Өндірісте алған жарақатының салдарынан Айтбай оң қолынан айырылған еді. Сегіз жасынан домбыраны серік еткен күйшіге бұл оңайға соқпайды.
Сандықтағы домбыра
Бір ай аурухана төсегіне таңылып, үйіне келген соң Айтбай аспабымен біржола қоштасады. Көзіне күйік болмасын деп, сандыққа салып тастайды. Айтбай ол кезде сандыққа домбырасын ғана салған жоқ, сонымен бірге өнерін де бұғаулайды.
Қатты күйзеліске түскені сонша, ол тіпті үйінде домбыраның үнінің естілгенін қаламайтын. Ал теледидардан шертілген күйдің дауысын естісе, эфир толқынын ауыстырып тастайтын.
"Жанашырымнан айырылғандай күй кештім"
– Адам жанына жақын жанашырынан айрылғанда қандай күй кешсе, мен де дәл сол күйді басымнан өткердім. Жақын досымды, сырласымды жоғалтқандай болдым. Маған бір қолымнан айрылғаннан гөрі, домбырамнан мәңгілікке қоштасқаным жаныма қатты батты. Балаларым өнерге жақын болғанымен, маған қарайлап, домбыраға жоламайтын. Үйден домбыраның үні естілмейтін болды, – дейді домбырасынан айрылған сәтін еске алған күйші.
Кітаптың пайдасы
Айтбай Мұздаханов бір ай бойына ауруханада жатқанда сол қолмен жазуды үйренеді.
– Жастығымның астында Н.Островскийдің "Құрыш қалай шынықты" кітабы жататын. Мен сол кітапты оқыған сайын өмірге деген құлшынысым арта түсетін. Шынымды айтсам, сол кітаптың аяқтан тұруыма көп көмегі тиді, – дейді ол.
"Қалған тұқылға келсап байласаң да, бірнәрсе ойлап тап"
– Қолымнан айрылғанға дейін сегіз күйім халық арасына танылып үлгерген еді. Өнерден үмітімді біржола үзіп, қоңырқай тіршілік кешіп, тоғыз жылдай жүрдім. Өмірімді өзгерткен досымның соңғы кеңесі болмағанда, дәл солай жалғаса берер ме еді, кім білсін.
Әбдісадық Нұржанов деген ауылдасым әрі досым бар еді. Бір күні кеңсеге сол шақырып жатыр дегенге бардым. Ол кабинетінің есігін енді ашқалы жатыр екен. Маған қарап "Сен қалай әлі тірі жүрсің?" деп сұрады. Мен шалқамнан түсе жаздадым.
"Өнер адамының қанаты қайырылғанда не асылып өледі, не атылып өледі" деді. Оған өзімнің күнделікті тіршілігімді жасап, бала-шағаны бағып жатқанымды, өнерден қол үзгенімді айтып, ақталғансыдым.
Досым: – Айтбай, не қылсаң да, саған домбыраны қайта қолыңа алу керек. Сенің күйлеріңде ерекше әуен бар. Қалған тұқылға ағаш байлайсың ба, темір тағып аласың ба, бірнәрсе ойлап тап, – деді.
"Досымның тілегін жерге тастай алмадым" дейді күйші
– Досым Әбдісадық екеуіміздің сол кездесуімізден кейін төрт күн өткенде кенеттен қайтыс болды. Тағы күйзелдім, – дейді Айтбай Мұздаханов.
Досы Әбдісадықтың кеңесі есінен кетпей, қатты ойға батады. Домбыра тартудың жолын қарастыра бастайды.
Ағашты байлап көргенімен, қатты болғандықтан икемге келтіре алмайды. Сосын бір сымды майыстырып, кесілген қолға байлап, домбырасын қолына алып, тыңқылдата бастайды.
Тоғыз жылдан соң домбырасын қайта күмбірлетті
– Тоғыз жыл естімеген домбыраның дауысы шыққанда марқұм анасы екеуміз өз құлағымызға сенбедік. Анасы маған қарайды. Домбыраның дауысы қалай шығып жатыр деп таң қалдық. Төргі бөлменің есігін ашсақ, Айтбай шынтақтан төмен кесілген тұсына сымды байлап алып, соның көмегімен шертіп отыр екен. Бірақ байлаған сымы тайып кетіп, біраз машақаттанды. Бұның барлығын көріп, жылап жүрген бізге қарап, "мені мүсіркей бермеңдер" деп қуып жіберді. Қолының ауырғаны жанына бататынын ойлап, қатты уайымдаймын. Әлі күнге дейін концертіне барып, сахнада өнер көрсеткенін тамашалаған емеспін.
– Сыммен домбыра тартуға бірден машықтанып кету қиын болды. Қызым Анардың көмегімен досыма арнап, жерлеу рәсімінен кейін "Аққайың" деген күй шығардым. Досым бойшаң, келісті болатын, – дейді күйші.
– Айтбай сырттай сыр білдірмегенмен, үмітін үзген емес. Өйткені бір емшіге де барған екен. Емші оған 9-10 жылдан кейін өмірінде өзгеріс болатынын айтқан. Емшіден келген соң Айтбай маған "мен молда болатын шығармын" деп күлген. Алайда Кеңес заманында аталарымыз дін жолында жүргені үшін сотталып кетіп еді. Сол есіме түсті де, қой, керек емес деп шошындым, – дейді Хамзада апай.
