– Мен бақыттымын! Маған ауасынан бастап, ауылдағының бәрі ұнайды, мен бәрін жақсы көремін! – дейді бақыттың дәмін алғаш рет 13 жасында татқан Сергей есімді бала. Ол шынымен бақытты. Өйткені жаңа отбасымен тату-тәтті өмір сүріп жатқанына бір жылдан асыпты. Енді оның арқа сүйер әкесі, еркелететін анасы бар.
Дәл Сергей секілді тағы он бала жаңа отбасымен қауышып, өздерін бақытты сезініп жүр. Ал жаңа отбасына қарай алғаш қадам басқан оларға жетімдер үйіндегі тағдырластары қызыға да қызғана қарап қалған еді.
Оларға отбасылық бақытты қарапайым ғана ауыл тұрғындары сыйлады.
Кішкентай ауылдағы үлкен кеңес
Ақмола облысына қарасты Қошқарбай ауылында бар-жоғы 42 отбасы өмір сүріп жатыр. Олардың қатарында тоғыз орыс, екі қазақ баланы бауырына басқан алты отбасы да бар.
Осыдан екі жыл бұрын ауылдағы кішкене ғана қазақ орта мектебі жабылмасын деп Мүслима есімді ауыл тұрғыны жетімдер үйінен бала асырап алу туралы ұсыныс жасайды. Алты отбасы келісім береді. Ауыл тұрғындары кеңесе келе, Ақмола облысына қарасты Ақкөл балалар үйіне хабарласады.
Мектепке қазақ тілінде білім алып жатқан балалар қажет болды
Мәди Хасенов атындағы Қошқарбай негізгі мектебінің толыққанды жұмысы үшін оқушылар саны 42 баладан кем болмауы керек. Ал 2016 жылғы жаңа оқу жылына тек 29 баланың ғана баратыны белгілі болады. Осы кезде мектептің бұрынғы директоры Мүслима Хасенова оны сақтап қалу үшін ауыл тұрғындары арасында бала асырап алу туралы ұсыныс айтады.
Ауылға жақын орналасқан Ақкөл балалар үйіне барғанда тәрбиешілер ауыл тұрғындарына он шақты ересек баланы асырап алуға ғана рұқсат берген. Ал ауыл мектебіне тек қазақша білім алып жатқан бала қажет.
Ағайындылардың анасы атанған
Қошқарбай негізгі мектебінің психолог маманы Гүлнәр Баймаханова төрт баланың анасы болғанына қарамастан тағы бір баланы асырап алуға бел буады. Отағасы Бағлан келісімін береді. Алайда ол жетімдер үйіне барғанда балалардың жаутаңдап қараған түрлерін көріп, қатты қиналады.
– Балалардың ішінен біреуін бөліп әкету мүмкін емес. Сонда да болса маған күлімдей қарап тұрған 12-13 жасар орыс баласы ұнады. Атым Андрей деген ол бірден өзінің Сергей есімді бауырының бар екенін де айтты. Мен бір-бірінен ажыратпайын деген оймен ағайынды екеуді бірден асырап алдым.
Балалар бізге бірден бауыр басып кеткен жоқ
– Олар жазғы демалыс кезінде бір-екі аптаға келіп, бізбен араласып, үйге бойлары үйрене бастады. Жасыратыны жоқ, балалар көп нәрсенің жөнін білмейді. Барлығын басынан бастап үйретуге тура келді. Үй шаруасына да олақ. Мен оларға жауапкершілікті, уақтылы сабақ оқуды, ортада өзін қалай ұстау керектігін үйреттім. Өзім психолог болсам да көп нәрсеге көп жағдайда шыдамдылық танытуыма тура келді.
Балалар ауылға келгелі бері табиғи таза өнімдерден жасалған тамақ ішіп, теледидар көріп, атқа мініп сергіп қалды. Өйткені балалар үйінде оларға көп шектеу қойылатыны белгілі. Жолдасым екеумізді мама, әке деп атайды. Әкелеріне деген сыйластығы жоғары. Олар өздерін осыншалықты еркін ешқашан сезінбегенін айтады. Қазір олар өздерін бақытты санайды, – дейді Гүлнәр.
