Қазақстанда, оның ішінде жастар арасында бір-бірінің өмір сүру салтына, әлеуметтік, нәсілдік, этникалық, тілдік, діни ерекшеліктеріне қатысты кемсітушіліктер болмауы керек деп санаймын. Қандай да бір шектеу мен кемсіту әрекеттері қоғамдық келісім мен тұрақтылықты бұзады. "Бөлшекте де, билей бер" саясатын ұстанып отырған сыртқы күштердің жемтігіне айналдырады.
Еліміздегі мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Оның жоғары мәртебесі дау туғызбайды. Алайда оны меңгере алмай немесе қасақана меңгермей отырған топтармен шиеленіске келу мәселені шешпейді. Әрине, бірінші кезекте құзырлы органдар заңның орындалуын қамтамасыз етуі қажет. Тілге қатысты барлық мәселелер, ең алдымен, заңның аясында шешілуі тиіс.
Оқи отырыңыз: Қазақ тілі қайтсек қажет тіл болады? Сараптама
Сондай-ақ азаматтық қоғам тарапынан тіл жанашырлары, соның ішінде жастардың өкілдері қазақ тілін жанжалдың тілі емес, жасампаздықтың тіліне айналдыруға басымдық беруі маңызды. Түрлі челлендждер ұйымдастырайық, білмей жатқандарға көмек көрсетейік, қолдау жасайық. Ең бастысы, бұл әрекеттер шынайы жанашырлықпен және жүйелі жасалғаны жөн. Сонда тұрғындар арасында тілімізге қатысты позитивті эмоциялар қалыптасып, оны меңгеруге деген қызығушылық та артатын болады.
Барлығымыз бір шаңырақ астында отырған бір үйдің адамдарымыз. Қай-қайсымыз болмасын, үйіміздегі жақынымыздың бірі қиналып жатса, көмекке келеміз ғой?! Сол сияқты "Қазақстан" деген ортақ үйімізде бір-бірімізге қолдау көрсетуіміз ынтымағымызды одан бетер арттырады.
2006 жылы Елбасымен кездескен Оңтүстік Кореяның премьер-министрі қиын-қыстау заманда кәрістердің жанын сақтап қалып, қорған болған қазақ халқына ерекше алғысын білдірген еді. Сол кезде Елбасы оған: "Алғыс айтпай-ақ қойсаңыз болады, себебі олар сіздің кәрістер емес, біздің қандас азаматтарымыз" деп жауап берген болатын.
Оқи отырыңыз: Трендке айналған сленг. Жастар тілінің шұбарлануынан қазақ тілі қағажу көріп отыр ма?
Біз 2 724 902 шақырым аумағы бар қасиетті мекенде ортақ тағдыр, ортақ тілек, ортақ мемлекеттік тіл мен мәдениет негізінде бас қосқан 19 миллион мүшесі бар Қазақстан деген үлкен отбасымыз.
Әрине, отбасында да әртүрлі адамдардың болатыны заңдылық. Өзін қонақ ретінде сезінетіндер де жоқ емес. Алайда ондай адамдарға ренжіп, шаңырағымызды шайқалтпайық! Өз үйінде отырып, қонағына "мынау менің шаңырағым!" деп айқайлап қайталай беретін адам – өз-өзіне сенімсіз, өзіне өзгенің көзімен баға беретін жалтақ адам.
Тілге, ұлтқа, дінге қатысты нәзік мәселелерді жасампаздықпен, шиеленіссіз жолдармен шешкен абзал!
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.