"Қазгидромет" мәліметінше, шілде айының бірінші онкүндігінің соңы мен екінші онкүндігінің басында ауа температурасы қайтадан көтеріліп, республиканың басым бөлігінде ыстық болады. Осы орайда №2 емхананың жалпы практикалық дәрігері Ерназ Баритов аптап ыстықтан қорғану жолдарын түсіндірді.
Шілде айына болжам
Синоптиктердің мәліметінше, шілде айының бірінші онкүндігінде Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы тұрақсыз болады. Солтүстік-батыс, солтүстік және оңтүстік-шығыстағы таулы аудандарда қатты жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Ал елдің оңтүстік бөлігінде шаңды дауыл тұрады.
Бірінші онкүндікте аптап ыстықтың басылуы:
- солтүстік пен шығыста түнде: +10, +15°С, күндіз +18, +28°С дейін;
- республиканың орталығында түнде: +10, +18°С, күндіз +22, +28°С дейін;
- оңтүстік-шығыста түнде: +15, +20°С, күндіз +22, +30°С дейін;
- батыс пен оңтүстікте ауа температурасы түнде: +12, +17°С-тан +20, +28°С-қа дейін;
- күндіз +27, +32°С-тан +35, +43°С-қа дейін жоғарылайды.
"Бірінші оңкүндіктің соңы мен екінші онкүндіктің басында республиканың басым бөлігінде ыстық болады. Артынша аз уақыт қатты жел болып, бұршақ аралас жаңбыр жауады. Сондай-ақ шаңды дауыл тұрып, күн салқындай түседі", – делінген хабарламада.
Оқи отырыңыз: Инсульт алғандардың 70 пайызы мүгедек боп қалады. Бұған қалай жол бермеуге болады
Ауа температурасының құбылуы:
- еліміздің батысында түнде +15, +22°С-тан +19, +25°С-қа дейін, күндіз +28, +33°С-тан +33, +38°С-қа дейін;
- солтүстік, орталық және шығыста түнде +7, +17°С-тан +15, +23°С-қа дейін, күндіз +17, +27°С-тан +30, +37°С-қа дейін;
- оңтүстік және оңтүстік-батыста түнде +14, +23°С-тан +20, +28°С-қа дейін, күндіз +30, +36°С-тан +35, +43°С-қа дейін;
- оңтүстік-шығыста түнде +10, +18°С-тан +17, +25°С-қа дейін, күндіз +25, +36°С-тан +33, +40°С-қа дейін.
№2 емхананың жалпы практикалық дәрігері Ерназ Баритов биыл жазда аптап ыстық болмаса да, салыстырмалы түрде өзге маусымдарға қарағанда әлдеқайда ауа температурасы жоғары болатындықтан, сақтық амалдарының артық болмайтынын айтады. Дәрігердің айтуынша, ауа температурасының жоғарылауы белгілі бір топтағы адамдар үшін қауіпті болуы мүмкін.
"Тәуекел тобына бірінші кезекте егде жастағы адамдар кіреді. Жас қосылған сайын дененің терморегуляция қабілеті төмендейтіндіктен, егде жастағы адамдар үшін күн ыстық кезде жүру қауіпті. Ата-әжелерде жүрек-қантамырлары мен тыныс алу жүйесімен байланысты созылмалы аурулар жиі кездеседі. Ал бұл аурулар ауа температурасы жоғары болған кезде асқынуы мүмкін", – деді дәрігер.
Оқи отырыңыз: Ішімдік пен темекіге әуестер неге емделуге асықпайды? Психиатр дәрігермен сұхбат
Мұнымен қатар Ерназ Баритов балалар мен сәбилердің де осал топқа кіретінін айтады. Себебі оларда терморегуляция механизмі әлі толық дамымаған. Осының себебінен температураның өзгеруіне сезімтал болып келеді. Нәрестелер әсіресе сусыздану және ыстық соғу қаупіне жиі ұшырайды.
"Бұл санатқа созылмалы аурулары бар адамдар да кіреді. Мысалы жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті, тыныс алу органдарының аурулары және басқа да созылмалы аурулары бар науқастар ыстық ауа райында асқыну қаупіне көбірек ұшырайды. Жоғары температура симптомдарды, жалпы денсаулықты нашарлатуы мүмкін. Сондай-ақ жүкті әйелдерде сусыздану және күйзеліске түсу қаупі жоғары болады. Сол себепті аталған топтағы адамдар сусыздануды болдырмау үшін суды жеткілікті мөлшерде ішкені абзал. Шамамен 11:00-ден 16:00-ге дейін көп жүрмей, жеңіл әрі бос тұратын киім кигені пайдалы. Қызып кетуді болдырмау үшін мақта немесе зығыр сияқты табиғи матадан жасалған киім киюге болады. Бұдан өзге теріңізді зиянды ультракүлгін сәулелерден қорғау үшін қалпақ, күннен қорғайтын көзілдірік және жоғары SPF крем жағыңыз", – деді Ерназ Баритов.
Дәрігердің айтуынша, осы қарапайым нұсқаулық көптеген аурудың алдын алуға көмектеседі.