Ана болғандықтан оны да бауырларынан бөліп, тастап кете алмадым
– Андрей мен Сергейдің қарындасына көбірек көңіл бөлуге тырысамын. Өйткені тілінде кемістік бар. Мен ағалы-інілі екі баланы асырап аламын деп құжат жинап, шапқылап жүргенде басқа балалар үйінде кіші қарындастарының барын естідім.
Үлкендері үйге тез үйренісіп кеткенімен, 11 жасар Галинаны тәрбилеу қиынға соқты. Анық сөйлей алмағандықтан оны түсіну қиын болды. Айтқанымды тыңдай бермейтін. Үй шаруасына жұмсасаң, көбіне істегісі келмей, қарсылық танытатын. Енді ғана бір-бірімізді түсіне бастадық десем болады.
Балалардың бір-бірімен келіспей, болмаса сөзге келіп қалатын кездерінде жанжалға араласпауға тырысамын. Тек сырттай бақылаймын. Біраз уақыт өткен соң қайта табысып, ойнап кетеді.
Жазасын үстел астында күтіп отыр екен
– Бір күні жұмыстан келсем, Галинам ыдыс жуып тұрғанда бір кесені сындырып алыпты. Өзі үстелдің астына тығылып қалған. Шықпайды. Себебін сұрасам, "Кесе сындырғаным үшін ұрыспайсыз ба, ұрмайсыз ба?" дейді. Бірден "Жоқ!" деген сөзіме сене қоймады. Сынған кесеге бола ұрыспайтынымды әзер түсіндіріп, үстел астынан шығарып алдым, – деп жылы жымиып есіне алады Гүлнәр.
Жетім балалар армандауды білмейді
– Балалар алғаш келгенде жай ғана армандауды, алдына мақсат қоюды білген жоқ. Мүмкін болашақтары бұлыңғыр болғандықтан шығар. Қазір үйге келгелі бері үміт оты оянды. Кейде болашақ жоспарларымен бөлісіп отырады. Өйткені күнделікті дастарқан басында әкесі екеуміз шамамыз келгенше бәріне бірдей тәрбие беріп, білім алуына көмек жасайтынымызды оларға айтып тыныштандырамыз, – дейді Гүлнәр.
Балалар арасындағы ұқсастық
Талғат есімді балаға ана болған Мүслима Хасенова бірнеше жыл ауылдағы мектепті басқарған екен. Зейнеткерлікке шыққанымен мектепке қатысты туындаған мәселеге бей-жай қарап отыра алмаған. Бала асырап алу туралы бастамасына қолдау танытқан ауылдастарын балалар үйіне өзі ертіп барған.
– 13 жасар Талғатты көргенде өзімнің балама қатты ұқсаттым. Ауылдастарым да біздің отбасының адамдарына қатты ұқсайтынын айтады. Бірақ баланың мінезі тұйық болды. Кез-келген нәрсені тек рұқсатпен істейтін. Қазір өзінің жолы болып, жаңа отбасын тапқанына қуанады.
"Мені жылдар бойы мазалаған ойымды іске асырдым"
– Өз балаларым есейіп кеткен. Өз отбасылары бар. Менің бала асырап алу туралы ойымды естігенде қатты таң қалды. Алайда бұл ой мені үнемі мазалайтын. Әсіресе, теледидардан жетім балаларды көргенде өзімді қоярға жер таппайтынмын. Қатты жаным ашитын.
Балалар үшін салған үлкен үйіміз бос тұратын. Ішінде жолдасым екеуміздің ғана отырғанымыз біртүрлі көрінетін. Немерелерім анда-санда бір келеді. Сосын жетімдердің жаутаңдаған жүздерін көргенде асырап алсақ қайтеді деп күйеуіме үнемі айтып отыратынмын. Содан болар қарсылық танытқан жоқ.
Керісінше, балаларым қарсы болды. Олар "зейнет жасына жеткенде өзіңізге қиын болады" деп райымнан қайтармақ болды. Бірақ мен балаларыма түсіндіріп айттым.
– Қазір Талғаттың үлгерімі жақсарды. Мінезінде де өзгеріс бар. Талғат туған анасынан тірідей айрылған бала деуге болады. Бес жасында анасы балаларға қатысты барлық құқынан айрылған. Ал біздің үйге келген соң қалада жұмыс істеп жүрген бауырын тауып алды. Қазір онымен араласып тұрады. Ол да келіп тұрады. Ал анасына деген өкпесі әлі тарқамаған. Оның тірі екенін білсе де, іздегісі келмейтінін айтады.
