Әлем бойынша әр 13 секунд сайын бір отбасы ажырасады. Соңғы жылдары бұл көрсеткіш Қазақстанда да күрт өсті. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елде жыл сайын 140 мың жұп некесін заңдастырады, 50 мың жұп ажырасады. Яғни ажырасу үлесі жыл сайын тіркелетін некенің 35,7 пайызын құрап отыр. Ал былтыр 17,7 мың отбасының шаңырағы шайқалған.
Сондай-ақ жуырда мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қазақстандықтардың ажырасуына не себеп болып отырғанын айтты. Сарапшылардың зерттеуінше, ол – маскүнемдік пен нашақорлық, құмар ойынға тәуелділік, тұрмыстық зорлық-зомбылық, зина және ерлі-зайыпты құндылықтарының өзгеруі.
Халықаралық позитивті бағыттағы гуманитарлық "Времена" институтының түлегі, MBI коуч және психолог Назира Бурханова көбінесе ажырасуға алып келетін ұрыс пен жанжалдың неден туындайтыны және олардың бір-бірінен айырмашылығы туралы әңгімеледі. Мұнымен қатар маман жұптар арасындағы кикілжіңді қалай реттеуге болатынын айтты.
Ұрысу мен жанжалдасудың айырмашылығы қандай?
"Ұрыс пен жанжал да бір жағдайды екі тараптың әртүрлі түсінуімен байланысты. Алайда ұрыс кішігірім дене жарақатына, ал жанжал ұзақ емді қажет ететін созылмалы ауруға ұқсайды. Мысалы, сүрініп құлап, қолыңызды жырып алсаңыз, бір апта, ары кетсе бір айдай күтім қажет. Ал созылмалы ауру зиянды әдеттерді ұзақ қайталау нәтижесінен туады. Оны бір күнде емдеп жаза алмайсыз. Сол сияқты адам ұрыстың неден туындағанын да ұмытып кетуі мүмкін. Ал жанжалда керісінше адам ұзақ уақыт іштей ренжіп жүреді. Әдетте ұрысардың алдында екі тарап та немесе біреуі көңілсіз болып келеді. Жұмысында қиындық туындаған болуы мүмкін, кейде кезекте тұрып басқалармен ұрысадыдегендей Мысалы, әйелі күйеуінен балаларды сабақтан кейін алып қайтуды өтінді делік. Кенеттен ер адамды жұмыста ұстап қалып, ол мектепке дер кезінде бара алмай қалады. Осындайда әйел адам алдын ала жоспарлаған шаруасын қалдырып, балаларды өзі алып қайтуға мәжбүр болады. Кейін үйге келген соң "Балаларды алып қайта алмасаң, алдын ала айтуың керек еді. Косметологқа төлеген ақшам күйді" деп ұрыса бастайды", – деді Назира Бурханова.
Оқи отырыңыз: Сіз үнемі кешігіп жүресіз бе? Прокрастинацияны жеңуге арналған 5 әдіс
Психологтың айтуынша, көңіл күй түскен кезде адам фактілерді бұрмалауға бейім келеді және жанындағы адамды естімейді.
"Кез келген отбасында мұндай ұрыс-керістер болады. Бастысы – қалай татуласу керегін білу және алда осындай жағдайға тап болғанда басқаша әрекет ету. Ұрыстан кейін екі тарап сабырға келіп, әрқайсысы өз ойын ортаға салатын болса, толық картинаны көруге болады. Мысалы, жоғарыдағы жағдайда әйел адам үй шаруасынан шаршаған болуы мүмкін, ал ер адамға әлдеқайда жоғары тұрған жетекшісі өтініш айтқан шығар. Орындамасқа амалы жоқ, бала-шағасын асырауы үшін ешкімге қарсы келе алмайды дегендей. Басқа жұмыс таба алса да, бір күнде орнын босатып кете алмайды дегендей. Бастысы іштегі шыyайы сезімді, ойды ортаға салу", – деп қосты маман.
Осы орайда Назира Бурханова ұрыстан кейін көңілде сызат қалдырмауға көмектесетін бірнеше практикалық техника туралы айтты.
