Үзік пен үздік
Қазақстанның оңтүстік өңірінен шыққан кезекті шу үп еткен желді іздейтін саржағал сайттар мен әлеуметтік желінің түңдігін біраз желпілдетті. Аузынан ақ ит кіріп, көк ит шыққан әйелдің бейнежазбасын көргенде жағамызды ұстағанбыз. Мұндай бейпіл сөздің "букетін" айту тұрмақ, естіп көрмеппіз. Оның үстіне әйелдің аузынан.
Рас, жеке сөздерін түгел білеміз. Ауылда өстік. Ол аз десеңіз, Ақселеу Сейдімбек ағамыз жинастырып, бастырған "Бейпіл сөздер" атты кітапша қолымызда. Қазақ ауыз әдебиетінің бір саласы ретінде боғауыздың ұмыт болмауы үшін ол да қажет шығар дегенбіз. Бірақ, бұл кітаптағының бәрі ғылымда жинақталғанымен, күнделікті қолданысқа жарамайды. Ұят. Әлгі "мал құлағы саңырау" деп барып айтылатынның өзі.
Кітапқа келсек, оны бала-шағаның көзіне көрсетпей, қолына бермей, жасырып ұстаймыз. Аңшы мылтығын рұқсатпен алып, тіркеткен соң, оны сейфте сақтауға міндетті емес пе? Сол сияқты бұл кітап бар, бірақ оны сейф болмаса да, өзгенің қолы жетпес жерге қойып отырамыз.
Осындай жағдайда әлеуметтік желі арқылы оңтүстіктегі әйелдің "боқтық букеті" жетті. Кешікпей оның кім, қандай жұмыс істегені жайындағы ақпараттың таудай толқыны санамыздың жағалауын тынымсыз ұрғыласын келіп. Алдымен айыптау басым болды. Қарсы уәж айтып, ақтаушылар да табылды.
Әйелдің талайды шындық табасына шыжғырып, өзі тұратын ауданда билік тізгінін ұстағандардың екі аяғын бір етікке тығып жүргені туралы оқыдық. Боқтықтың оған қысым жасалған, өзінің ғана емес, көліктегі төрт баласының өміріне қолдан қатер ұйымдастырылған кезде айтылғанын білдік.
Бұл әйел қысталаң кезде осылай боқтауға хақылы ма, жоқ па, оған төреші бола алмаймыз. Қасында тұрған жоқпыз. Автокөлігін теміржолға ығыстырып жіберген сәтті көзбен көрмедік. Оқиға өрбитін кезде басқалардың не дегенін құлақпен естімедік.
Баршаның көргені – оңтүстік аймақтағы саяси студияларының бірі ойластырған "арандату" аталатын фильмінің үзігі сияқты. Жай "үзік" емес, үздік "үзік". Сондықтан оның төңірегінде тағы бір "кино" түсіруге толығымен жарайтын дау-дамай тізбегі бсталған.
Оқи отырыңыз: Ғарыштан ғайыпқа кеткен
Торта мен орта
Белгілі журналист Ермұрат Бапи аузынан бейпіл сөз шыққан әйелмен бірнеше сағаттық сұқбаттан кейін оны осылай боқтауға жеткізген жәйттерді жазды. Кейіпкердің айтқаны рас болса, ол бір ауданда "үріп ұрттап, шайқап ішіп" жүргендермен бітіспес күрес жүргізген. Мынау сол күрестегі екінші жақтың әдейі ұйымдастырғаны. Арқадан пышақ ұрғаны. Ермұрат дос осылай пайымдапты.
Әйелді жан-дәрмен жағдайға түсірген қастандық расымен жасалса, оны құқық қорғау органдары тергейтін шығар. Бірақ, кемінде автокөлікте отырған төрт баланы тәрбиелейтін ана неге бұлай былапыт сөйлейді? Бізді осы тұсы ойландырған.
