Тікелей эфир

"Жаңа Айда жарылқа": Қазақ халқы Айдың қандай құпияларын білген?

Фото: Герард Ставрианиди
Фото: Герард Ставрианиди
Биыл Ай Жерге 357 263 шақырымға дейін жақындады.

13 шілдеде қазақстандықтар Аймен байланысты екі ерекше құбылысты тамашалады. Бұл – Айдың толған және Жерге аса жақындаған сәті. Мұны астрономиялық тілде "перигей" деп атайды. Перигей 13 шілде күні Нұр-Сұлтан уақыты бойынша 15.09-да орын алды. Бұл уақытта Ай Жерден 357 263 шақырым қашықтықта болды. Ал толған Ай түн ортасында көрініп, оны адамдар таң бозарғанша дейін тамашалай алды. Толған Ай Informburo порталының фототілшілерінің де объективіне ілінді.  

Аймен байланысты бұл ерекше құбылыстар неге әркез адамдарды баурап алады? Бұл материалда осы сұраққа жауап береміз.

Ай және халық даналығы

Қазақ халық даналығында Ай ерекше роль ойнайды. Оған "Ескі айда есірке, жаңа айда жарылқа", "Ай көрдім – аман көрдім, баяғыдай заман көрдім", "Айың тусын оңыңнан..." сынды бабалардан қалған сөздер айғақ. Бұл аталғандар бата тектес тілектер ғана, әйтпесе, ауа райын болжауға қатысты айтылған сөздер тіпті көп.

Ай әсерінен теңіздердің тартылып, толысатынын, ауа райының құбылатыны, тіпті жойқын апаттардың да Ай ықпалымен болып жататынын қазақ халқы әріден білген. Мәселен, "Шалқалап Ай туса, өзіне жайлы, шаруаға жайсыз. Тік туса, өзіне жайсыз, шаруаға жайлы" деген даналық сөз бар. Табиғат тамыршылары бұл құбылысты тап басып айтқан.

Олардың пайымына сенсек, Ай қызыл түспен сақиналанып, бұл шеңбер кеңейіп барып, көзден жоғалатын болса, келер күн ашық болады. Осындай екі шеңбер не бір күңгірт шеңберді көзіңіз шалса, қатты суықты күте беріңіз. Ай бұлыңғыр тартса, күн жаңбырлы болады да, ашық болса, күн де бұлтсыз болмақ.

Айға қарап, келер күннің емес, жалпы жылдың да ауа райын болжай беруге болады. Айталық, Ай қораланса, жаз жаңбырлы, ал қыс қарлы, боранды болады деген сөз. Айға қатысты ырымдар да көп. Жаңа Ай туған күні түскен келіннің құрсағын берекелі санаған. Мұндай келіндер әдетте дүниеге көп бала әкеледі, ал мұндай шақта дүниеге келген бала ғұмырлы болады, ұзақ өмір сүреді деп есептеген.


Оқи отырыңыз: Самое большое суперлуние года наблюдают жители Земли. Фото из Нур-Султана


Айдың адамға әсері

Ай басқа-басқа, мінез-құлыққа да қаты әсер етеді. Адамның биоырғағына әсер ету арқылы, оның көңіл-күйін, жұмысқа белсенділігін, тіпті асқорытуына шейін өзгертеді. Осыған орай, ғалымдар Айдың толған, туған күндерінде арақ-шарап атаулыдан аулақ жүруге кеңес береді. Өйткені, спирттік ішімдіктердің уландырғыш әсері Ай кезеңдерімен де тығыз байланысты.

Әсіресе, Айдың үш жаңасында – Ай туғанға дейінгі бір, Ай туған және Ай туғаннан кейінгі бір – барлығы үш күнде адамның биоырғағы тым әлсіреп, ағза арақтың уына қарсы тұра алмай қалады. Бұл күндері бауырдың сүзгілік қабілеті де төмендейді, соған орай, спирт бірден қанға сіңіп, денсаулықты құртады.

Фото: Герард Ставрианиди

Ай – Жердің жалғыз серігі

Ғалымдардың анықтама беруінше, Ай – Жердің өзінен жарық шығармайтын табиғи серігі және жерге ең жақын аспан денесі. Ол жерден қашықтығы 356,4 мың – 406,8 мың шақырым қашықтықта айналып жүретін болса, оның орташа қашықтығы – 384,4 мың шақырымды құрайды.

