Қазақстандағы жоғары оқу орындарының барлығына оқыту тіліне қарамастан "Кәсіби қазақ тілі" пәні енгізіледі. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Жауапта Ғылым және жоғары білім министрлігі тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдама жобасын әзірлегені жазылған. Тұжырымдама жобасында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге және оның мәртебесін арттыруға бағытталған бірқатар іс-шаралар көзделген. Тұжырымдама жобасы ағымдағы жағдайды талдауға, халықаралық тәжірибеге шолуға, тілдік ортаға негізделген тіл саясатын жүргізуге, латын графикасына көшудің негізгі міндеттеріне, қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі қолданысын арттыруға, тіл үйрету әдістемесін жетілдіруге, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге, қазақ тіліндегі контенттің үлесін арттыруға арналған негізгі бағыттардан тұрады.
Оқи отырыңыз: АКТ терминдерінің қазақ тіліндегі алғашқы сөздігі әзірленеді
Сонымен қатар Алтай Көлгінов қазір қазақ тіліндегі терминдерді жасақтау, оның ішінде шет тілдерінен енген терминдерді игеру бойынша бірқатар мәселелер бар екенін жеткізді. Сондай-ақ міндетті сипаттағы нормативтік терминологиялық сөздіктерді шығару мәселесі пысықталуып жатқанын айтты. Бұл сөздіктер бірінші кезеңде (болжам бойынша 2026 – 2027 жылдары) министрлік жанындағы Республикалық терминология комиссиясы бекіткен терминдер негізінде әзірленетін болады.
"Министрлік мектеп терминологиясын дамыту, ресми құжаттардың стилистикасын жетілдіру, оқыту тіліне қарамастан жоғары оқу орындарының бағдарламасына "Кәсіби қазақ тілі" пәнін енгізу, сондай-ақ қазақ тілінің ғылыми, ресми-іскерлік стильдерін дамыту мәселелері бойынша ғылыми зерттеулер жүргізу мәселелерін пысықтауда", – деп жазылған жауапта.