Мамандар қазақ тілінде сөз синтездеу немесе басқаша айтқанда, қазақ мәтінін дыбыстық сигналға түрлендіру технологиясын жасады. Синтез технологиясы – бұл компьютерге кез-келген қазақша мәтінді адам дауысына өте ұқсас дауыспен оқып шығуға мүмкіндік береді. Әзірлеушілердің айтуынша, мұндай технология Қазақстанда бұрын болмаған.
“Қазақстанда бұл технология ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін, виртуалды көмекшілерде және қазақша мәтінді дыбыстау қажет болатын қызметтер үшін пайдаланылуы мүмкін. Мұндай технология – компьютердің қазақ мәтінін дыбыстауы қажет ететін интерактивті виртуалды ассистенттер, навигациялық жүйелер, хабарлау жүйелері сияқты көптеген қосымшалардың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Технология көзі нашар көретін адамдар үшін де пайдалы болуы мүмкін, ол қазақ мәтінін аудиоға айналдыру арқылы адам мен роботтың өзара іс-қимылын реттеуге мүмкіндік береді”, – дейді институттың постдокторанты Ерболат Хасанов,
Оқи отырыңыз: Шетел университеттерінде тегін білім алуға болады. Гранттар мен стипендиялар топтамасы
Оның айтуынша, бұған дейін қазақ тілінде осыған ұқсас технологиялар болмаған. Сондықтан, жобаның басты мақсатының бірі – цифрлық технологияларды қазақшалау. Бүкіл әлемде бұл технология денсаулық сақтау, электронды оқыту, дауыстық көмекшілер сияқты салаларда кеңінен қолданылады. Ғалымдар жаңа технология цифрлық кеңістікте қазақ тілінің қатысуын арттыруға мүмкіндік беретініне сенімді.
Жобаны әзірлеушілер бұл технологияны қазақша дұрыс интонациямен әйел және ер дауысына салып сөйлейтін екі нұсқасын жасады. Ғалымдар жиналған мәліметтер базасын, алдын-ала дайындалған модельдерді және жоба кодын ашық түрде ұсынады. Осының көмегімен кез-келген ұйымдар мен компаниялар қазақша сөз синтездеу жобаларын жасай алады.
Сөзді синтездеу технологиясының демо-нұсқасын мына сілтеме бойынша көруге болады: https://issai.nu.edu.kz/tts
Сілтемеде арқылы синтезделген әйел және ер дауыстары бар бейне-роликтерді мына сілтемеден таба аласыз: https://issai.nu.edu.kz/tts