Тікелей эфир

Ғайыптан қайтқан қаһарман

Отыз және сексен жыл бұрын белгісіз қалған қазақ төңірегінде өрбіген оқиғалар.

Киноның тізбектелген кадрлары

2021 жылы қараша айының соңында республикалық "31 телеарна" сұхбатқа шақырған. Мұндайға елп етпейтін едік. "1991 жылы Кеңес Одағы тарқар кез бен Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған шақта қандай тақырыптарды жаздыңыздар" деген сұрақ болған соң келіскенбіз. Отыз жыл бұрынғы газетті ұстап сөйлейді екенбіз. Құп.

Автор мақаласымен қайта танысып отыр. Фото: Асылхан Әбдірайымұлы

Содан өзіміз қызметке қабылданған 1988 жылы "Социалистік Қазақстан" атымен жүрген, азулы Шерхан Мұртаза бас редактор болып келген соң "Егеменді Қазақстан" болып өзгерген, біраз уақыттан соң "Егемен Қазақстан" деп түпкілікті тұрақтаған басылымның тігінділерін парақтай отырып пікірімізді айтып жаттық. Кенет 1991 жылғы 28 желтоқсандағы мақала көзімізге оттай басылды. Тақырыбы "Белгісіз Бесікбаев". Алғаш біз жазып едік. Ғайыпта қалған қаһарманды халыққа таныту үшін.

Тақырыпты жай харіптермен тергізбей, редакцияның ретушері Жанұзақ Әбдіқұловқа арнайы клише етіп салғызғанымыз еске түсті.

– Бұл кім? Нені салайын? – деген суретші ағамыз.

– Соғыс кезінде жанып бара жатқан ұшақтың суреті болсын, – дегенбіз көп сыр шашпай.

– Нүркен Әбдіров туралы жаздың ба?

– Жоқ. Нүркен не, Гастеллодан бұрын ұшағы жау техникасының үстіне құлаған қазақ туралы.

– Ондай оқиға болған ба? – деп суретші ағамыз таңырқап еді.

Міне, осы тақырып, Жанұзақ Әбдіқұлов салған сурет пен бір беттің жартысынан көбін алып тұрған мәтін шыға келгенде отыз жыл бұрын өзіміз куә болған және одан елу жыл бұрынғы өзіміз зерттеген оқиғалар киноның кадрлары сияқты көз алдымыздан тізбектеліп өте берді.

"Егеменді Қазақстан" газетіне шыққан мақала

Аты өзгерген адамдар

1991 жыл. Күздің соңы. Алда не болары белгісіз аласапыран күндер. Кеңес Одағының талқаны таусылып жатты. Қандай ел боламыз, нендей бағыт ұстаймыз деген сұрақтарға анық жауап жоқ. Әлбетте, онымен Жоғарғы Кеңес, сол Жоғарғы Кеңес сайлаған Президент айналыспақ. Президентті бүкіл халық 1991 жылғы 1 желтоқсанда сайламақ. Оған дейін біраз күн бар еді.

Республикалық газеттің Ақпарат бөлімінің меңгерушісіміз. Төрт тілші мен өзіміздің кабинетте отырғаннан жортып жүргеніміз көп. Шерхан Мұртазадан күн сайын бір емес, бірнеше тапсырма түседі. Тапсырмадан кештетіп келіп материалды жазып, мәшеңкеге бастырып, ұсынып жатамыз.

Жиі баратын мекемеміз – Республикалық әскери комиссариат. Кеңес Одағының әскерінен ұлтаралық жік шыққан. Мәскеу іргесіндегі, Байкал маңындағы, Орал тауының түбіндегі түрлі әскери бөлімдерде болған сойқандардан соң қазақ солдаттары амалсыз қашып келеді. Неге екенін басқа жаққа бармай газет редакциясынан сауға сұрайды. Солардың мәселесін шешу үшін Республикалық әскери комиссариатқа бас сұғамыз.

Онда Қазақстанның Қорғаныс министрлігі жоқ. Жастарды армия қатарына аттандыратын Республикалық әскери комиссариатты Леонид Николаевич Бакаев деген полковник басқаратын. Жолыққанша көп орыстың бірі ме дегенбіз. Бірінші қабылдағанда қатты таң қалдық. Аты-жөні мен тілі орысша, бірақ өзі қазақ.

