Болжамдарға сәйкес, 2045 жылға қарай олардың саны 783 миллионға дейін артады. Қазақстанда 400 мыңнан астам азамат бұл дертке шалдыққан, науқастар саны жыл сайын орта есеппен 20 мыңға көбейіп келеді.
Басты фактор – физикалық белсенділіктің аздығы, дұрыс тамақтанбау, семіздік және күйзеліс. Оның үстіне, әрбір екінші адам ауруға шалдыққанын білмейді. Көбісі аурудың белгілеріне назар аудармайды.
Аурудың қандай белгілері алаңдаушылық тудыруы керек?
- Шөлдеу және ауыздың құрғауы. Күніне 3-5 литрға дейін сұйықтық ішу.
- Тәбет жақсы бола тұра салмақтың күрт азаюы.
- Зәр шығарудың жиілеуі және көп болуы.
- Ашушаңдық, үнемі шаршау, әлсіздік және ұйқышылдық.
- Аяқ-қолдың ұюы, саусақтардың шаншуы.
- Кенеттен жүрек айну және құсу.
- Жараның нашар жазылуы.
- Терінің қышуы.
- Көру қабілетінің нашарлауы.
Оқи отырыңыз: Отандық ғалымдар қант диабетінің асқынуларын қашықтан диагностикалау жүйесін әзірледі
Қант диабетінің І және ІІ түрі немен ерекшеленеді?
"Қант диабеті – бұл инсулин гормонының жетіспеушілігінен дамитын эндокриндік аурулар тобы, нәтижесінде гипергликемия – қандағы глюкозаның тұрақты өсуі пайда болады. Бұл метаболизмнің барлық түрлерінің бұзылуымен сипатталатын созылмалы ауру. Екі негізгі түрі бар, олардың әрқайсысы жеке тәсілді қажет етеді", – дейді Алматыдағы №6 емхананың жалпы практика дәрігері Бейбіт Пайзулла.
- Қант диабетінің І түрінде ұйқы безі ағзаның қантты сіңіруіне жауап беретін инсулин шығара алмайды. Сондықтан оны инсулинге тәуелді түрі деп те атайды. Әдетте, аурудың бұл түрі балалар мен 30 жасқа дейінгі адамдарда анықталады.
- Қант диабетінің ІІ түрінде организм өндірілген инсулинді тиімді пайдалана алмайды. Ересек науқастардың 85-90 пайызы қант диабетінің 2-ші түрімен ауырады және бұл дерт 40 жастан асқан адамдар арасында жиі кездеседі.
Қант диабетінің І түріне қарағанда, ІІ түрі біртіндеп біліне бастайды, бұл жағдайды күрделендіре түседі. Мәселен, ұзақ уақыт бойы ауырып жүріп, дертке шалдыққаныңызды аңғармауыңыз да мүмкін.
"Қазақстанда түрлі ауруларды, соның ішінде қант диабетін анықтау үшін емханалар 40 пен 70 жас аралығындағы азаматтарды скринингке шақырады. Осындай тексеруден өткеннен кейін адам алдын ала білмеген ауруға бейімділігін анықтап, профилактикалық емдеуді бастай алады", – деп атап өтті Бейбіт Пайзулла.
Егер адам күдіктеніп немесе тұқым қуалайтын бейімділікке байланысты қант диабетін тексеруді шешсе, ол медициналық мекемедегі өзінің терапевтіне жүгінуі керек. Дәрігер тексеру өткізіп, пациенттің сынақтары қанағаттанарлықсыз болса, оны эндокринологқа жібереді, нақты диагнозды сол анықтайды.
"Қант диабетін анықтау үшін гормондарды зертханалық зерттеу және қан мен зәрді биохимиялық тексеру қажет. Сондай-ақ глюкозаға, гликозаланған гемоглобинге және фруктозаминге қан тапсыру керек. Диабеттің түрін анықтау үшін глюкозаға төзімділік сынағы қолданылады", – дейді маман.
