Шетелге саяхаттау алдымен билет қараудан басталады. Әуе билеттерін неғұрлым ерте алсаңыз, соғұрлым арзан шығады. Әуе билеттерін қалай іздеу қажет? Қалай арзан ұшуға болады? Осы орайда Информбюро порталы арзан ұшу жолдарын түсіндіреді.
Билетті арнайы сайттардан іздеңіз
Билет алу үшін алдымен арнайы сайттарға кіріп іздеу керек. Aviasales, Skyscanner секілді сайттарда қажет параметр бойынша арзан билеттер табуға болады. Мұндай сайттар барлық әуе компания рейстерінің ішінен ең арзанын тауып береді. Басқа қай уақытта билеттер арзан екенін қайта іздеп отырмай баға кестесінен көре аласыз. Қашан ұшатыныңызды нақты білмесеңіз бір айды таңдап, қай күні арзан екенін анықтауға болады.
Мысалы, Алматыдан Ыстанбұлға билет қарасаңыз, тікелей рейс, ауысып отыру, күндізгі не түнгі рейс, визасыз елден ауысып отыру деген секілді әртүрлі параметрлерді таңдап, өзіңізге қажет билетті таба аласыз. Өзіңіз ұшатын қаланы таңдаған соң "кез келген жаққа ұшу" дегенді таңдап, қандай қалаларға арзан жетуге болатынын көруге болады.
Туроператорлар мен әуе билетін іздейтін сайттарға жазылыңыз
Сайттар мен туроператорлардың хабарламаларына жазылсаңыз, онда арзан билеттер туралы ақпарат өзі келіп отырады. Соның ішінен ойда жүрген қалаға арзан билет табылып қалуы мүмкін. Хабарлама келген бойда билетті тезірек алып үлгеріңіз.
Туроператорлар әр қалаға, елге не аралға арзан турларды іріктеп жібереді. Кейде сатылмаған чартер рейстердің де билетін шығарады. Мұндай рейстердің билеті әдетте арзан тұрады, өйткені туроператор ұшақтағы барлық орынды сатып алады да, бос орындарды ұшар алдында сатып жіберуге тырысады. Тез шешім қабылдайтын адамдарға бұл таптырмас мүмкіндік.
Ұшу уақытын өзгертіңіз
Ақша үнемдегіңіз келсе жоспарлаған уақыттан басқа күнге қараңыз. Бір күнді ғана қарамай бірнеше күнді, қандай билеттер барын қарап шығыңыз. Жоспарыңызды өзгертіп, бір-екі күн жылжытсаңыз да айтарлықтай ақша үнемдей аласыз.
Басқа күндерге қарағанда апта басындағы күндерде билеттер арзан болуы мүмкін. Ал мереке қарсаңында билет іздесеңіз мейрам күндерінде емес, басқа күндерге іздеңіз. Мысалы, Наурызда бес күн демалыс болса, соған дейінгі не кейінгі уақытты қараңыз.
Skyscanner-де бір айға қарау деген функция бар. Ұшатын және қонатын қаланы жазасыз да, уақыт дегенге "ай бойы" дегенді таңдайсыз. Осылайша айдың әр күніндегі бағаны бірден көре аласыз. Aviasales-те де датаны көрсете бастағанда сол айдағы бағаны бірден көрсетеді. Әр күнді жеке-жеке қарамай, бір ай бойғы билет бағасын қарап, ең тиімдісін сатып алуға болады.
Маусымға қарай баға да өзгереді
Әр маусымда баға әртүрлі болады. Билет құнына жыл мезгілдері, баратын жердің танымалдығы да әсер етеді. Жазда, мейрамдарда билеттер күрт қымбаттайды. Кейде орын болмай қалып жатады.
Көктемге билет қарасаңыз саяхатқа бір-екі апта қалғанда не болмаса 100 күн бұрын алыңыз. Ал жазда ұшуды жоспарласаңыз, онда шетелге екі-төрт апта бұрын алыңыз. Күзде ұшатын болсаңыз бір-бес апта қалғанда, ал қыста екі-төрт ай бұрын жоспарлаңыз.
Лоукостерлердің сайтынан іздеңіз
Арзан билет алу үшін лоукостерлерді таңдаған дұрыс. Лоукостер – барынша арзан билет ұсынатын бюджеттік компания. Олар ұшақпен саяхаттау қолжетімді болуы үшін бағаны өсірмейді. Wizz Air, RyanAir, Pegasus Airlines секілді лоукостерлерден 5-10 мың теңгенің билетін табуға болады. Мұндай билеттерді сатып алғанда жолаушылар үшін аздаған ыңғайсыздықтар болуы мүмкін. Билет құнына қол жүгі мен орын ғана кіруі мүмкін. Қосымша жүкті, тамақты, сусынды сатып аласыз. Ыңғайлы орын алғыңыз келсе, оны да таңдаған кезде ақы төлеу қажет. Орындықтары шалқаймауы мүмкін. Онлайн тіркелмесеңіз кей компаниялар әуежайда ақылы түрде тіркейді. Ұшақ салонындағы орындықтар арасы тығыз.