Бәрі ниеттен. Шын ниеттенген адам 30 жылдың 365 күнінде күніне бір сөзден жаттаса да 10 950 сөз үйренгендей екен. Ғалымдардың айтуынша және тілді меңгеруін деңгейлеп тестілеу талабы бойынша, 5 мың сөз үйренген адам (С1 деңгейінде) еркін сөйлеп, жаза алатын деңгейді игереді екен. Олай болса, 30 жылдың 365 күнінде күніне бір сөзден жаттаса, тәуелсіздік алған 30 жыл бойы Кеңес үкіметі кезінде орысша оқығанын сылтау етіп келе жатқан кейбір азаматтарымыз сөйлемек түгілі, қазақша өлең жаза алатын жағдайға жеткендей екен. Президент айтқандай, бәрі ниетте сияқты...
Әрине, 30 жылда ұрпақ алмасты. Жастар тәрбиеленіп жатыр. Мемлекет олардың да тіл үйренуіне ерекше көңіл аударып келеді. Олардың мектепте 1-сыныптан бастап қазақ тілін 11 жыл оқитынын ескерсек, Тәуелсіздік ұрпақтарының мемлекеттік тілді меңгеріп шығуы керек еді. Тіпті, жоғарыдағыдай қарапайым есеппен, 365 күнде бір сөзден үйренсе де 11 жылда 4 015 сөз (В2 деңгейінде) үйреніп, тілді терең меңгергендер қатарына қосылғандай екен. Әрине, мектеп бітірген жастар тілді кәдімгідей игеріп шығып та жатыр. Оны жоққа шығармаймыз. Бірақ солардың бәрі еркін сөйлеп, жаза алатындай деңгейде десек, өтірік болар еді...
Бұған не себеп? Неліктен азаматтар ағылшын, француз, тағы басқа шетел тілін 3-6 ай көлемінде-ақ меңгеріп алады? Неліктен қазақ тілін меңгеруге келгенде жылдап оқыса да оқуы қонбайды? Мүмкін мәселе тіл үйрету әдістемесінде шығар?
Осы орайда Білім және ғылым министрі арнайы талқылау өткізіп, тілді оқытудың жаңа әдістемесін жасап, енгізу туралы тапсырма бергенін айта кетуіміз керек. Яғни "Қазақ тілі", "Қазақ әдебиеті" және "Қазақ тілі мен әдебиеті" пәндерінің оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендерін дайындау қолға алынады. Бұл – қазақша оқымайтын мектеп баласының қазақ тілін еркін меңгеріп шығуына ықпал етеді деп сенеміз.
Тіл үйрену әдістемесін өзгерту мәселесі ересектерге де қажет. Тіл комитеті бұл орайда да бірқатар кешенді жұмыстар атқарып келеді және тағы бірқатар жаңа жобаларды қолға алды. Алдағы уақытта бұл туралы кеңейтілген ақпарат ұсынатын боламыз.
Байқасаңыз, кейде әлеуметтік желіде "Тіл үйренуіңізге не кедергі?" деген сұраққа кейбір азаматтар "Қажетті әдістемелер, әсіресе электронды сайттар мен мобильдік қосымшалар жоқ, тілді меңгеруге жағдай туғызылмаған" деген уәж айтып жатады. Шын мәнінде, мемлекетіміз тіл үйренем деген адамға бар мүмкіндік туғызып келеді. Оқу-әдістемелік құралдар да жеткілікті. Өңірлерде 110-нан аса мемлекеттік, 600-дей жеке тіл оқыту орталықтары жыл сайын неше мыңдаған адамға тіл үйретіп жатыр. Тек 2020 жылдың өзінде ғана 81 624 адам, ал соңғы 10 жыл ішінде 595 278 адам қазақ тілін үйреніп шықты. Яғни "тілді меңгеруге жағдай жасалмаған" деген бос сөз. Тіл комитетінің тіл үйретуге, жалпы тілдің қолданыс аясын кеңейтуге, халықтың жаппай сауаттылығын арттыруға бағытталған 13 сайты бар. Оның қаралымы да әжептәуір.
Мәселе оны екінің бірі біле бермейтіндігінде болуы мүмкін. Таныта алмай жатқан шығармыз. Қазіргі уақытта қазақ тілін үйренуге ынталы азаматтар үшін осы сайттарды кеңінен танымал ету барысында да жұмыс жүргізіліп жатыр. Орыстілді аудиторияға арналған таныстыру ақпараттары да үздіксіз беріліп отыр. Төменде осы сайттардың негізгілерін назарларыңызға тағы да ұсынайық.
№1. Til Qural порталы
Қаралым – 27 240.
