Баланың дене қызуын қалай түсіру керек? Ибупрофен мен парацетамолды бірге беруге бола ма? Но-шпа қалай әсер етеді? Педиатр дәрігер Екатерина Маркова осы сұрақтарға жауап берді.
Ең алдымен қызуөлшегіш көрсеткен санға емес, баланың жағдайына қараңыз. Температура жоғары болса, тіпті қызуөлшегіш 39 градусты көрсетсе де, бала өзін жақсы сезінсе, су ішіп, ойыншықтармен ойнап, мультфильмді қызыға қараса онда су беріп, бақылау жеткілікті. Ал дене қызуы қатты көтерілмесе, бірақ бала әлсізденіп жата берсе, ішуге зауқы болмаса, басы ауырса онда температураны түсіру керек.
Дене қызуын түсірудің физикалық тәсілдері:
- Бала тоңып дірілдемесе шешіндіріңіз (қымтап орап тастауға болмайды);
- Нәрестенің жөргегін шешіңіз;
- Денесін бөлме температурасымен шамалас сумен сүртіңіз;
- Маңдайына салқын сүлгіні қойыңыз. Сүлгіні сулап отыруды ұмытпаған жөн;
- Балаға міндетті түрде су ішкізу керек. Жоғары температура кезінде ағзаның сусыздануы баланың өміріне қауіпті;
- Бөлме температурасы 19-20 градустан жоғары болмауы керек.
Оқи отырыңыз: Дене қызуы көтерілсе, қалай түсірген жөн және үй жағдайында емделген дұрыс па? Дәрігер кеңесі
Баланы салқын суға түсіруге бола ма?
Қалтырап-дірілдемесе, алақаны мен табаны ыстық болса салқын суға шомылдыруға болады. Бірақ ұзақ емес, көп дегенде 5 минут. Бала дірілдеп, жайсыз сезінбес үшін судың температурасы дене температурасынсн 1-2 градусқа төмен болуы керек. Судың температурасын ақырындап түсіруге болады, бірақ балаға жайлы болуын ұмытпаңыз.
Баланың денесін құрамында спирт бар ерітінділермен, сірке суымен ысқылауға үзілді-кесілді тыйым салынады. Олардың уыттық әсері болғандықтан өте қауіпті. Дене күйіп қалуы әбден мүмкін.
Дене қызуын түсіретін дәрі-дәрмектер
Баланың температурасын парацетамол мен ибупрофенмен ғана түсіруге болады. Дәрі берер алдында мөлшерін баланың жасына қарай емес, дене салмағына қарай есептейміз. Тек жасын есепке алсақ дәрі әсер етпеуі мүмкін. Әр баланың салмағы әртүрлі. Мысалы, бір жастағы баланың бірі 8 келі, бірі 12 келі болуы мүмкін. Парацетамолдың бірреттік мөлшері бір келі салмаққа – 15 мг, ибупрофен болса – 10 мг.
Оқи отырыңыз: "Әр үшінші бала ауырып жатыр". Тұмаудың қауіпті белгілері қандай?
Екатерина Маркова, бала дәрігері:
– Парацетамол мен ибупрофенді кезек-кезек беруге болмайды, өйткені мөлшерін есептеу қиын. Анальгин, аспирин, нимесулидті балаңызға бермеңіз. Баланың денесі қызып тұр, бірақ аяқ-қолы суық, Но-шпа беруге бола ма деп сұрап жатады. Но-шпа, Папаверин секілді түйілуді, ауырсынуды басатын дәрілерді беру қисынға келмейді, өйткені мұндай препараттар оларға әсер етпейді. Одан гөрі тоңған аяқ-қолды алақаныңызбен не түкті сүлгімен дене қызарғанша ысқылап қыздырамыз.
Қызу басатын дәріні беріп, денені сүрткеннен кейін жарты не бір сағат өткен соң температураны өлшеп тұру керек. Дене қызуы тым болмаса 0,5 температура түссе және бала жеңілдеп қалса, дене қызуын айтарлықтай түсіре алдыңыз деген сөз.