Бізбен әңгімесінен білдік, әкесінің аты – Құсман. Әскери адам болыпты. Орыстар Коля деп, содан құжаттарда Николай деп жаза салған. Тәуелсіздіктен кейін әкесінің атын қалпына келтіріп, Леонид Құсманұлы болды. Одан өзінің қазақша аты Әскер екенін еске алып, телевизияда сөйлеген титрға, қазақша мақалаларға Әскер Құсманұлы Бақаев деп жазғызып жүрді. Жақсы кісі еді, тым ерте қайтыс болып кетті.

Сол Бақаев 1991 жылы күз айында Орталық жақтан келген бірнеше хат пен құжаттың көшірмесін қолымызға берді. "Осы туралы мақала жазсаңыз жақсы болар еді". Осылайша аты өзгерген тағы бір тұлғаға тап болғанбыз.

Қолға тиген құжаттар

Қарасақ, КСРО Халық депутаты В.Я. Стадник 1991 жылы 2 қарашада Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жолдапты. Депутат біздің Президентті Ресейдің Коломенск қалалық кеңесінің шешімін қолдауға шақырыпты. Қалалық кеңестің сессиясы 1941 жылы 26 маусымда өртенген ұшағын жаудың адам күші мен техникасы топтасқан жерге бағыттап, Отан үшін ерлікпен қаза тапқан капитан А.С. Масловтың экипаж мүшелеріне Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы ұсыныс жасапты. Соны қолдау сұралған. Өтініштің сыры экипаждағы төрттің бірі қазақ екендігінде. Хатта "Бахтурас Бейскбаев" деп жазылып, Алматы облысы Іле ауданы Іле селосының тумасы екені көрсетілген.

Хат Президент пен Министрлер кеңесі аппаратынан Республикалық әскери комиссариатқа түскен. Олар облыстық және аудандық комиссариаттар архивті тексеріп, мұндай аты-жөнімен әскерге алынған ешкімді таппайды. Ақыры "газетке жазылса, бір дерегі шығар" деген үмітпен бізге берді.

Содан іздендік. Кешікпей тағы бір құжатқа тап болғанбыз. Белоруссиядағы Радошкович аудандық әскери комиссары Котельников КСРО Соғыс министрлігінің Шығындарды есептеу жөніндегі бөлім бастығына жолдаған хабарлама соғыс басталғанына 10 жыл өткенде жазылған. Құжатта Радошкович ауданында қаза тапқан Кеңес солдаттарының денесін бауырластар зиратына қайта жерлеу барысында 1918 жылғы Георгий Васильевич Реутовтың қаңқасы мен бұған дейін хабарсыз кетті делінетін 42-авиация дивизиясының 207-полкінде қызмет атқарған кіші сержант Бейскбаев Бахтурарстың дерегі табылғаны айтылған. Иә, кіші сержанттың аты бастапқыда осылай жазылған, соңынан біреу сиямен екінші "р" әрпін сызып, "Бахтурас" деп қалдырған. Беріде Бақтыораз Бейсекбаев екені толық анықталды ғой. Біз мақалада Бесікбаев деп жазған едік.

Кіші сержант, атқыш-радист Бақтыораз Бейсекбаев

Хабарламаның соңында "Жоғарыдағы әскери қызметшілер 1941 жылы 26 маусымда Радошкович ауданында қаза тапқаны анықталғандықтан және олардың мүрделері қала орталығындағы гүлзарда қайта жерленгендіктен есепке өзгеріс енгізуді сұраймын" делінген. Ешкімге Батыр атағын беру мәселесі қозғалмаған. Бар болғаны осы ауданда қаза тапқандар есебіне толықтыру түсіру сұралған.

Реутов пен Бейсекбаевтың мәйіті "Гастеллоның экипажы жерленген" деген мәлімет бойынша жүргізілген қазба жұмысы кезінде табылған. Гастеллоға соғыс бастала сала отқа оранған ұшағын жау эшалонына құлатты деп, өзі қаза тапқан соң Кеңес Одағының Батыры атағы берілгені мәлім.

