Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық комитеті әзірлеген мәліметтерді ұсынамыз. Ақпарат комитет сайтында жарияланды.
№1. Коронавирусқа қарсы вакциналар бар?
КВИ-ға қарсы вакцинация және ревакцинация үшін QazVac, Sinoрharm, Pfizer вакциналары бар. Қазақстанның кез келген азаматы немесе Қазақстан аумағында 3 ай және одан көп уақыт тұратын шетел азаматтары вакцинацияның бастапқы курсын, сонымен бірге ревакцинация ала алады. Олар жоғарыдағы вакциналарды қолдану рұқсат етілген.
№2. Pfizer кімдерге қолжетімді?
Pfizer екпесін 12 жастағы және одан ересек адамдар салдыра алады. Оның ішінде Қазақстан аумағында 3 ай және одан көп уақыт тұратын шетел азаматтары да бастапқы вакцинация кезінде қолдана алады.
№3. Pfizer қолданып, екпенің толық курсын кім қайта ала алады?
Шетелге сапарға шығуды жоспарлаған барлық адамдар Pfizer вакцинасын қолданып, вакцинацияның толық курсын қайта ала алады.
Оқи отырыңыз: QazVac вакцинасына қатысты 10 сұраққа жауап
№4. Шетелге шығатын адамдар екпенің толық курсын қайтадан қалай ала алады?
Шетелге шығатын адамдарға растайтын құжаттарын ұсынып, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған вакциналармен КВИ-ға қарсы вакцинацияның толық курсын қайта алуына болады.
Бұл ретте, вакцина сапарға шығатын елдің талаптарына байланысты таңдалады. Егілетін адамнан немесе оның заңды өкілдерінен профилактикалық егу курсын қайта жүргізуге жазбаша түрде хабардар етілген келісім алынғаннан кейін КВИ-ға қарсы вакцинацияның толық курсын қайта жүргізуге рұқсат етіледі.
№5. Шетелге шығарда екпенің толық курсын қайта алу үшін қандай құжаттар қажет?
Вакцинация курсын қайтадан алу үшін шетелге шығуды растайтын мынадай құжаттарды ұсыну керек: виза (туристік, қонақ, іскерлік), оқуға, емделуге шақыру, халықаралық деңгейдегі іс-шараларға – конкурстарға, конгрестерге және тағы басқаға қатысатынын растайтын құжат.
№6. Соңғы екпе мен толық курсы қайта алу арасы қанша уақыт?
КВИ-ға қарсы соңғы вакцинация (вакцинация және ревакцинация) мен КВИ-ға қарсы вакцинацияның толық курсын қайталау арасындағы интервал – кемінде 3 ай.
№7. Ревакцинация қайталанған курстың бірінші дозасы боп санала ма?
Егер дозалар арасындағы интервал 3 айдан аспаса, вакцинацияның толық курсын қайта жүргізу кезінде ревакцинацияны КВИ-ға қарсы профилактикалық егулердің бірінші дозасы ретінде есепке алуға болады.
Оқи отырыңыз: "Омикрон" әлемдік локдаунға әкеле ме? Коронавирустың жаңа штамы жайында не белгілі?
№8. Pfizer екпесімен вакцинацияның толық курсын қайдан алуға болады?
Шетелге шығу мақсатында КВИ-ға қарсы вакцинацияның толық курсын тұратын жердегі профилактикалық егулер жүргізетін медициналық ұйымнан алуға болады.
№9. Pfizer екпесін алу кезінде қандай интервал сақталады?
Pfizer вакцинасымен КВИ-ға қарсы егу бірінші дозадан кейін 21-28 күн интервалмен екі рет жүргізіледі.
№10. Pfizer вакцинасы қандай температуралық режимде сақталады?
Pfizer вакцинасы орталық қоймада 9 ай бойы минус 60-90 градус Цельсий температурада, медициналық ұйымдарда 1 ай бойы плюс 2-ден плюс 8 градус Цельсийге дейін температурада сақталады. Осыған байланысты, вакцина медициналық ұйымдарға тұтыну ескеріле отырып, аз мөлшерде жеткізіледі.
№11. Неліктен Pfizer алу үшін 6 адам жиналуын күту керек?
Pfizer вакцинасы бір құтыда 6 дозадан болады. Вакцинаның ашылған құтысы плюс 2-ден плюс 30 градус Цельсийге дейін температурада 6 сағатқа дейін сақталады. Содан кейін вакцина егуге жарамсыз болады.
Осыған байланысты, вакцинаның негізсіз есептен шығарылуын болдырмау үшін құтының мөлшерін ескере отырып, егілетін адамдар санының жиналғаны маңызды, яғни қысқа уақыт ішінде 6 адамды егу керек.
Оқи отырыңыз: МӘМС жүйесінде сақтандырылмағандар қандай медициналық көмекке жүгіне алады?
№12. Pfizer-дің 1 дозасын шетелде алып, курсты Қазақстанда аяқтауға бола ма?
Қазақстаннан тыс жерде Pfizer вакцинасын қолдана отырып КВИ-ға қарсы вакцинацияның бірінші дозасын алған адамдар Қазақстанда осы вакцинамен вакцинация курсын аяқтай алады (тиісті интервалмен екінші дозаны алады).
№13. Pfizer-дің қанша дозасы бар?
Наурыз айының соңындағы жағдай бойынша республикада шамамен 2 млн доза Pfizer вакцинасы бар, ол алдағы айларда егілетін адамдарды вакцинациялау және ревакцинациялау қажеттілігін қамтамасыз етеді.
№14. Вакцинация паспортында қайталанған курс қалай көрсетіледі?
КВИ-ға қарсы вакцинацияны жүргізу нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының азаматтарында және тұруға ықтиярхаты бар шетел азаматтарында eGov mobile мобильдік қосымшасының "Цифрлық құжаттар" сервисінде электрондық "Вакцинация паспорты" бар. Электрондық "Вакцинация паспортында" вакцинация және ревакцинация туралы деректер көрсетіледі.
№15. КВИ-ға қарсы вакцинация паспорты қандай елдермен өзара танылады?
Қазіргі уақытта әлемнің 33 елімен вакцинация паспорттарын өзара тану туралы келісім жасалды, олар: Аргентина, Белиз, Боливия, Бразилия, Ұлыбритания, Венгрия, Грузия, Индонезия, Иран, Иордания, Испания, Канада, Қырғызстан, Мальдив, Моңғолия, Армения, Беларусь, Молдова, Перу, Сан-Марино, Сербия, Тунис, Үндістан, Филиппин, Таиланд, Түркия, Өзбекстан, Чехия, Черногория, Эстония, Жапония, Шри-Ланка, Эквадор елдері.