Жетімдер есейген сайын үміт үзеді
Ал Талғаттың өзін сөзге тартқанымда қысқа ғана жауаппен шектелді. Ол тек өзіне жаңа отбасы ұнайтынын, арманы компьютер бағдарламасын жасаушы мамандығына қол жеткізу екенін айтып берді.
– Талғат бірінші рет үйге келген кезде қатты қуанды. Жүзі жайнап, сенер-сенбесін білмеді. Өйткені есейген сайын балада өзін біреу асырап алады деген үміт жоғала береді деп ойлаймын. Демалыс сайын үйге келіп жүріп, бізге бауыр басып қалғанын көрген балалар үйінің директоры асырап алуымызға рұқсат берді. Бірақ құжат ұзақ дайындалды. Сол аралықта Талғат бізге өкпелеп жүрді. Көңіліне күдік ұялаған болу керек, тіпті бірде "Сіздер мені асырап алғыларыңыз келмей жүр ме?" деп сұрады. Мен бала ересек болғандықтан құжат мәселесін түсіндіріп айттым, – дейді Талғаттың мамасы.
Балалардың бәрі тәртіпті емес
Қошқарбай аулындағы орта мектептің директоры Айгүл Жылқыбаева балаларды жаңа ортаға бейімдеудің оңай болмағанын айтады.
– Шынымды айтсам, бұл бастамаға басында қарсы болдым. Өйткені балалар есейіп кеткен. Ең кішісі 11 жаста, үлкені 16 жаста. Олар болашақта осында қала ма, ауылда тұрғысы келе ме деген сұрақ мазалады. Есейіп қалған балалардың қалада өмір сүргісі келетіні түсінікті жағдай әрі жаңа ортаға бейімделуі қиынға соғады. Оның үстіне, әр түрлі жағдайлармен балалар үйіне өткізген кезде мектепке кеш барған. Қазір 11 сынып оқуы тиісті балалар әлі 9 сыныпта оқып жүр. Араларында сабақ үлгерімі нашар, тәртібі төмендері де бар. Бірі ұрлық жасап көзге түссе, бірі жаман сөз айтып, енді бірі өтірік айтып, жаман қылық та көрсетті. Ал біздің ауылдың балалары тәртіпті. Тіпті бір баладан екі айдан соң бас тартқан отбасы да болды. Өйткені ауылға үйренген соң балалар мінез көрсете бастады.
Қазір мектепте 36 бала білім алып жатыр. Мектебіміздегі үш мұғалім мектепті сақтап қалу үшін бір баладан асырап алуға келіскен болатын. Тіпті бір отбасы мемлекеттік бағдарлама бойынша төрт баланы асырап алды.
Төрт балаға жәрдемақы төлейді
– Мен әлеуметтік көмек алу үшін ғана бала асырап алуына қарсы болған едім. Қазір балалардың жаңа отбасында өмір сүретіне қуанамын. Ия, қиындықтары көп. Бірақ бәріне уақыт емші. "Приёмная семья" мемлекеттік бағдарламасына сай бір отбасы төрт баланы бірдей асырап алатын болса, ата-анаға әр бала үшін 22690 теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетіледі. Бізде төрт баланы асырап алған Нұрғазиндер отбасында отағасы сырқаттанып қалып, жүрегіне екі рет ота жасатты. Қазір олар қолдарындағы бар қаражатты сол кісіні емдетуге жұмсап жатыр, – дейді Айгүл Жылқыбаева.
"Мені де алып кетші"
Күнарай Нұрғазина – үш баланың анасы. Балалары есейіп кеткен, отбасылы. Қолында 22 жасар кенже баласы ғана бар. Жасы 55-ке келген Күнарай үш баланы бірдей асырап алуға өтініш бергенімен, 12 жасар төртінші қыз бала өзі сұранып, Нұрғазиндер отбасына келіп қосылған.