Til-qural порталы – қазақ тілін оқытуға арналған тегін веб-сервис. Қызмет tilqural.kz адресі бойынша табасыз, сондай-ақ iOS және Android платформаларына арналған мобильді қосымшалардан жүктеп алуға болады. Тіркелгеннен кейін пайдаланушы қазақ тілін меңгеру деңгейін анықтау үшін тестілеуден өтеді. Сынақ нәтижесі бойынша жүйе оқу курсын ұсынады (5 деңгейдің біреуі). Портал пайдаланушылары латын графикасы негізіндегі қазақ тілінің әліпбиі мен жаңа емле ережесін үйрену, жазу және оқу дағдыларын қалыптастыруға арналған курсынан өте алады.
№2. Tilmedia сайты
Қаралым – 132 737.
2017 жылы құрылған Tilmedia.kz сайтындағы қызықты және тиімді тәсілдер арқылы қазақ тілін үйренуге болады. Сайт жұмысы мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерін насихаттауға, олардың қолданылу аясы мен әдістемесін кеңейтуге бағытталған. Тілдерді оқыту әдістемесі аудио және бейне мазмұнға негізделген. Сайтта латын және араб графикасы қарастырылған. Сайт "Ақпарат", "Қара", "Тыңда", "Оқы", "Сұрақ-жауап" атты 5 блогтан тұрады.
№3. Bala tili сайты
Қаралым – 438 392.
Вalatili.kz сайты қазақ тілін оқып, дамытқысы келетін, үш жастан асқан балаларға, сонымен қатар бала тәрбиесі мен оқытуды жүзеге асырушы тәрбиешілер мен мұғалімдерге, ата- аналарға арналады. Сайт интуитивті іздеу жүйесі мен ыңғайлы навигация жүйесі бар онлайн платформа негізінде жұмыс істейді. Сайтта дыбыс пен әріп, сөз, сөз тіркесі, сөйлем, мәтін, тұрақты сөз тіркестеріне қатысты дидактикалық оқу материалдары, сонымен бірге балалардың тілдік, жазу және көркем жазу, оқу дағдыларын қалыптастыру мақсатындағы оқыту материалдары қамтылады.
Қазақ әріптерінің жазылуынан бастап қазақ тілінің грамматикасы мен орфографиясын меңгеруге қатысты материалдар, соның ішінде интерактивті әліппе, жас ерекшеліктеріне сәйкес аудиодиктанттар, интерактивті ойындар, тапсырмалар, каллиграфиялық дағдыларды дамытуға арналған бастырмалар топтастырылады. Қазақ тіліне ғана тән ерекше атаулар мен сөз тіркестеріне қатысты семантикалық түсіндірмелері беріледі. Тұрақты сөз тіркестерінің мазмұнына назар аударылып, оларды қолдану ерекшеліктеріне қатысты интерактивті ойындар ұсынылады.
Балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес оқуға арналған көркем мәтіндер, соның ішінде қызықты әңгімелер, тақырыптық өлеңдер, интерактивке негізделіп жасалған жаңылтпаштар, жұмбақтар мен мақал-мәтелдер топтастырылады. Сонымен қатар ұсынылатын мәтіннің мазмұнын түсініп, мазмұндауға, мазмұндаманы жазуға, тірек сөздер арқылы әңгіме құрастырып, өз ойын қалыптастыруға көмектесетін арнайы тапсырмалар әзірленеді. Жалпы лингвистикалық мәселелерге қатысты, балалардың ой-өрісі мен сөз байлығының дамуына, азамат ретінде қалыптасуына, тәрбиеге қатысты арнайы мамандардың мақалалары, ғылыми еңбектері, сонымен қатар балабақша мен бастауыш сыныбының мұғалімдеріне көмекші құралдар, сабақ жоспарлары жарияланып отырады.
№4. "Абай институты" порталы
Қаралым – 32 390.
Abai.Іnstitute порталының интерфейсі 6 тілде (орыс, ағылшын, түрік, неміс, француз, парсы тілдері) берілген. Қазақстан азаматтары, шетелдегі қандастар, өзге ұлт өкілдері, шетел азаматтары қолдануға арналған. Тұрақты тіркелген қолданушы: 83 тіл үйренуші. Қолданушы – 1 148 адам. Порталдағы "Қазақша үйрену" web-қосымшасы – қазақ тілін ағылшын, француз, неміс, орыс, түрік тілдерінде оқуға мүмкіндік беретін портал.
№5. Termincom терминологиялық электронды базасы
Қаралым – 1 775 650.
Termincom.kz электрондық сайты "Бекітілген терминдер", "Терминдер хронологиясы", "Қолданыстағы салалық терминдер", "Ойталқы", "Құқықтық-нормативтік база", "Ғылыми-әдіcтемелік негіздер" және "Іздеу" блоктарынан тұрады.
№6. Emle қазақ тілінің орфографиялық электрондық базасы
Қаралым – 1 200 000.