Қазбаға мынандай себеп болды. Белоруссияның әскери мұражайы облыстық атқару комитетінен Гастелло басқарған экипаждың мүрделерін соғыс кезінде жерленген орыннан қаладағы орталық гүлзарға қайта жерлеуді сұраған. Ерлікпен қаза тапқандар ескерткішін қоюды ойластырған. Рұқсат алынған соң қабірді қазған кезде қаңқадағы медальоннан Реутовтың аты-жөні шыққан.

Содан 1951 жылы Радошкович аудандық әскери комиссары Котельников пен поселкелік кеңес төрайымы Голубь Соғыс министрлігіне "Реутов Гастеллоның экипажында болды ма?" деп сұрау салған. 1950-1953 жылдар арасында Кеңес Одағында Қорғаныс министрлігі емес, Соғыс министрлігі болғанын айта кетелік. Оның министрі Кеңес Одағының маршалы Александр Василевский еді. Сұрауға "Реутов Масловың экипажында болған" деген жауап берілген.      

Жастығын ала жығылғандар

Осыдан кейін күрмеу ағытыла берді. Бақтыораз 3-алысты бомбалайтын авиация корпусының 207-полкінде капитан Александр Масловтың экипажы құрамында "ДБ-3ф" бомбалағыш ұшағының атқыш-радисі болған. Полк Смоленск облысы Починок қаласы жанындағы Боровское әскери әуежайында тұрды. Соғыс басталғаннан жауынгерлік тапсырма орындауға кіріскен.

"ДБ" атауы – орыстың "дальний бомбардировщик", яғни "алысты бомбалаушы" сөздерінің қысқарған түрі. Кейін ол атақты "ИЛ-ге" айналды. Семей іргесіндегі Шаған әскери әуежайында осы "ИЛ" сериясымен шыққан, бортында ядролық бомбасы бар стратегиялық бомбалағыштар полкі тұрды. Кеңес Одағының тарқағаны туралы шартта "әрбір республика өз аумағында қалған меншікке ие болады" дегенге қарамастан Ресей қорғаныс министрі ұшақтарды Қиыр Шығысқа алып кеткенде Бақаев қоңырау қаққан. Бірақ, "іс бітті, қу кетті". Хош, бұл – отыз жыл бұрынғы іс. Біз сексен жыл бұрынғыны баяндап жатыр едік қой.

Соғыстың ертесі – 23 маусымда полк командирі екі мәрте Қызыл ту орденінің иегері Г. Титов 27 ұшақты бастап шығып, жау жағына алғаш соққы жасайды. 24 маусымда 207-полктің 18 экипажы бері жылжып келе жатқан жаудың танкі колонналарын бомбалаған.

Негізі, "ДБ-3" әлі жетілмеген ұшақ еді. Біріншіден, бомбалау үшін төмендеп келгенде оны танкінің өзі-ақ атып түсіреді. Екіншіден, жаудың жойғыш ұшақтарына оңай жем болады. 18 экипаждың 13-і сол сапардан оралмады. Тапсырмадан аман қайтқан бесеудің бірі бортында Бақтыораз бар Масловтың ұшағы екен. Шығындарды ескере келе полк командирі жеке құрамды небәрі екі эскадрильяға бөліпті. Біріне Маслов, екіншісіне Гастелло командир болып тағайындаған.

Келесі 25 маусым бұл экипажға сәтті өтті. Вилен аэродромына күтпеген шабуыл жасап, жаудың  әлі ұшып үлгермеген 40 ұшағын талқан етті. Жолай шерулетіп келе жатқан 12 танкісі мен бірнеше автомашинасының үстіне бомба тастаған. Өздері аман.

Ал 26 маусымда Маслов экипажы жанына екі ұшақ ертіп тапсырма орындауға шығады. Минскіге апаратын тас жол үстінде фашист техникасын бомбалайды. Бомбаға қоса пулеметпен атқылайды. Бұл Бақтыораз бен қаруластарының соңғы айқасы еді.

Жау жағы дереу жойғыш ұшақтарын аттандырған. Әрі зениттен атқылаған. Ақыры ұшақты өртейді. Командир орманға қонып тірі қалу қамын жасаудың орнына лаулаған ұшақты өздерін атқан жау зенитіне бағыттаған. Осылай экипаждың командирі капитан А. Маслов, штурманы лейтенант В. Балашов, атқыш-радист Г. Реутов пен атқыш-радист Бақтыораз Бейсекбаев ерлікпен қаза табады.

