Қай жастан асқан балаларға пойызға билет алу міндетті? Бала қай жастан бастап, жалғыз өзі саяхаттай алады? Ол үшін қандай құжаттар керек? "Жолаушылар тасымалы" АҚ балалар үшін пойызға билет алу тәртібін түсіндірді.
Балалар пойызға тегін міне ала ма?
7 жасқа жетпеген балалар үшін пойызға міну ақысы тегін, алайда оған бөлек орын қарастырылмайды. Өзіне бөлек орын беру үшін балалар билетін алу қажет. 7 жасқа дейінгі балалар саны екі немесе одан көп болса да, ол үшін балаларға арналған билет алу керек болады.
7-15 жас аралығындағы балалар билетіне жеңілдіктер бар. Ол ересектерге арналған билет құнының 50 пайызын құрайды. 15 жастан асқан балаларға ересек адамдармен бірдей бағада билет алынады.
Билет алу үшін қандай құжаттар қажет?
Балаға билет алу үшін жеке басын куәландыратын құжат – баланың туу туралы куәлігі немесе паспорты керек болады.
Баланың туу туралы куәлігі немесе оның нотариалды куәландырылған көшірмесі билетпен бірге жолсерікке пойызға мінер алдында беріледі.
Баланың жалғыз өзін пойызбен жіберуге бола ма?
15 жасқа дейінгі балалар тек ересектермен бірге пойызға отыра алады. Егер баланы туысқаны, таныс адамдармен, яғни заңды өкілі емес адаммен жеберетін болсаңыз, онда сол адамның баланы ертіп жүруіне рұқсат етілгені туралы нотариалды куәландырылған сенімхат керек.
15 жастан асқан балаларға ата-анасы, яғни заңды өкілінің оның жалғыз жүруіне рұқсат етілгені туралы нотариалды куәландырылған сенімхат болса, жеткілікті.
Ал баланың қасында заңды өкілі болған жағдайда сенімхат көрсету талап етілмейді.