Домбыраны әкемнің таяғымен үйренгенмін
Әкесі Молдаш та өнерден құралақан емес еді. Атасы ауылдағы той-томалақтарда арнайы күй тарту үшін арнайы шақыртып отырған.
Соғыс жылдары дүниеге келген Айтбайды әкесі сегіз жасынан өнерге баулыпты. Еркелеу баласын тіпті, сабап жүріп, домбыра тартуды үйреткен екен.
– Маған кейде түнде шабыт келіп қалады. Сол кезде Нұрғиса ағамыз секілді әйелімді оятып аламын. Менің сыншым да, алғашқы тыңдаушым да осы кісі. Ал саз ойыма жолда келсе, ыңылдап салып, дауысымды диктафонға жазып аламын. Өйткені қалтамда үнемі диктафон жүреді. Сосын үйде домбыраға түсіремін.
Нұрғисамен танысу
1988 жылы Қостанай облысының Амангелді ауданына "Отырар сазы"оркестірімен Нұрғиса Тілендиев концерт қоюға келеді. Сол сапарында Айтбаймен танысып, күйлерін тыңдап, баға берген екен.
– Айтбай, күй шығарғанда көрерменге не жылау керек, не рахаттанып қуану керек, бей-жай қала алмайды. "Көкейкесті" деген бірнеше күй бар. Қабаттастырып қайтесің. Бұл күйде өзіңнің зарың да бар екен, күйді "Айтбайдың сарыны" деп тарт, – деген екен.
Қазақта шолақ қолды күйші біреу ғана
Айтбай ағамыздың тек оң қолы ғана жоқ емес, сол қолының да кінәраты бар. Бала кезінде сол қолының екі саусағын отқа күйдіріп алған. Дәрігерге қаратып, емделуге ол заманда мүмкіндік болмапты.
– Қазақ үйде өстік. Қыстың күні қырауда тоңбау үшін бәрімізді оттың айналасына жан-жағымызды қымтап, отырғызып қоятын. Сондай кезде сол қолымның екі саусағын байқамай отқа басып, күйдіріп алғанмын. Дәрігерге қаралатын шама қайда, солай кем болып, бітіп кетті, – дейді күйші.
– Достарым маған үнемі қолдау көрсетіп отырды. Қайыржан Маханов, Абай Тасболатов, Жұмашев Сомжүрек көп демеу болды. Домбырашылар ішінде Айтқали мен Арман Жайымовтармен, Нұрлан Бейсеновпен жақсы араласып тұрамыз. Бұл кісілер – менің өнеріме қолдау көрсетіп жүрген жандар.
Ақын Серік Тұрғынбеков те әзілдеп : "Айтбай, сен қолым жоқ деп қайғыра берме. Сен қайта бақыттысың. Қос қолың тепе-тең сау болса, көп композиторлардың бірі болар едің. Ал сен қазір қазақта біреу ғанасың. Бұрын-соңды тарихымызда шолақ қол күйші болған емес" деп талай айтты.
Жазушы Төлен Әбдіков Айтбай ағамызбен танысып, араласып жүрген кезінде: "Бір көзі жоқ соқыр, құлағы керең композиторларды білеміз, бірақ саусақтары түгел емес, үш саусақты жалғыз қолы бар композиторды бірінші рет көруіміз. Ғажап қой, ғажап!" – деген екен.
Күй қалай таралады?
– Тоғыз жылдай қолыма домбыра ұстамаған соң, күй шығаруды да қойғанмын ғой. Ал қазір шығарған күйді де жарнамаламаса болмайды екен. Тіпті телеарна, радиодан ойнату үшін де таныс керек, – дейді Айтбай Мұздаханов.
Күйшінің туындыларының таралуына достары мен қызы Анар себепші болып, көмектеседі. Анар – қазір Астанадағы мемлекеттік академиялық филармонияның күйшісі.
Айтбай ағамыз бен Хамзада жеңгеміз екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген. Мұздахановтар 2017 жылы "Мерейлі отбасы" ұлттық байқауына қатысып, Қостанай облысында бірінші орынды жеңіп алды.
56 жыл отасқан әйелім Хамзадаға "Жан жарым" әнін арнадым" дейді күйші аға
"Амангелді дүбірі" атты алғашқы күйімен халыққа танымал болған күйшінің қазір 60-тан астам күйі мен 40-тан астам әні бар. Оның "Елім-ай", "Ару арман", "Бозтайлақ", "Қара тау" сынды туындылары халық арасында кең таралған.
"Бабалар үні" жинағына енген туындылары күйшінің айтуынша, қазақ халқының өмірінен орын алған елеулі оқиғалар мен тарихты суреттейді. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы жайлы "Ел" атты күйі осы жинаққа енген.
Айтбай Мұздахановтың арнайы музыкалық білімі жоқ. Негізгі мамандығы – электр-механик.
Соған қарамастан өнерді серік еткен күйші туралы халық ақыны Қонысбай Әбілов: "Айтбай Мұздаханов – қазақтың тарихын күйімен өрнектеген бірден бір композитор. Қазақтың басынан өткен елеулі оқиға Айтекеңнің назарынан тыс қалған емес. ...Шіркін, Айтекеңнің күйлерін "Отырар сазы", "Құрманғазы" сияқты оркестрлердің орындауында тыңдаса ғой" – деген екен.