Emle.kz сайты қазақша дұрыс жазу, сөзді дұрыс айту, жұртшылықтың тіл мәдениетін көтеру мақсатында құрылды. Сайттың "Әдеби тіл нормалары" блогында сөз сазы, оның көркем әдебиет пен өмірдегі маңызы, ережелері мен қағидалары берілсе, "Орфография" блогында сөздердің дұрыс жазылу ережелері беріледі. Сондай-ақ кірме сөздер мен терминдік мәнге ие сөздердің бұрынғы және қазіргі жазылу барысындағы айырмашылықтары салыстырмалы түрде көрсетіледі.
"Пунктуация" блогында тыныс белгілердің қойылу ретіне байланысты ережелер енгізілсе, "Аббревиатура" блогында қысқарған сөздер, олардың толық атаулары, қысқарылу реті, атаулар мен сөздерді қысқарту барысында басшылыққа алынатын қағидалар мен сүйенетін заңдылықтар келтіріледі.
"Мақалалар" блогында ғалымдардың осы сала негізінде жазылған ғылыми мақалалары беріледі. Әрбір мақаладан кейін пікір қалдыратын орын болады. Сол арқылы оқырман автордың өзіне, мақаласына қатысты сұрақтар қойып, жауап алады. Оқырман онлайн режимінде орфографияға қатысты туындаған сұрақтарын қоя алады.
№7. "Тіл әлемі" порталы
Қаралым – 3 862 916.
"Тіл әлемі" порталы тілдің әлеуметтік, қоғамдық құбылыс ретіндегі қызметін мейлінше толық қамтиды.
№8. "Сөздік қор" порталы
Қаралым – 1 002 000.
Сөздікқор порталына – 60-қа жуық әртүрлі салалық сөздіктер мен энциклопедиялар таңдап алынды. Атап айтқанда, Қазақ әдеби тілінің 15 томдығы, Абай тілі сөздігі, Ахмет Байтұрсынұлы энциклопедиясы, қазақ тілінің синонимдерінің сөздігі, қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі және т.б. Қазіргі таңда портал қорына 300 мыңға жуық сөз кірді. "Сөздікқор" порталының мобильді қосымшасын Goolge Play және App Store-дан жүктеуге болады. Порталдың @Sozdikqor.kz telegram-бот қосымшасы іске қосылған.
№9. Qujat құжат айналымының электронды базасы
Қаралым – 82 875.
www.qujat.kz сайтында ісқағаздар күнделікті қолдануға қарай 2-ге бөлінген: кеңсе құжаттары және кадр құжаттары. Сайтта Қазақстан Республикасында қолданылатын барлық құжаттар екі папкаға жинақталған, әрі қарай құжаттардың жеке үлгілері берілген. Сайтта құжаттарды іздеудің 3 түрі ұсынылған: жүйелі іздеу түрі, құжат атауын жазу арқылы іздеу және әріп арқылы іздеу. Базада барлығы (орысша-қазақша) екі жүзден аса құжат үлгісі бар.
№10. Qazlatyn сайты
Қаралым – 152 067.
Qazlatyn.kz – латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін насихаттауға бағытталған ұлттық портал. Көпфункционалды конвертердің ішкі ядросы (кодтары) әлемдік уеб-сервис Яндекс аудармашыға орналастырылып, қазіргі таңда "казахский (латиница)" деген жазумен халықаралық деңгейдегі тілдер қатарына қосылды.
№11. Qazlatyn.kz конвертері
Қаралым – 1 531 453.
Бағдарлама жалпы көпшілікке латын әліпбиіне көшудің алғашқы кезеңдерінде дайын материалдарды латын әріптеріне жылдам, қатесіз көшіруді жүзеге асыратын көмекші құрал ретінде ұсынылады.
Тіл үйренемін деген адамға аталған сайттар мен порталдар, электронды мобильдік қосымшалар шынайы көмекші бола алады. Бүгінгі күнде жұрт тілді баяғыдай том-том кітап арқалап, оқытушылардың алдына барып жүріп үйренуден кетіп барады. Цифрлану заманының адамы тіл үйрететін әдістемелік кітап түгілі, компьютерге де жүгіне бермейді. Бәрі қолындағы телефонға, яғни гаджеттерге көшті. Сол гаджетке жоғарыдағы тіл үйреткіш сайттар мен порталдардың мобильдік қосымшаларын жазып алады да, аудио, видео материалдар, сабақтар арқылы ешкімнің көмегінсіз-ақ үйрене береді. Заман көшінен кеш қалмас үшін біз де тіл үйретуде қазақ қоғамын электронды оқу-әдістемелік құралдарды дамыту мен оны белсенді пайдалануға бейімдеуіміз қажет.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.