Бізге бейтаныс батырлар

Олардың қандай ерлік жасағанын жерден ағайынды бақташы Дворецкийлер көріпті. Оқиға тынып, жау ілгері кеткен соң түнделетіп ұшқыштардың күйіп кеткен денесін бақташылар парашютке орап жерлеген.  

Маслов экипажы ұшақты жау қаруының дәл үстіне құлатқанын онымен бірге тапсырмаға шыққан Витковский мен Клятаның экипаждары баяндайды. Бұлардың соңынан Гастелло мен Воробьев басқарған ұшақтар бомбалауға шыққан. Жау Гастеллоның ұшағын атып түсірген. Аман қайтқан Воробьев пен оның штурманы Рыбас фашист техникасының үстіне құлаған Масловтың ұшағын батпаққа құлаған Гастеллоның ұшағымен шатастыруы мүмкін. Аз күннен соң Витковский мен Клята, Воробьев және Рыбас тегіс қаза тауып, оқиғаны аспанда көрген куәгер қалмайды. 

Жалпы бұлар қызмет еткен полк соғыс басталысымен сұмдық шығынға ұшыраған. 27 маусымдағы ұрыста 15 ұшақтан айырылған. 6 шілдеге дейін 36 экипаж қаза тапқан. Жарты айда ұшақтың бәрін фашистер атып түсірген. 1941 жылы 18 тамызда 207-полк таратылады. Қорғаныс министрлігінің Орталық архивіне одан ешқандай құжат сақталмаған.

Тек Николай Гастеллоның аты қалып, оған қаза тапқан соң нақтыланбаған мәлімет арқылы Кеңес Одағының Батыры атағы берілген. Және одан әрі ұшағын жау техникасына құлатқанның бәрі "Гастеллоның ерлігін қайталаушылар" атанады.   

1951 жылы шындық ашылды. Медальон мен экипажда болғандардың жеке заттарынан бөлек дұшпан техникасының үстіне құлаған Маслов ұшағының сынықтары табылған. Гастелло ұшағының сынықтары Мацки деревнясының іргесіндегі батпақта жатқаны анықталды. Бірақ, онда ешкім тарихи қатені түземейді. Саясат па, мойындаудың жауапкершілігі ме, кім білген?!

Көптеген дәлелді хаттар мен құжаттардан кейін 1996 жылы Ресей Федерациясының Президенті Борис Ельциннің Жарлығымен "1941-1945 жылдардағы неміс-фашист басқыншыларына қарсы Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерліктері мен батырлықтары үшін" капитан Александр Масловқа, лейтенант Владимир Балашовқа, кіші сержант Григорий Реутовқа, кіші сержант Бақтыораз Бейсекбаевқа Ресей Федерациясының Батыры атағы берілді. Бұл кезде Кеңес Одағы жоқ, сондықтан Кеңес Одағының Батыры атағы да жоқ еді.

1998 жылы 6 мамырда Бақтыораз Бейсекбаевқа қаза тапқаннан кейін Қазақстанның "Халық қаһарманы" атағы берілді. Ол ерлік жасаған аймақ пен туған жеріне меценат Мұхтар Құл-Мұхамед экспедиция ұйымдастырып, "Егемен Қазақстан" газетінің тілшісі Мейрамбек Төлепбергенді, "Хабар" агенттігінің журналисі Гауһар Керімова мен операторын жіберді. Батырдың өмір жолы, туыстары анықталды. Бақтыоразға арналған айтыс өткізілді. Көшеге, мектепке аты берілді. Өзі туған өңірдің орталығы Бақанас селосына бюсті орнатылды.

Бақанас селосында орнатылған Бақтыораз Бейсекбаевтың бюсті

Соның бәрінің алғашқы қарлығашы іспетті 1991 жылы 28 желтоқсанда "Егеменді Қазақстан" газетіне шыққан мақала міне, көзімізге оттай басылып тұр. Ғайыптан қайтқан қаһарманның оқиғасы осындай.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Серіктестер жаңалықтары