Тоқаев жастарға сенеді
Белгілі эстрада жұлдыздарының ән-күйімен ашылған шарада Мәжіліс депутаттары, қоғам қайраткерлері, партияның сайлауалды штабының өкілдері, жұлдыздар мен спортшылар сөз сөйледі. Сонымен қатар, Тоқаевтың еліміздің әр өңіріндегі қолдаушылары сәлемдерін бейнежазба түрінде жолдады. Белсенділерден бөлек шараға қаладағы он шақты жоғары оқу орындарынан мыңдаған студент тартылды.
Шараға ҚР Тұңғыш президенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге келген Қасым-Жомарт Тоқаев:
– Бүгін біз аса маңызды сәттің алдында тұрмыз. 9 маусымда еліміз өз болашағы үшін дауыс береді. Біз біргеміз! Біздің күшіміз бірлікте! Бірлік бар жерде - тірлік бар! – деп саяси науқанда оны қолдаған жақтастарына алғыс білдірді. – Сенімді өкілдеріме, мыңдаған волонтерлерге, қоғамдық штабтардың барлық мүшелеріне алғыс айтамын. Біз бүкіл ел бойынша жүз мыңнан астам іс-шара өткіздік. Баршаларыңызға үлкен ризашылығымды білдіремін.
Өз сөзінде Тоқаев реформаның кілті жастардың қолында екенін айтты.
– Біздің басты мақсатымыз Елбасы стратегиясын іске асыру, мемлекет потенциалын пайдалану, қоғамда татулық пен бейбітшілікті сақтау, Қазақстанды барынша дамыған елдер қатарына қосу, халықтың өмір сүру деңгейін арттыру, азаматтардың еңбегіне қолайлы жағдай қалыптастыру, шағын және орта бизнесті қолдау. Ал бұл үшін реформа керек. Реформаның негізгі қозғаушы күші өздеріңсіңдер, – деді ол жастарға қарата.
Осы орайда мемлекет басшысы жастарға қолдарындағы мүмкіндікті жібермеуге кеңес берген Президент тек жақсы оқыған және көп еңбектенген адамның ғана армандарының орындалатынын айтты.
Ал форумның алдында бірер сағат бұрын да ол өзінің Туиттердегі ресми парақшасында жастар туралы былай деп жазба қалдырған еді: "Бүгінгі игі істеріміздің барлығы жастарға арналған. Сынау және барды жоқ қылу – оңай, ал жасампаздықтың жолы – қиын. Ізімізді басқан жас буынға зор үміт артамыз. Бүкіл мемлекеттік жүйені қамтитын реформалар жалғасын табады".
Партия 11 млн адамды үгіттедік деп отыр
Жалпы, билік партиясы Тоқаевтың кандидатурасын үгіттеу мақсатында республика бойынша 113 мың шара өткізген екен. Одан бөлек, кандидаттың сенімді тұлғалары 228 қоғамдық қабылдау өткізіп, 21 мың азаматпен бетпе-бет әңгімелескен.
Бір айлық науқан кезінде, партия өкілдерінің мәліметінше, азаматтардан 23 308 хат келіп түскен екен. Соның ішінде 26,3 пайызы әлеуметтік мәселелер (зейнетақы, алимент, мүгедектікті анықтау, адрестік әлеуметтік көмек) аясында болса, 22,8 пайызы үй мен жер мәселесіне, 16 пайызы тұрғынүй-коммуналды шаруашылық саласы, 10,9 пайызы жұмысқа тұру мен еңбек даулары айналасында болған екен.
Осы жұмыстардың бәрі партия өкілдерінің шамамен 11 млн азаматты қамтуына мүмкіндік берген.
Республикалық штабтың "Team Qazaqstan" жастар қанаты саяси науқанның барлық кезеңіне қатысқан көрінеді. Негізінен танымал жастар мен жұлдыздарған құралған бұл топ 156 шара өткізіп, оған республиканың әр өңірінен 50 мыңдай адам тартылған.
Тоқаевқа желіден тапсырма бергендер де болған екен
Жалпы, бір айдай уақыт ішінде сайлауалды кампания кезінде әлеуметтік желілерде 43 мыңнан астам түрлі материал жарияланған. Желі арқылы түскен 500 мыңнан астам хаттың ішінде 110 мыңы үміткерге жолданған тілек болса, шамамен тағы 400 мыңға жақыны ұсыныс пен тапсырыс ретінде жазылыпты.
Өңірлер ішінде Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстарының тұрғындары күшті белсенділік танытқан. Одан кейін Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Түркістан, Ақтөбе мен Қызылорда облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласынан 30 мыңдай хат келген. Штаб өкілдерінің айтуынша, хаттардың көбі ішінде ауыл халқы мен шағын қала тұрғындарынан түсіпті.
Сайлаудың арқасында өзекті проблемалар анықталып қалды
Келіп түскен хаттарда негізінен қаржы жүйесінің дамуы, экологиялық қауіпсіздік, мемлекеттік институттардың рөлі, инклюзивті экономиканы дамыту жұмыстары, оқыту мәселелері секілді жүйелі проблемалар мен белгілі бір бөлігі жол құрылысы, елді мекендердің жағдайы, балалар орталығын ашу, халықты көгілдір отынмен, сапалы ауыз сумен қамту секілді жергілікті және құқықтық мәселелер, жемқорлық пен әділетсіздікке қатысты, үй сатып алуда қолдау іздеу, өз кәсібін ашу секілді жеке бас мәселелер жазылған.
Тақырып жағынан негізінен әлеуметтік қамсыздандыру, оқыту жүйесі, ТКШ мәселелері, денсаулық сақтау мен жұмысқа тұру мен еңбек даулары мәселелері ең көп көтерілген. Осы орайда штаб өкілдері олардың ішінен өзектілерін теріп алып, мамандардың талқысына салып, мемлекеттік органдарға жөнелтуге уәде етті. Ал инфрақұрылым мен елді мекендердің жағдайларына байланысты хаттарды өңірлерді дамыту бағдарламасына енгіземіз деп отыр.
Қорыта айтар болсақ, Тоқаевтың сайлауалды штабының мәліметінше, белсенділер бір айда қыруар жұмыс атқарған. Жүздеген мың азаматпен көзбе-көз немесе желіде әңгімелесе отырып, күн тәртібіндегі мәселелерді анықтай алып қана қоймай, оны тиісті органдарға жеткіземіз деп серт береді. Осы орайда, халықтың мұндай белсенділіктерінің сайлаудан кейін де тоқтап қалмауын күтеді.