"Жауапкершілік алу"
Ұрыстан кейін жүйке тозып қана қоймай, адамның ішінде кінә және өкініш сезімі пайда болады. Өзіңізді бейсаналы жазалайтындай жағдайға тап болмас үшін ұрыстың қай жерінде басқаша әрекет ете алатыныңыз туралы ойланып көріңіз. Ұрыста бір тараптың ғана кінәлі болуы мүмкін емес, өз әрекетіңізге жауапкершілік алыңыз. "Жақсы, осы жолы косметологқа бара алмадым. Ештеңке етпес, есесіне тағы бір рет баруыма ақша берерсің" немесе "Маған күнде өтініш айтып жатқан жоқ, айына бір рет косметологқа бара жатыр. Мен бұл өтінішті басқа біреуге айтуым керек еді" деген сияқты. Осылай екі тарап жауапкершілік ала бастағанда-ақ ұрыс ұмытыла бастайды. Ең бастысы серігінің қателігін мойындап тұрғанын көргенде екінші тарапта жан жарасы болмайды, сезіміне сызат түспейді. Керісінше сүйіктісіне сый-құрметі артады.
Оқи отырыңыз: Босанғаннан кейінгі депрессия. Күйзеліспен күрескен аналардың оқиғасы
"Жанартау мен тоқтам сөз"
Ашуланып, ренжіп тұрған адам әсірелеуге бейім келеді. Жоғарыдағы ситуацияны әйелі мен күйеуі мүлдем бөлек сипаттауы мүмкін. Ұрыста бір тоқтамға келуге "жанартау" техникасы жақсы көмектеседі. Менде жанартауға ұқсас арнайы құрал бар. Сол жанартаудағы батырманы қанша рет бассаңыз, жарылатынын өзіңіз белгілейсіз. Бір адам үш рет, енді екінші бір адам үшін жеті рет басқанда ол атылады. Сонда жеті рет басқанда жанартау атқылайтын адам алты рет басқанда өзін тоқтататын бір сөзді айтуы керек. Мысалы "табиғат, күн, ыстық ұя, балапан және т.б.". Яғни осы сөзді айтқан кезде екі тарап та ұрысты дереу тоқтатады. Бұл сөз артық кетіп жатқандарын білдіреді.
Сөз екі тарапқа да жақсы естелікті немесе алдағы бірге жетер арман-мақсатты еске түсіретіндей болса игі. Сол кезде татулықты бағалайды.
"Сағат техникасы"
Ашуға булыққан кезде сағатқа қараңыз.
- 00.00 – терең тыныс алыңыз;
- 03.00 – деміңізді ұстап тұрыңыз;
- 06.00 – деміңізді шығарыңыз;
- 09.00 – күлімдеңіз.
Осы циклді 7-8 рет қайталасаңыз, жеңілдеп қаласыз.
"Шынайы алғыс айту"
Кейде әйел қауымы сөйлеспей қою арқылы ренішін білдіруге тырысады. Алайда бұл бала позициясы және көптеген ер адам ымды түсінбейді. Оларға қалауды тікелей айту маңызды. Мейлі ер адам болыңыз, әйел адам болыңыз, осылай үнсіз жүре берсеңіз, барлығы іште жиналып, бір күні жанартау болып атыласыз. Мұндайда алғыс айту техникасы жақсы көмектеседі. Алайда ол екі тарап қатар атсалысқан кезде ғана жемісін береді. "Кел, татуласайық. Мен саған дауыс көтермеуім керек еді. Жүрекке тиетін сөздер айтқаным үшін кешірім сұраймын" деп ашық айтыңыз. Бұл арадағы қысымды төмендетіп қана қоймай, адамға "дұшпаны" ақ жалау ұстап шыққандай әсер сыйлайды. Қандай жағдай болмасын бастысы диалог екенін ұмытпаңыз.
Оқи отырыңыз: "Әйелім босанғанда жанында болдым". Перзентханаға серіктес болып кірген әкелердің хикаясы