Бірден ойға келетіні – отыз жыл қалыптасқан орта осындай. Бізде билік пен бұқара атты екі қатпар бар. Олардың арасында еш үйлесім жоқ, бір-бірін жалғап тұратын өзек немесе жіп қалмаған. Биліктің тілі бұқарадан бөлек. Онда тіпті, сөйлеп қажеті шамалы. Сөйлесе бітті, бүлдіретіндерін біледі. Талайының содан аузы күйген. Биліктің тілі – ақша. Онда ақша сөйлейді. Алдымен доллар түрінде ғана сөйлейтін. Мемлекет басшысы, иә ол кісі қазір Қауіпсіздік кеңесінің төрғасы ғой, "ештеңені доллармен есептеуші болмаңдар" деп қатаң ескерту жасағалы бері биліктің тілі ұлттық валютаға көшкен. Бұлар – қоғамның "тортасы".
Ал "ортаның" тілі – боқтық болғалы не заман. Қала ішіндегі немесе қала арасындағы таксиге отырыңыз да жүргізушіні тыңдаңыз. Немесе базарға барып, сауда жасаушы мен арба айдаушыға құлақ түріңіз. Екі сөзінің бірі боқтық болмаса, бізге келіңіз. Оны екі жыл бұрын ел астанасынан Алматыға дейін шымкенттік нөмірі бар "Спринтер" автобусына отырамыз деп өз құлағымызбен 20 сағат бойы естігенбіз. Әлеуметтік желіге сериал сияқтандырып жазғанбыз да.
Демек, "тортаның" астыртын иек қағуымен өзінің автокөлігін теміржол рельсіне ығыстырып жіберген жігіттерге кейіпкер әйел "ортаның" тілінде сөйлеуге мәжбүр. Түсінікті болу үшін. Өйткені, бізде "айналайындар-ау, бұларың не?" деген мәнер ұмыт қалғалы қашан. Оны ешкім ұғынбақ тұрмақ, тыңдамақ емес.
"Орта" неге осылай сөйлейді? Себебі, "торта" отыз жыл бойы қайдағы сағымдар мен елестерді қуумен айналысты. "2030"... "ЕҚЫҰ төриелігі"... "Дамыған отыз ел"... "Рухани жаңғыру"... "Жастар қанаты"... "Қоғамдық кеңес"... Осындай саяси науқандарға қызу ат қосқанның ешбірі кәдімгі халық тәрбиесімен айналыспады.
Керісінше, халықтың санасын, мінезін, сөзін бұзатын туындыларға тыйым болмады. Жаңағы ел астанасы мен Алматы арасында жол жүргенімізде автобуста көрсетілген фильмде болашақ күйеу бала туыстарына таныстыру үшін әкелген қалыңдық әлдеқашан болашақ қайнағасының қойнына жатып шыққаны баяндалғанда жағамызды ұстағанбыз. Басқалар қарқылдап күліп көрген.
Иә, Шымкенттен шыққан газеттердің талайы төсек қатынасын суреттеуге арналғанын кімнен жасырарсың?! Жасырған не, олар пойызда сартылдатып сатылып жататын.
"Тортаны" "ортаның" мінезі, тілі, кісілік келбеті бұзылып кеткені толғандыра қоймайды-ау. Қайта өздері соған итермелейтіндей. Тіпті Бадамнан шыққан бейпіл сөздің өзіне мән бермей, ештеңе естімегендей болып отыр. Ағаш кесілсе аттан салатын билік болашақ ұрпақтың тамырын қырқар сұмдық сөздерді шыбын шаққандай елең қылар емес. Тұрғындар неге бұлай сөйлейді, бұларды тәрбиелеу үшін қайтпек керек деп алаңдаған бір атқамінерді көрсек, қане? Президент жанындағы Қоғамдық кеңес үшін талқыға салар тақырып дәл осы болуы керек еді.
Әдейілеп телефонға жазылып, желді күнгі өрттей тараған ашулы әрі былағат сөздер біз үшін айна іспетті. Қоғамның қандай екенінің айнасы. Тұтас қоғам демесек те, оның "торта" емес, "орта" тұсының айнасы осындай.
Қазақта бұрын "бетің қисық болса, айнаға өкпелеме" деген сөз айтылатын. Қазір оны ешкім айтпайды. Жалғыз адам емес, бүкіл биліктің беті қисық болғанынан ба?! Мәселе бір әйелді түзеу емес, бүкіл қоғамды түзетуде жатқанын түсінетін "тортасы" жоқ елміз. Әттең!