– Балалар үйіне барғанда орыс ұлтының қызы өзі қол көтеріп, "мені алып кетіңізші" деп өтінді. Мен оған "сен орысша оқып жатырсың ғой, бізге қазақша білім алып жүрген бала керек" дедім. Ал ол болса, "мен қазақ тілін беске оқып жүрмін, үйреніп аламын" деп жауап берді. Содан үйге келген соң көп ойландым. Ақыры барып, құжаттарын рәсімдеп, үйге алып келдім.
– Мен асырап алған төрт баланың екеуі ағалы-қарындасты, енді бірі 15-те болса, кішкене қызым 12 жаста. Балалар үйінде бізге "Ересек балалардың ауылда тұрғылары келмейтінін ұмытпаңыз. 9 сыныпты бітіре салысымен, колледжге оқуға түсуге тырысады" деген болатын. Бірақ біз сөйлескен балалардың ешқайсысы қарсы болған жоқ.
Балалары анасын мақтан тұтады
– Күйеуім отбасында жалғыз бала болғандықтан үнемі балаларының көп болғанын қалады. Мен өзім алты құрсақ көтергенмен, үшеуі шетінеп кетті. Ұлдарым менің сөзімді қалжың деп қабылдаса, қызым мүлдем қарсы болды. Ақша қажет болса, мен беріп тұрайын деді. Ниетімнің шынайы екеніне көздері жеткен кезде ғана ұлдарым қолдау танытты. Тіпті кенже ұлым "Мама, мен сені мақтан тұтамын!" дегенде көзімнен еріксіз жас шығып кетті.
Бірақ төрт баланы сабаққа жіберетін кезде қиналғаным рас. Олардың мектеп құралдары мен киімдерін алу маған оңайға соқпады. Бірақ соған қарамастан бағып отырмын, – дейді Күнарай.
Балалармен психологтар жұмыс жасап жатыр
– Балалардың жаңа ортаға бейімделуіне психологтардың көмегі көп тиді. Көкшетау қаласындағы "Аналар үйі" қоғамдық қорының психологтары арнайы келіп, балалармен тегін жұмыс істеп жүр. Соның нәтижесінде балалардың тәртібі түзеліп, үлгерімдер жақсара бастады. Алайда ерлікке пара-пар іс жасаған ауыл тұрғындарының бұл әрекеті басқаларға үлгі боларлық, – дейді мектеп директоры Айгүл Жылқыбаева.
Аз уақытта ауыл баласы болып шыға келді
Ақкөл балалар үйінің директоры Рауза Қанатованың айтуынша, балалар Қошқарбай ауылына бірінші рет барып келген кезде жаңа отбасыларына көңілдері толған. Тіпті еш ойланбастан келісетіндерін мәлімдеген.
– Балаларға менің ойымша, ауылдағы еркін өмір ұнаған. Біз оларды жаңа отбасын танып-білу үшін біраз күнге ғана жіберіп тұратынбыз. Аз уақыттың ішінде оларға бауыр басып, атқа мініп, қой бағып барлығы бір ауылдың балалары болып шыға келді. Олар футбол және хоккей ойнаумен белсенді түрде айналысқан болатын.
Әрине, ата-аналар бастауыш сыныпта оқитын немесе мектеп жасына дейінгілерді асырап алғысы келеді. Бірақ біздегі 86 баланың ішінде бастауыш сыныпта оқитыны жоқ. Ал 5-6 жастағы бала өте аз. Бірақ қай жастағыны асырап алғысы келсе де алдымен бала асырау орталығына барып, республикалық базаға тіркеледі. Сол жерде барлық баланың суреті бар.
Баланың қалауы бірінші кезекте тұрады
Ал Қошқарбай ауылының отбасылары бала асырап алуға өтініш берген күннен бастап, олардың әлеуметтік жағдайы тексерілді. Десек те балалардың таңдауы бірінші кезекте тұрады. Егер бала отбасын ұнатпаса, еркінен тыс оны ешкім қинап асырай алмайды.
Мен Қошқарбай ауылы тұрғындары асырап алған 11 баланың жағдайын білу үшін қараша айында барып қайттым. Өздерімен сөйлескеннен кейін олардың балалар үйіне қайтқылары келмейтінін түсіндім. Ал мен үшін көз алдымда есейіп келе жатқан жетім балалардың бақытты болуы үлкен қуаныш, – дейді Рауза Қанатова.