Биыл докторантураға қабылдау емтиханы алғаш рет тестілеу орталықтарының базасында дербес компьютер арқылы электронды форматта өтеді. Өткен жылы бұл тәсіл магистратураға қабылдау кезінде қолданылды. Осы орайда Informburo.kz магистратура мен докторантураға түсу талаптары бойынша маңызды сұрақтарға жауап берді.
№1. Магистратура мен докторантураға түсу емтихандары қашан өтеді?
Биыл 18 маусымда Ұлттық тестілеу орталығының сайтында магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеуге қатысуға тіркеу басталды. Тіркелу барысында тестілеу орнын, яғни қаланы өзіңіз таңдайсыз. Кешенді тестілеу 20 шілде мен 10 тамыз аралығында өтеді. Араб тілінен емтихан және шығармашылық емтихандар университеттерде 16-25 шілде аралығында болады.
Ал докторантураға өтінім қабылдау 3 шілдеде басталып, 3 тамызға дейін жалғасады. Докторантураға түсу емтихандары 4-20 тамыз аралығында өтеді. Докторантураға түсу үшін үміткерлер бір ғана ЖОО және білім беру бағдарламаларының бір ғана тобын таңдай алады. Докторантураға тапсыратын үміткерлер міндетті түрде үшін шет тілін меңгергенін растайтын құжатты ұсынуы керек. Өтінім ЖОО қабылдау комиссиялары арқылы қабылданады. Әрі қарай өтінімдер Ұлттық тестілеу орталығының ақпараттың жүйесіне тіркеледі. Үміткерлер емтихандарды аймақтық тестілеу орталықтарында тапсырады. Мәдениет және спорт министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты жоғары оқу орындарына түсушілер сол оқу орындарының базасында тапсырады.
№2. Кешенді тестілеу қанша блоктан тұрады?
Магистратурада білім алу үшін кешенді тестілеу 3 блоктан тұрады:
- шет тілі бойынша тест;
- оқуға дайындығын анықтауға арналған тест;
- білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тест.
Шет тілі бойынша түсу емтиханы 3 бөлімнен, 100 тапсырмадан тұрады. Тестілеу уақыты – 125 минут.
Докторантураға қабылдау емтиханы эсседен, докторантурада оқуға дайындығын растау тестінен және білім беру бағдарламасы тобының бейіні бойынша емтихан сұрақтарынан тұрады. Емтихан уақыты – 4 сағат.
№3. Шет тілін меңгергені жайлы сертификат болса да, тест тапсыра ма?
Шет тілін меңгерудің жалпыеуропалық стандарттарына сәйкес шет тілін меңгергенін растайтын бір халықаралық сертификаттары бар тұлғалар магистратураға кешенді тестілеудің шет тілі бойынша тестінен босатылады.
Ағылшын тілі:
- IELTS – кемінде 6.0 балл;
- TOEFL ITP – кемінде 543 балл;
- TOEFL IBT – кемінде 60 балл;
- TOEFL PBT – кемінде 498 балл;
- CEFR – В2 деңгей;
Неміс тілі:
- DSH – C1/С1 деңгейі;
- TestDaF-Prufung – C1/С1 деңгейі;
Француз тілі:
- TFI – оқу және тыңдалым секциялары бойынша B1 деңгейден төмен емес;
- DELF – B2 деңгейі.
- DALF – C1 деңгейі;
- TCF – кемінде 50 балл.
Оқи отырыңыз: 2021 жылы бакалавриатқа 51 500, магистратураға 13 500 грант бөлінеді
№4. Кешенді тестілеуге қалай онлайн өтінім береді?
