Жұманғарин: Бизнестің қызметі салық берешегіне байланысты бұғатталмайды

Фото: Informburo.kz
Фото: Informburo.kz
Егер берешек 20 АЕК-ке дейін болса, салық төлеушіге оның бар екендігі туралы хабарлама жіберіледі.

Жаңа Салық кодексінде салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу тәсілдерін өзгерту жоспарланып жатыр. Бүгінде барлық шара 6 АЕК (23,6 мың теңге) шегінен бастап қолданылады. Жаңа кодекс берешек мөлшеріне байланысты шараларды қолдануға мүмкіндік береді.

"Маңызды мәселе, біз қазір салықтың аз мөлшеріне байланысты бизнестің барлық қызметіне тосқауыл қоймаймыз. Егер берешек 20 АЕК (78,6 мың теңге) дейін болса, салық төлеушіге салық берешегінің бар екендігі туралы хабарлама жіберіледі", – деді Серік Жұманғарин мәжілістің жалпы отырысында.

Егер берешек 20-дан 45 АЕК-ке дейін (177 мың теңгеге дейін) болса, онда салық төлеушіге хабарлама жіберіледі. Өтелмеген жағдайда банктік шоттар бойынша шығыс операциялары тоқтатылады және инкассалық өкім қойылады.

Егер берешек 45 АЕК-тен асатын болса, сауда-саттыққа шығару үшін мүлікті қосымша сипаттайды, борышкердің дебиторлары есебінен берешекті өндіріп алу бойынша жұмыс жүргізеді, сонымен қатар басшының елден тыс жерлерге шығуына уақытша шектеу, лицензияны уақытша шектеу енгізеді. Осыдан кейін ғана банкроттық рәсімі қолданылады.

Бұдан басқа, 1500 АЕК (5,9 млн теңге) мөлшерінде берешек болған кезде кейінге қалдыру/бөліп төлеу рәсімін оңайлатқысы келеді.

"Қазіргі уақытта кейінге қалдыру үшін мүлік кепілі немесе банктік кепілдік қажет. Жобада уақытша қаржылық қиындықтар кезінде бір жылға дейінгі мерзімге 1500 АЕК-ке дейінгі берешегі бар салық төлеушілер үшін кепілсіз кейінге қалдыру/бөліп төлеуді ұсыну көзделген. Бұл кепілді және оны міндетті сақтандыруды бағалау қажеттігінен босатады, сонымен қатар процесті жеделдетеді", – деді Серік Жұманғарин.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары