлі аяқ киім киген. Бұл жарты метр деген сөз.
Аяқ киімінің өлшемі белгілі болса да, Уодлоудың партасының өлшемі сақталмаған. Бәрібір он жыл бойы жер жүзіндегі ең үлкен партаға отырғаны талассыз еді. Әрі басқалардың бәрінде бар "парталас" деген адам оның өмірінде болмаған. Сыныптастары оның партасына қойған шағын қуыршақ сияқты болып қалатын.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.