Тікелей эфир

Зұлқарнай Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университеті жабылады

Комитет шешімімен университет бас лицензиясынан айырылды.

Тағы бір қазақстандық университет жабылады. Бұған дейін ҚР БҒМ білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетіне университет қызметкерлерінен шағым келіп түскен болатын. Бұл университетте жоспардан тыс тексеру жүргізуге себеп болды. Нәтижесінде комиссия тексеру парағының 46 тармағының 35-і бойынша заңсыздықтарды анықтады, деп хабарлайды ҚР БҒМ баспасөз қызметі. 

"Біздің басты міндетіміз – елімізде білім мен кадрлар даярлаудың сапасын арттыру. Егер бүгін университеттер тиісті талаптарға сай болмаса, онда ертең білімі мен біліктілігі жұмыс берушілердің сұранысына сай келмейтін мамандарды шығарамыз. Әрине, тексеру және лицензияны қайтарып алу – бұл сапалы білім беруді емес, тек пайда табуды бірінші орынға қоятындар үшін тиімсіз шара. Министрлік бірінші тексеруден кейін ЖОО басшылығына бұзушылықтарды жоюға уақыт береді, бірақ көбінесе олар сот талқылауларына уақыт жұмсауды жөн санап, кемшілікті жоюға асықпайды. Әрине, бұл университеттің жабылу уақытын едәуір кешіктіріп, студенттерден төлем түрінде кіріс алуға мүмкіндік береді", – деп айтты ҚР БҒМ білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Мәншүк Әбдікәрім.

Оның айтуынша, университет қызметіне қатысты шағымдар 2020 жылдан бастап түсе бастаған.


Оқи отырыңыз: Профессор: Шетел дипломын алған студенттер "басқа елге көшу керек" деген психологиямен қалды


Айта кетейік, тексеру нәтижелеріне университет шағым түсірді, алайда бірінші және екінші сатыдағы соттардың шешімдерімен комитеттің тексеру нәтижелері бойынша барлық әкімшілік акті өзгеріссіз қалдырылып, университеттің шағымдары қанағаттандырылмады. Енді оны жоғарғы сот қарайды.

Сонымен қатар комитеттің шешімімен университет бас лицензиясынан айырылды. Бұл шешімге қатысты да университет тарапы сотқа шағымданды.

Еске салсақ, енді "Болашақпен" техмамандыққа түсу үшін 5,5 балл IELTS нәтижесі жеткілікті екені туралы хабарлаған едік. Биыл бағдарлама аясында техникалық мамандықтарды таңдайтындарға осындай жеңілдік қарастырылып жатыр.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары