Қазақстанның автожолдарында салмағы ауыр көліктер белгілі бір уақыт аралықтарында жүре алмайды.
Осьтік жүктемесі 8 тоннадан асқан көліктерге қатысты шектеулер енгізілді. Олар ауа температурасы 25 градустан жоғары болғанда белгілі бір уақыт аралығында автожолдар арқылы қатынай алмайды.
Солтүстікте мұндай шектеу 1 маусымнан бастап 15 тамызға дейін жалғасады. Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды (Қарағанды өңірі), Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында салмағы ауыр көліктерге 11:00 мен 21:00 арасында автожолмен жүруге тыйым салынды.
Оқи отырыңыз:
- 2021 жылы Қазақстанда жаңа 4 жолдың құрылысы басталады. Жалпы ұзындығы – 607 шақырым
- Құрылысы үш жылда бітпеген үш жолайрық: 145 жер телімі әлі босатылмаған
Сондай-ақ, 1 маусым мен 31 тамыз аралығында Алматы, Атырау, Жамбыл, Қарағанды (Жезқазған өңірі), Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарында шектеу 10:00-ден бастап 22:00-ге дейін жалғасады.
"Бұл шектеулердің төтенше жағдайды алдын алу, зиян шеккен азаматтарға гуманитарлық көмек көрсету, тез бұзылатын азық-түлік пен дәрі-дәрмекті тиісті жеріне жеткізу үшін жолға шыққан салмағы ауыр көліктерге қатысы жоқ. Бұдан өзге, жол құрылысы жұмыстарын жүргізіп жатқан көліктер де еркін жүре алады", – делінген ИИДМ таратқан хабарламада.