Түркістан облысы Төлеби ауданына қарасты Ханарық ауылындағы мектеп директордың меншігіне айналып барады деп дабыл қақты жергілікті жұрт, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Олардың айтуларынша, 14 жылдан бері жылы орнында тапжылмай отырған басшы жұмысқа тек өзінің туыстарын тартумен әлек.
Оған дәлел, конкурстан өтіп қызметіне кірісуге келген жас маманды қабылдамастан орнына өз жақындарын жайғастырған жағдай күні кеше ғана болды дейді тұрғындар.
Жас мамандардың айтуынша, директор жақындарынан басқаны мектеп маңайына жолатқысы келмейді. Мәселен, Динара Расулова күні кеше конкурстан өтіп, жоғары балл жинаған. Педагогты комиссия жұмысқа қабылдауға шешім қабылдапты. Алайда мектепке алып-ұшып келген көңілі су сепкендей басылған.
"Барлығыңыздың балдарыңыз бірдей деген. Содан бізден әңгімелесу тестін алады. Сол әңгімелесуден озып шығамын. Мені тағайындап кетеді, Ал екі күннен кейін осы бала жұмысқа кіреді. Өзінің туған ағасының баласы", – деді жас маман Динара Расулова.
14 жылдан бері жылы орнынан жылжымаған басшының ротациялық ауысуына уақыт жеткенін тілге тиек етті. Ал конкурсты өткізерде кемшіліктер жіберген комиссия мүшелеріне шара қолданылмақ.
"Басқа мектептерден маман алады. Сөйтіп комиссия құрамыз. Енді үш мұғалімдік қайтадан конкурсқа кіреді. Сол кезде жаңағы үміткерлердің біреуінің сертификаты, біреуінің құжаты қап кетті деп жатыр, енді бәрін өткізіп үлгереді", – деді Төлеби ауданы білім бөлімінің басшысы Бекайдар Тойлыбаев.
Ал жергілікті халық аядай ғана ауылдың шағын мектептің директоры орнын босатпаса, білім ошағындағы дау одан әрі өрши береді деп алаңдаулы.