Оқи отырыңыз: Қалай қант диабетінің алдын алуға болды? Дәрігер кеңесі
Қант диабетінің даму себептері
Қант диабеті ауруының бірнеше себебі бар. Бұл тұқым қуалайтын бейімділік, семіздіктен туындаған метаболикалық бұзылулар және физикалық белсенділіктің жетіспеуі. Бұл сондай-ақ қызамық, шешек немесе тіпті, тұмау сияқты вирустарды қоздыратын жұқпалы аурулар және ұйқы безінің аурулары болуы мүмкін.
"Негізгі шешуші фактор ауруды ерте анықтау болып табылады. Сондықтан қант диабетіне бейімділік генетикалық жолмен берілетінін есте ұстаған жөн. Егер сіздің қаны бір туыстарыңыз онымен ауырса, бұл дерт сізде де дамуы мүмкін", – дейді дәрігер.
Қант диабетінің алдын алу және дұрыс тамақтану
Көптеген жағдайларда қант диабетінің және онымен байланысты асқынулардың дамуын тұрақты физикалық белсенділік, темекі мен алкогольді тұтынудан бас тарту, дене салмағын қалыпты ұстау және дұрыс тамақтану арқылы болдырмауға болады.
"Дәрігер науқасқа күнделікті рационды тағайындағанда, оның жасына, жынысына, физикалық белсенділік деңгейіне және салмақ дәрежесіне назар аударады. Әрине, бұл ауру кезінде диеталық тамақтанудың негізгі қағидасы қантты тағамдарды шектеу және ашықпау болып табылады", – дейді Бейбіт Пайзулла.
Диабет кезінде қандағы глюкозаны қалыпты деңгейде ұстаудың екі негізгі жолы бар:
- Іс жүзінде еркін тамақтану (гликемия деңгейін жиі өлшеу, тағамдағы көмірсуларды нақты есептеу және инсулин дозасын өз бетінше түзету мүмкіндігі болуы қажет);
- Инсулин терапиясының бекітілген режимі (көмірсулардың бірдей мөлшері және физикалық белсенділік деңгейі бірдей бекітілген тамақтану режимі болуы керек).
Екі жағдайда да тамақты дұрыс "санай" білу керек. Бірінші нұсқа күрделірек, ол жас белсенді адамдарға сай келеді. Екіншісі, егде жастағы адамдар, тыныш өмір салтын ұстанатындар үшін қолайлы.
Оқи отырыңыз: №9 диета деген не және қант диабетінен қалай сақтанған дұрыс? Эндокринолог кеңестері
Қант диабетімен ауыратындарға ораза ұстауға бола ма?
Рамазан айында ораза ұстау әр мұсылманның парызы болып табылады. Әрине, денсаулығына зиян келетін жағдайда, бұл міндеттен арылатыны анық. Дегенмен, оразаны ұстау-ұстамау туралы шешімді әркім өзі қабылдайды.
Асқыну қаупі орташа немесе төмен болған кезде қант диабетімен ауыратын науқастарға ораза ұстауға рұқсат етіледі. Алайда, диетаның күрт өзгеруі және қантты төмендететін дәрілерден бас тарту естен тануға және басқа да асқынуларға әкелуі мүмкін.
Дегенмен, қант диабетімен ауыратын науқас ораза ұстауға шешім қабылдаса, мына шараларды орындауы қажет:
- Ораза басталғанға дейін 1-2 ай бұрын эндокринологтан тексеруден өтіп, қарсы көрсетілімдердің бар-жоғын анықтау;
- Қажет болса, емдеу шараларына түзету енгізу;
- Дәрігермен тамақты және суды дұрыс тұтыну мәселесін талқылау;
- Глюкоза деңгейін бақылаудың жиілігін анықтау.
Қант диабетінің ауыр асқынулары бар науқастарға жағдайдың нашарлау және гипогликемия қаупін ескере отырып, ораза ұстау ұсынылмайды.
Айта кетейік, христиан дінінде де осы санаттағы адамдарға ораза ұстау міндеттелмейді. Қант диабетімен ауыратын қауым мүшелеріне ораза ұстау туралы өз бетінше шешім қабылдауға кеңес берілмейді. Алдымен эндокринологпен кеңесу керек. Егер тамақтануға қатысты шектеулер денсаулыққа зиянын тигізуі мүмкін болса, ораза ұстаудан бас тарту қажет.