Дамыған мемлекеттер экономика мен қоғамдық сананы "экологияландыруға" және табиғатты қорғау бойынша кешенді шараларды белсенді іске асыруға көше бастады. Осыған байланысты Nur Otan партиясы экологиялық саясатында маңызды міндеттерді шешуге атсалысады.
Елімізде мұнай мен газдың алып өндірісі орналасқан Жаңаөзен қаласында технология мен өндіріс қарқыны жоғары. Бұл орайда мұнайлы өлкедегі экологиялық ахуалды назарға алу маңызды. Мұнай өндіру ісімен айналысатын компаниялар қоршаған ортаны бүлдірмес үшін жыл сайын көптеген қаражат бөліп, тазалау, қайта өңдеу шараларын жүзеге асырады.
Жаңаөзенде соңғы жылдары тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау мәселесі өзекті болып отыр. Тұрғындар есік алдында шашылып жатқан қоқыстар ұзақ уақыт жиналмай тұратынын, ел арасында ауру тарататынын айтып шағымданып келеді. Партия қаладағы бұл мәселені ескеріп, төмендегідей шараларды жоспарлап отыр.
Nur Otan 2021-2022 жылдары Теңге, Қызылсай және Рахат ауылдарынан шығарылатын тұрмыстық қатты қалдықтарды орналастыратын типтік үлгідегі жаңа полигондардың құрылысын салу, Жаңаөзен қаласы аумағындағы жалпы ауданы 37 га ескі полигонды қайта жаңарту, 5 жыл бойы тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару үшін 5 мың дана контейнер сатып алып орнату және тұрмыстық қалдықтарды шығару үшін 7 бірлік арнайы техника сатып алуға ықпал етеді. Сонымен қатар табиғатқа ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға және өндірісте, тұрмыста таза экологиялық технологияларды енгізуді қолдайды.
Қалада өткен Канвассингте дәл осы жоспарлы жұмыстар айтылды. Қалалық мәслихат депутаты болуға кандидат Зәуре Құсайынова, Бағила Жарылғасова, Эльмира Құдайбергенова, Гүлсін Аджибаева Теңге ауылы Жалау Мыңбаев көшесін аралап, әрбір үйге жеке кіріп шықты. Тұрғындар көше жарығын күшейту, жарықшамдар орнату, тазалық мәселесі, ауылдарда бұралқы иттердің көбейіп кеткенін, жаяу жүргіншілер жолдарын салу мәселелерін көтерді.
Жарықтандыру, тазалық, жол салу жұмыстары партияның сайлауалды бағдарламасында қарастырылғанын жеткізген кандидаттар барлық сұрақтар негізге алынып, тиісті органдарға беріліп, жауапсыз қалмайтынын жеткізді.
"Nur Otan" партиясының Маңғыстау облыстық сайлау қорынан төленді. Материалды толық күйінде не оның бөліктерін қолдануға тыйым салынады.