Алматыда 1,7 млн жуық адам сақтандырылған. Алайда тағы 503 мың тұрғын түрлі себепке байланысты МӘМС жүйесінен сырт қалып отыр. Медициналық көмекті толыққанды пайдалану үшін қазірден бастап сақтандыру мәртебесіне ие болуды ойластырған жөн. Себебі сақтандырылған азаматтар МӘМС пакеті арқылы көптеген қызметтерді тегін пайдалана алады.
Осы орайда Информбюро порталы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Алматы қалалық филиалы сарапшыларымен бірлесе сақтандыру мәртебесінен айырылу себептері және мәртебені қалай алуға болатынын түсіндіреді.
Сақтандыру мәртебесінен айырылу себептері қандай?
1. Жалдамалы жұмысшылар
Ресми жұмыс істейтін болсаңыз жұмыс беруші тарапынан жасалған төлемдер жайлы толық ақпаратты eGov порталынан ала аласыз. Ол үшін "МӘМС туралы ақпарат" деп аталатын онлайн-қызметке кіресіз.
Бірінші мысал. Жәнібек бұл мекемеде 2022 жылдан бері еңбек етеді. Ай сайын жалақысынан салықтың барлық түрі, соның ішінде МӘМС жарнасы да ұсталады. Ендеше оның мәртебесі "сақтандырылған" болуы шарт. Бірақ мекеме есепшісі 2024 жыл басында белгілі бір себептермен оның атына екі айға жарна аудармағандықтан ол сақтандыру мәртебесінен айырылып қалды. Мұндай жағдайда жұмыс беруші сол екі айдың берешегін өтеуге тиіс.
Екінші мысал. Айгүл қазіргі жұмыс орнына 2024 жылдың қаңтарында орналасты. Яғни, МӘМС жарнасы мен аударымдары да сол кезден бастап аударыла бастады. Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы арқылы тексерген кезде ол өзінің "сақтандырылмағанын" білді. Бұған не себеп? Себебі ол жұмысқа тұрғанға дейін ешқандай жарна аудармаған болатын. Заң бойынша, жұмыс істейтін азаматтар "сақтандырылған" болуы үшін соңғы 12 айға төлем жасалған болуы тиіс. Яғни, Айгүл осы айда мәртебеге ие болу үшін былтырғы тамыз-желтоқсан айлары үшін дербес төлеуші ретінде жарна аударуға тиіс. 2023 жылға белгіленген жарна мөлшері – 3500 теңге.
Оқи отырыңыз: Қазақстандықтардың 17 пайызы МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған. Оларға медициналық қызмет көрсетіле ме
2. Азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынша еңбек ететіндер
Азаматтық-құқықтық келісімшарт (АҚК) негізінде еңбек ететіндер МӘМС жүйесіндегі мәртебесін өз бетінше қадағалап отырғаны абзал. Себебі ол үшін жарнаны салық агенті, яғни жұмыс беруші төлейді. Жарна АҚК негізінде еңбек ететін азаматтың жалақысынан ұсталады, жарна келісімшарт бойынша қызмет көрсеткен мерзім үшін ғана аударылады.
Мысал: Әлібек 2024 жылы наурыз-шілде аралығында АҚК негізінде еңбек етті. Осы уақыт ішінде салық агенті оның жалақысынан 2% ұстап Қорға аударып отырды. Бірақ "сақтандырылған" мәртебесін алу үшін өткен 12 ай ішінде жұмыс істемеген айлар үшін дербес төлеуші ретінде жарна аударуға тиіс. 2023 жылға белгіленген жарна мөлшері – 3500 теңге.
3. Жеке кәсіпкерлер
Жеке кәсіпкерлер (ЖК) арасында "ЖК нысаны табыс таппаса МӘМС жарнасын төлеудің қажеті жоқ" деген жаңсақ пікір қалыптасқан. Сақтандыру туралы заң бойынша жеке кәсіпкерлер табысы болмаса да МӘМС жарнасын төлеуге міндеттелген (жарна мөлшері 1,4 ең төменгі жалақының (ЕТЖ) 5%-ы немесе 2024 жылы – 5950 теңге). Сондықтан табысы жоқ кәсіпкерлік субъектісінің жұмысын ресми түрде тоқтатқаны дұрыс. Сонда жеке кәсіпкер МӘМС жарнасын төлеуден босатылады.
Сақтандырылу жүйесіне қалай қосылуға болады?
Филиал өкілдерінің сөзінше, алматылықтар арасында МӘМС енгізілгелі бері бірде-бір рет сақтандырылмаған азаматтар да бар. Олардың алдағы немесе өткен 12 айға жарна төлеп сақтандыру жүйесіне қосыла алады.
- Бірінші тәсіл: Алдағы 12 айға жарна төлеп, бір жылға сақтандыру мәртебесін алу. Осы айда жүйеге кіру үшін 2024 жылдың қыркүйегінен 2025 жылдың шілдесіне дейінгі аралық үшін дербес төлеуші ретінде жарна аудару. Ай сайынғы жарна мөлшері – 4250 теңгені, бір жылдың сомасы 51 мың теңгені құрайды.
- Екінші тәсіл: Өткен 12 айға жарна аудару. Бұл негізінен өткен жыл ішінде бірнеше айға жарна төлеген (жұмыс істеген) азаматтар үшін тиімді. Ондайда пациент төленбей қалған айлардың берешегін ғана жабады.
Еске сала кетсек, сақтандыру мәртебесі мен МӘМС жүйесіне қатысты ақпаратты Қордың телеграмм арнасындағы Сақтандыру боты, fms.kz сайты мен "Qoldau 24/7" мобильді қосымшасы арқылы алуға болады. Сонымен қатар, мәліметтер екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшаларына да енгізілген.