Оқи отырыңыз: Биік үйлердегі бейнелер
Жала мен пана
Бұрын қандай едік? Оның да айнасы болған. Кітаптарды ақтарсаңыз, мысалдарын табудың қиындығы жоқ. Өзіміз оқыған екі оқиғамен шектелейік.
Жалпы, адам кез-келген сәтте соған лайық сөзді айтуға әзір болуы керек. Тәрбие, білім, көргенді көңілге түю, айналадағы құбылыстарды ойға тоқып жүру арқылы дайындаласың. Ең қысталаң жерде ең қажеттіні істеу мен айту – әркімнің өткені мен ертеңінен хабар бермек. "Мен сенің қандай адам екеніңді машина қағып кеткен иттің қасына тоқтар-тоқтамасыңнан білемін" деген сипаттағы өлең бар Қадыр Мырза Әлиде. Қажет жерде қажет сөзді айта алмасаң, өте өкінішті. Оны Шахановтан табасың:
Кеткен шақта әділдік заңға айналып,
Ақты қара деп айту қандай набыт.
Үнсіз қалдым. Өзіңді нақ сол сәтте
Ақтап алар дәлелім болмай қалып.
Енді өзіміз оқып, көңілге тоқыған екі оқиғаны айталық. Біріншісін жазушы Әлжаппар Әбішевтің 2007 жылы шыққан "Айтпай кетті демесін арттағылар" атты кітабынан оқыдық. Онда болашақ жазушы аудандық комсомол комитетінде қызметте жүргенде өзі комиссия болып барған екі ауылдағы малды кәмпескеден алып қаламын деп бюро жиналысына түскенін еске алады. Жиналыста комсомол қатарынан шығарылса, әрі қарай кезекті репрессия тұсында 1937 жылы атылып кетері анық. Тағдыры таразыға түскен сәтте Әлжаппарды бұған дейін өзі танымайтын, ауданға кадр жағынан көмек үшін жіберілген, атқару комитетіне жауапты хатшы болып тағайындалған Тілеш Шойынбаев жазалаудың қисынсыз екенін айтып қорғап қалған.
Шойынбаевқа аяқ астынан өзіне таныс емес адам мен мәселе бойынша сөйлеуге тура келді. Бірақ, оған дейін Томск университетін аяқтамаса да, бірер жыл оқығаны, жергілікті жағдаймен танысып үлгергені сияқты жинаған жүктері ең қажет сәтте ең қажетті сөзді айтуға мүмкіндік берді. Бұл ой-сана іргетасының мықтылығынан. Сөйтіп қазақтың болашақ жазушысын жаладан құтқарып, пана болды. Егер ол ашуланып, ызаға булықса, сөзінің арасында боқтық кетіп қалса, онда пайдадан гөрі зиян көп болар еді.
Енді ойымызға жазушы Әзілхан Нұршайықовтың бастан кешкенін түсірейік. Оның мәселесі тіпті, Орталық Комитет бюросында қаралған. Бұл туралы "Мен және менің замандастарым" атты естелік кітабында жан-жақты жазып кеткен.
Бюроға мәселе әлбетте, жаламен жеткізілген. Ағамыздың қой аузынан шөп алмас момындығын, қара қылды қақ жаратын әділдігін бүкіл халық білуі керек. Бюрода жаланың қисынсыздығын, өзінің еш кінәсі жоқтығын айтайын дегенде сол тұста Қазақстанда екінші Құдай болып тұрған Соломенцев сөйлетпей қояды. Басқалар да балақтан тістеп жатыр.
Жазушыны тура жар басынан құлататын кезде ең қажетті сөз айтылыпты. Оны айтқан әдебиетке еш қатысы жоқ, өнеркәсіп, яғни фабрика-зауыттар мәселесімен айналысатын хатшы Рақымәлі Байғалиев екен.
Идеологияға жауапты тұлғалар, әдебиетті біледі дейтіндер арадай талап жатқан бюрода өнеркәсіп жөніндегі хатшы ғана Әзілханды қорғап сөйлеген. Сол байсалды сөзімен "партиядан шығарылсын" деген дайын шешімді өзгертіп, оны қатаң сөгіске ауыстыра алған. Жазушының болашағын сақтап қалған.
