Қазақстанда жоғары оқу орындарына түсу үшін білім гранттары жаңа күнтізбелік жыл басталғанға дейін бөлінеді. Жоғары оқу орындары арасында мемлекеттік тапсырысты орналастыру конкурсы 2021 жылы 29 қарашада басталады, деп хабарлайды ҚР БҒМ баспасөз қызметі.
Білім беру гранттарын орналастыру мерзімдерін өзгерту барысында талапкерлердің де, жоғары оқу орындарының да мүдделері ескерілді.
Енді талапкерлер қай жоғары оқу орындарына және қандай мамандықтар бойынша гранттар бөлінгені туралы ертерек хабардар болады. Ал жоғары оқу орындары қабылдау науқаны бойынша жұмысты алдын ала жоспарлауға мүмкіндік алады.
Бұрын-соңды жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында кадрлар даярлауға, сондай-ақ дайындық бөлімдеріне мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруға арналған конкурс мамыр-маусым айларында жарияланатын, яғни білім грантына құжаттарды қабылдау басталғанға дейін. Жоғары оқу орындары арасында мемлекеттік тапсырысты бөлу жөніндегі комиссия да сәуір-мамыр айларында құрылатын.
Енді 2022-2023 оқу жылына арналған білім беру бағдарламаларының топтары бөлінісінде мемлекеттік тапсырысты орналастыру конкурсы осы жылдың 29 қарашасы мен 3 желтоқсаны аралығында өтеді.
"Мұндай шешімдерді қабылдау кезінде, бірінші кезекте, біз талапкерлеріміздің мүдделерін ескереміз. Енді оқуға түсушілер университет пен мамандықты алдын ала таңдай алады. Яғни, ҰБТ тапсырар алдында талапкерлер қандай жоғары оқу орындарына және қандай мамандықтар бойынша білім гранттары бөлінгенін білетін болады. Талапкерлер үшін неғұрлым қолайлы жағдай жасауға бағытталған шешімдер алдағы уақытта да қабылданатын болады", — деп атап өтті білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.
Жоғары оқу орындарында мемлекеттік тапсырыс білім берудің барлық деңгейі – бакалавриат, магистратура және докторантура бойынша орналастырылатын болады. ЖОО-лар конкурсқа қатысуға өтінімді, сауалнама, ақпараттық карта және мемлекеттік тапсырысты орналастыру бойынша ұсыныстарды ұлттық тестілеу орталығының сайтында infomap.testcenter.kz сілтемесі бойынша толтыра алады.