Тікелей эфир

Н.Назарбаев: Көпбалалы отбасылар әлеуметтік көмекті 1 сәуірден бастап алуы тиіс. Жаңалықтарға шолу

Фото Informburo.kz
Фото Informburo.kz
30 жастағы шенеунік өз кабинетінде асылып қалды. Ақтөбе облысында екі басты бұзау туылды.

Шымкентте нан қымбаттады

Бір бөлке нанның бағасы 10 теңгеге қымбаттап, 70 теңгеден сатыла бастады. Бұған басты себеп: 50 кг бір қапшық ұнның бағасы бірден 1000 теңгеге өсіп, 5200 теңге болды.

Өткен жылы қыркүйекте де осылай нан бағасы көтерілген. Оның себебін жанар-жағар майдың құнының қымбаттауымен байланыстырды. Өйткені ұн бұл өңірге негізінен Солтүстіктен әкелінеді.

30 жастағы шенеунік өз кабинетінде асылып қалды

Оралдағы облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Хасен Тоясов қызметтік кабинетінде асылып қалған жерінен табылды. БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, оқиға 5 наурыз күні, кешкі сағат 21.00-де болған. Осы фактіге байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 105 бабы бойынша ("Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу") қылмыстық іс ашылып, тергеу жұмыстары басталды.

Астана бюджетінен "Сергекке" қосымша 600 млн теңге бөлінеді

Бұл қаражат жоба бойынша мемлекеттік міндеттемелерді орындауға жұмсалады. 1 наурыздағы жағдай бойынша айыппұлдар салғаннан кейін қаланың бюджетіне 470 млн теңге түскен.

Көпбалалы отбасылар әлеуметтік көмекті 1 сәуірден бастап алуы тиіс

Н.Назарбаев осылай деп мәлімдеді. Бүгін Ақордада әлеуметтік саясатты жүзеге асыру жөніндегі өткен кеңесте Елбасы аз қамтылған, сондай-ақ көпбалалы отбасыларға 1 сәуірден бастап әлеуметтік көмек беруді тапсырды. Кеңеске ҚР Премьер-Министрі А.Мәмин, оның орынбасары Г.Әбдіқалықова мен ҚР Президент әкімшілігінің басшысы Ә.Исекешов қатысты.

Елбасы облыс әкімдері мен мемлекеттік орган басшыларының жұмысы халықтың тұрмыс жағдайы мен өмір сапасына тікелей байланысты екенін айтты.

Өткен жылы қазақстандық жұмыс берушілерге 402 млн теңге айыппұл салынды

Бақылаушы органдар 10 мыңнан астам құқықбұзушылық фактілерін анықтаған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі халықтан түскен 20 мың өтінішті қарап,1500-дей арнайы тексеріс жүргізген. Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы А.Сарбасовтың айтуынша, өткен жылы 1568 адам оқыс оқиғаға тап болған. Олардың 500-і жұмысшылардың өз кінәсінен.

Жол ережесін білмеген полицейлер жұмыстан қуылды

Әлеуметтік желіде тарап кеткен бейнежазбада Түркістан облысының полиция қызметкерлері мотоциклде дәрі-дәрмек қобдишасы керек пе, жоқ па білмеген. Онымен қоймай мотоциклде өрт сөндіргіш балон мен апатты тоқтауды білдіретін белгі болу керектігін айтып, міз бақпаған. Облыстық полиция департаменті осыған байланысты қызметтік тексеріс жүргізіп, оларды жұмыстан босатты.

Екі жылдық төмендеуден кейін такси қызметіне сұраныс артыпты

Былтыр қаңтармен салыстырғанда такси қызметін пайдалану үлесі 41,8%-ға артқан. Нарықтағы таксопарктердің де үлесі де 24,2% артқан. 2019 жылдың қаңтар айында автокөлік пен қалалық электр көлігі қызметін 1,8 млрд адам пайдаланған. Автобуспен 1,4 млрд адам тасымалданған. Қоғамдық көліктегі жолаушы тасымалдау үлесі 82,5%-дан 75,5% азайған. Ал таксиді пайдаланатындар саны 441,2 млн жеткен.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Мейрам күндері ауа райы құбылмалы болады. Алдағы 7-10 наурызда еліміздің солтүстігінде қар жауып, боран соғады. Батыстан күшті жел тұрады және көктайғақ болады. Ал, оңтүстікте кей жерлерде жауын-шашындатады. Ауа температурасы республика бойынша климаттық нормадан жоғары болады. Түнде және таңғы уақытта тұман түсуі ықтимал.
Baq.kz: Ақтөбе облысында екі басты бұзау туылды. Ресеймен шектесетін Әйтекеби ауданына қарасты Комсомол ауылында екі басты бұзау туылды. Аудандық ветеринарлық стансаның басшысы Ақмарал Бахрадинованың түсіндіруінше, гендік мутация жүрген. Табында күйекке арнайы бұқаны жібереді, алайда бұл сиыр жекенікі. Күйлегенде қандай бұқаға тап болғаны белгісіз. Туыстық мутация жүргені анық. Бұған дейін ауданда мұндай болмаған.
Серіктестер жаңалықтары