Ал зерттеп қараңыз: бұл күнде аты көп аталмайтын Рақымәлі Байғалиев жетім өскен. Балалар үйінде тәрбиеленген. Москвада Түсті металдар мен алтын иснтитутында оқыған. Түсті металл өндіретін зауыттарда қызмет еткен. Осының түгелі орыс тілділердің ортасы еді.
Майданға қатысқан. Капитан шенінде инженерлік-саперлік бригаданың құрамында соғысқан. Соғыстан соң Теміртау қалалық, Қарағанды обылстық партия комитеттерінде өнеркәсіп саласын басқарған. Республиканың Жоспарлау комитетінде орынбасар болған. Қай жағынан зерттесеңіз де, әдебиетке үш қайнаса, сорпасы қосылмайтын адам ғой.
Бірақ, керек кезде керек сөзді айтқан. Сол арқылы кейін атақты "Махаббат, қызық мол жылдарды", "Ақиқат пен аңызды" жазатын қаламгердің тағдырына араша түсе алған. Бұл да адамның ішкі дайындығы дегенді білдіреді.
Оқи отырыңыз: Тасқа таңбаланбаған аң
Қақпан мен қапқан
Ертекте қотыр тай деген бар. Әлгі түсінде үнемі қасқыр көретін баланы құтқару үшін алып қашатын жас жылқы. Тай болса да, қаншама күн қасқырдың сырттанына жеткізбейді ғой.
Әркім осындай қотыр тай болуы керек деп ойлаймыз. Қашан саған сынақ келгенше сыр алдырмауға тиіссің. Топ ішінде қотыр тай сияқты болып жүре бер. Ал кім екеніңді сынақ сәтінде көрсетесің. Айды аспанға шығарасың. Ешкім күтпеген ерлік жасай аласың.
Сындарлы шақта ауыздан шығатын сөз осы қотыр тайдың шабысы сияқтанады бізге. Кім екенің сондай кезде бірден танылмақ. Оған дейінгі бағаның бәрі алдамшы. Ертекте де ешкім қотыр тайды менсінбейтін.
Бадам өңірінде басталып бүкіл республикаға жайылған оқиғада ашынған қарындас мінез жағынан қотыр тай сияқты өзін-өзі шыңдағанын байқатқан. Бірақ, тіл жағынан емес.
Әрине, өмір ертектен өзгеше. Ертекте сипатталатын жағдай көбінесе сәтті аяқталады. Ондағы кейіпкерлердің кейінгі тіршілігі бақытты да баянды.
Өмірде басқаша. Әр текті адамдармен әр қилы әңгіме болмақ. Мақтау мен боқтау арасындағы мың сан жағдайға дайын жүрсең ғана сөзге құралатын талас пен тартыста жеңіп шығасың.
Бірнеше күн әлеуметтік желі мен сайттарда жүрген қызу көкпарға қатысты ойымыз – осындай. Салымды қай жағы әкеткені бізге қызық емес. Бұл бәрібір жеңісі жоқ, біреу біреуге жеңістік бермейтін дода екені соқырға да түсінікті.
Егер ашынған әйел қаны қайнап тұрса да, байыпты тіл қатқанда оның көлігін темір жолға ығыстырып, апатқа ұшырату әрекеті Бадамнан бері аспай қалар еді. Әттең, аузынан небір былатып сөз шығарып, ол өзін құрулы қақпанға түсірді. Енді жаралы қасқырдай алас ұрғанымен, қаптаған қалың қиқушыдан құтыла алар ма?! Қуғыншылар арашашы Ермұраттың өзін арадай талап жатыр.
Қазіргі қоғамда кімге де болсын құрылған қақпан, қағылған аран бар. Бұл – Қазақстан, қарағым. Ерегесіп, тартысып жүргендер тұрмақ, әзілдесіп, араласып жүргеннің талайы саған ор қазып, оған қазық қағып кетуге бейім.
Сол қақпан аяқтан қапқан, аран кеудеден шабақтаған сәтте ауыздан шығар сөзге абай бол. Қақпан мен араннан жараланғанмен шығып кетесің. Уақыт жараны жазады, қастандықты ұмыттырады. Ал отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге жайылғанымен қоймай, отыз жыл алдыңызды орайды да тұрады. Оған қалай мәжбүр еткенін енді ешкім ескермейді.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.