Бұл жерде айта кететін жайт, Айдың биыл Жерден 357 263 шақырым қашықтықта өтуі – рекордтық көрсеткіш емес. Сібір мемлекеттік геожүйелер және технологиялар институты сайтындағы мәлімет бойынша, тарихта белгілі рекордтық көрсеткіш 1912 жылы тіркелген. Бұл жылы Жер мен Ай арасындағы қашықтық тарихта белгілі 356 375 шақырым қашықтықты құраған.

Айдың Жерді бір мәрте айналып шығатын уақыты – 27,32 тәулікті құрайды. Мұны "Сидерлік Ай" немесе "Жұлдыздық Ай" деп атайды. Жалпы, бүгінгі ғылымға Айдың құпиялары жайлы белгілісінен белгісізі көп. Бірақ, сол белгілінің өзін бәрінің біле бермейтіні тағы бар. Мысалы, Айдың өзінен жарық шығармайтын аспан денесі екенін көп адам білмейді. Өйткені, "Айдың жарығы" деген тіркес бар, одан қалды Айжарық деген қыздардың есімі де бұл сөзге дәлел.

Әрине, Ай көзге жарқырап көрініп тұрған соң, мұның айыбы жоқ болар, дегенмен, Ай өзіне түскен күннің жарығын ғана шағылыстыратынын біліп жүрген жөн.


Оқи отырыңыз: Ай асыл тастарға бай


Айда да төрт мезгіл бар

Сондай-ақ, екінің бірі айда дәл Жердегідей 4 мезгілдің болатынын біле бермейді. Ал расында Айда да көктем, жаз, күз, қыс болады. Олар, әрине, дәл Жердегідей сипатта және ұзақтықта емес, дегенмен әр мезгіл адамдардың мінез-құлқы мен белсенділігіне әрқилы әсер етеді. Айталық, Айда қыс боп жатқанда, жердегі адамдарды жалқаулық басады, биоырғақтары төмендеп, әлсірейді.

Бірақ, жақсысы – Айдың қысы жердегідей 3 айлап жатып алмайды, 7 күнде жаңа Ай тудырып, тізгінді келесі мезгілге бере салады. Жаз да дәл осылай, 7 күнмен шектеледі. Бірақ, мұнда Ай тумайды, толады. Міне, бұл кезде керісінше, адамдардың күш-қайраты тасып, өмірге деген құлшыныстары артып салады. Балалардың "Айдай толған кезімде, би билеймін дөңгелеп..." деп әндететіні де осыдан болса керек. Көктем мен күз ылғалдандыруы мен құрғатуымен ерекшеленеді.  

Қазақ халқы айдың сұлулығына балап, қыздарына Айдана, Айсұлу, Айсәуле, ұлдарына Айбек, Айдос тектес есімдер еншілейді. Ислам дінінде де айдың орны зор. Мешіт, күмбез, кесене үстіне жарты ай белгісі орнатылатыны белгілі. Мұндағы мағына: Ай – нұр секілді.

Халықтық наным-сенімдерде төмендегідей де түсініктер бар:

  • Айдың жасыл реңге боялуы – құрғақшылықтың хабаршысы;
  • Айды сақина қоршаса – жел тұрады деген сөз;
  • Ай мүйіздері үшкірленсе – жел тұрып, жуандаса – суық болады;
  • Күздің ортасында ай мүйіздері жел бағытын көрсетеді.
Фото: Герард Ставрианиди

Оқи отырыңыз: Айда жүрген арбалар


Ай апат әкеле ме?

Ай – Жердегі судың тасып, тартылуына да ықпал етеді. Бұл құпияның жауабын ғалым Исаак Ньютон берген. Ол жауап – Бүкіләлемдік тартылыс күші. Мұның ішінде Ай мен Жердің бір-біріне деген тартылыс күші тіпті ерекше. Ай Жерді бір жыл ішінде 13,5 рет айналып шығады екен. Әр күн сайын Ай 52 минутқа кешігіп туып отырады. Демек әр 12 сағат 26 минут сайын Айдың жерді тарту күшінің әсерінен теңіз суы тасып, қайта қайтып отырады.

Мұндай құбылыстардың ең күшті болатын кейбір кездерінде су ғана емес, жер беті қабаттары да көтеріліп, толқуға ұшырайды. Айдың әсерінен тіпті жанартаулар атқылайды. Ауа райы күрт құбылады.

Айдың Жерден белгілі бір қашықтыққа жақындап және алыстауынан оның жер қабатына тигізетін ықпалы да өзгеріп отырады. Ғалымдардың зерттеуінше, Ай бетіндегі құбылыстар жиілеген сайын Жер бетіндегі зілзалалар саны да артып отырады. Бұл зерттеулер жерасты дүмпулердің басты себептерінің бірі – Айдың әсері екенін дәлелдейді.

Серіктестер жаңалықтары