№1. Жүйелі дайындық
Қай уақытта қандай тақырыпты қарастыратыныңды жоспарлаңыз. Жеке бағдарламаңыз болсын. Мысалы, Қазақстан тарихынан қыркүйекте 5-сыныптың, қазанда 6-сыныптың, қарашада 7-сыныптың оқулығын қараймын деген секілді нақты жоспар құру қажет. Жоспар болған кезде ғана алға ілгерілеуге болады. Бағдарламаны біткен соң тестпен дайындалыңыз. Көп оқушы бірінші тест жаттайды. Бұл – үлкен қателік. Дайындықты 5-сынып оқулықтарынан бастау керек. Әр пәннен кемінде 6 айға құрылған жоспар болуы тиіс. Тестті соңғы айға қойыңыз. Алты ай оқулықтармен дайындалған соң соңғы айда тест шешкенде қай сұрақ қай сыныптың кітабында екенін жақсы білетін боласыз.
Мұғаліммен дайындалар болсаңыз, қандай бағдарламамен дайындалатыныңызды анықтап алыңыз. Бірінші базалық білімді қалыптастыру қажет.
Тұрақты сабақ кестесі. Бір ай математикаға дайындалған соң басқа пәнді қараймын деу дұрыс емес. ҰБТ-да тапсыратын пәндерге дайындық кестесін жасаңыз. Сабақ қарау ритміне түскенде ғана нәтиже болады. Шәкәрім айтпақшы, ой әрекетке айналған кезде әрекет әдетке айналады, ал әдет мінезді қалыптастырады. Мінез – тағдыр.
№2. Сенімділік
Сұрақтың жауабын білмегенде адамды қорқыныш туады. Ал дайындық бағдарламасы болса, сенімділік артады. Бір ай 5-сынып кітабын қарап шықсаңыз "ҰБТ-да бұл сұрақты білемін" деген сенім пайда болады. Бағдарламамен дайындалып, нені бітіріп, нені бітірмей жатқаныңызды сезген сайын қорқыныш азаяды. Қорқыныш азайған сайын мидың жұмыс істеуі жақсарады. Сондықтан дайындықты қаншалықты ерте бастасаңыз, соншалықты жақсы. Тестілеу жақындаған сайын адамда қорқыныш күшейеді. Дайындалып үлгермей қаламын ба деп қорыққан сайын мидың жұмысы төмендейді.
№3. Жақсы ұстаз
Ең бірінші, өз-өзіңізге жақсы ұстаз бола білуіңіз қажет. Сабақ оқып отырғанда сізді ештеңе мазаламасын. Бағдарлама бойынша дайындығыңды басқа емес, өзіңіз тексеріңіз.
Табысқа жетпейтін адам қашан да өзін ақтап алатын сылтау табады. Өзіңнен жүкті қаншалықты сырғытқан сайын жеңілдеу болып көрінеді, ал олай жасасаңыз, ешқашан табысқа жетпейсіз. Бағдарламаны, сабақ кестесін қадағалайтын жақсы ұстаз бола біліңіз.
Мұғалімге, курстарға баратын болсаңыз, олардың сабағына сараптама жасай алатындай деңгейіңіз болсын. Әйтпесе, уақытты босқа жоғалтасыз. "Бағдарламаны бір айда меңгеруге болады" деп уәде беретіндерге сенудің қажеті жоқ. ҰБТ-ға алты ай дайындалып, жақсы нәтижеге жетуге болады. Сондықтан өтірік пен шынды ажыратушы өзіңіз болуыңыз керек.
№4. Күшті мотивация
Адам мотивацияны өзінен, өзінің бітірген ісінен алуы керек. Мотивацияны сырттан іздемеңіз. Бағдарлама бойынша 5-сыныптың кітабын бітірсеңіз, міне, мотивация осы. ҰБТ-да 5-сынып сұрағы келсе, сенімді түрде жауап беруге болады. Нақты жоспармен, күнделікті сабақ кестесімен жүрсеңіз, өзіңізге қатаң тәртіп қойсаңыз, ілгерілегеніңізді байқайсыз, соңында нәтижесін көресіз.
№5. Қолайлы орта
ҰБТ-ға кітаптан бас алмай дайындалып жүргендерге қосылыңыз. "Ақылы бөлімге түсемін" деп ҰБТ-ға дайындалмайтын кертартпа достарыңыз болса, сіз де оларға ілесіп, тестілеуге мән бермейсіз. Ортаңызды дұрыстаңыз, жалқау достармен қош айтысыңыз. Айналаңызды ізденімпаз адамдармен, кітаппен толтырыңыз. Ең үлкен кертартпа достар – смартфон мен әлеуметтік желі. Смартфон ұстағанда уақыт қалай өткенін байқамайсыз. Ойыңыз бөлінбес үшін сабақ кезінде телефонды сөндіріп қойыңыз.
№6. Өзіңізге сенімділік
"Мен жаттаған сұрақтар келетін шығар", "көшіретін шығармын", "телефон алып кіремін" деген секілді ғажайыпқа сенетіндер бар. Ал шындығында тек еңбек қана сіздің көмекшіңіз. Сондықтан, тек өзіңізге сеніңіз. Қиял-ғажайыптарды, "мен жаттаған тест келіп қалар" дегенді ойдан шығарып тастаңыз.
ҰБТ-ға қандай кітаппен дайындалуды, қандай тест жаттауды сұрайтындар көп. Одан гөрі мектеп оқулығын басынан аяғына дейін оқып, базалық білімді шыңдаған жөн. Тест сұрақтарын тұтас жаттап алу мүмкін емес. Мысалы, бір таңдау пән базасында 12 мың сұрақ болады. Бір міндетті пән базасында – 8 мың сұрақ. Бес пәннен барлығы 48 мың сұрақты жаттай аласыз ба? Жоқ, бұл мүмкін емес. Сондықтан базалық білімді дұрыстау керек.
№7. Есеп алу
ҰБТ-ға дайындықты бастау үшін дүйсенбіні не жаңа айдың басын, келесі тоқсанды күтпеңіз. Күнде "ертең" бастаймын деп жүрген адам өзіне есеп бермейді. Есті кісі тым құрығанда аптасына бір рет өзінен есеп алады. Ұйықтар алдында он минут жеткілікті. ҰБТ-ға дайындық бағдарламасын оқу барысында әр ай біткен соң өзіңізден есеп алып, не түйгеніңізге талдау жасаңыз.