Интерфейс тілін таңдап, электронды мекенжайыңызды жазып тіркелесіз. Электронды поштаға тіркеуді растау туралы хат келеді. Онда сілтеме, логин және құпиясөз жазылған. Сілтемеге өткен соң авторизация жасап, жеке мәліметтеріңізді толтырасыз. ЖСН, тегі, аты, әкесінің аты, телефон нөмірін көрсету керек. Содан кейін өтінім беру терезесі пайда болады. "Жоғарғы оқу орнынан кейінгі білім беру" бөлімін басып, қажет тестілеу түрін таңдау керек:
- магистратура кешенді тестілеуі;
- докторантураға қабылдау емтиханы;
- шет тілі бойынша қабылдау емтиханы.
Содан соң тестілеу санатын таңдау қажет:
- магистратура кешенді тестілеуі;
- оқу тілі ағылшын, бейінді магистратура кешенді тестілеуі;
- шығармашылықты талап ететін білім беру бағдарламалары топтарына арналған магистратура кешенді тестілеуі;
- араб тілін талап ететін білім беру бағдарламалары топтарына арналған магистратура кешенді тестілеуі.
№5. Өтінім беру кезінде қандай мәліметтер сұралады?
- азаматтық;
- ұлты;
- жынысы;
- халықаралық сертификат пен алған балын көрсету (бар болған жағдайда);
- тізімнен даярлау бағытын таңдау;
- тізімнен білім алу саласын таңдау;
- тізімнен білім беру бағдарламалары топтарыынң атауы мен кодын таңдау;
- тест тапсыру тілін таңдау;
- тест тапсыратын қаланы таңдау;
- мүгедектігі бар-жоғын көрсету.
Бәрін толтырып шыққан соң тестілеу ережелерімен танысып, келісім беру белгісін белгілеп, "Өтінім беру" батырмасын басу керек. Содан кейін төлем терезесі ашылады.
№6. Кешенді тестілеу ақысы қанша және төлем қалай жасалады?
Кешенді тестілеуге қатысу құны – 8 292 теңге. Кешенді тестілеуге төлем тіркелу кезінде онлайн жасалады. Төлемді екі жолмен төлеуге болады:
- Каспи қосымшасы арқылы;
- банк картасымен онлайн төлем.
Төлемді 30 минут ішінде жасау қажет. Төлем мен өтінім мәртебесін тексеру үшін "Жаңарту" батырмасын басу қажет. Өтінім тіркелгеннен кейін "Әрі қарай" батырмасын басу керек. Сонда тестіленушінің мәліметтері шығады. Өтінім деректерін өзгерту қажет болса "Өтінімді түзету" батырмасын басу қажет. Өтінімді өшіруге де болады.
Оқи отырыңыз: Ұлттық банк Нархоз университетінде оқуға 30 грант бөлді
№7. Тестілеу тапсырмаларын қайдан көруге болады?
Кешенді тестілеуде пайдаланылатын тест тапсырмаларымен танысып, білім деңгейін тексере алады. Онлайн байқау сынағының бағасы – 800 теңге. Ол үшін Ұлттық тестілеу орталығы сайтында жеке кабинетке тіркеліп, ыңғайлы тәсілмен төлем жасау қажет. Төлем жасалғаннан кейін жеке кабинетке құпия сөз келеді. Әрі қарай тестілеуден өтіп, нәтижесін көруге болады.
Кешенді тестілеудің үлгілік тапсырмалары сайтта орналасқан.
№8. Грант конкурсына қатысу үшін қайда құжат өткізеді?
Биыл магистратураға – 13 263, докторантураға 1 890 грант бөлініп отыр. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша – 75 балл, ақылы түрде оқимын деушілер кемінде 50 балл жинауы керек. Кешенді тестілеу тапсырғаннан кейін ЖОО қабылдау комиссиясына немесе eGov порталы арқылы:
- өтініш;
- диплом;
- шет тілін меңгеру сертификаты;
- еңбек кітапшасы;
- 3x4 фото;
- 075/у медициналық анықтамасы;
- ғылыми жұмыстар тізімі;
- жеке куәлік және тағы басқа құжаттарды ұсыну керек.