Талдықорған қаласында іске қосылатын "Жетісу жастары" тұрғын үй бағдарламасының шарттары жарияланды. Оған қатысуға қалада "жетім және ата-ана қамқорлығынан айырылған балалар" санатындағы баспана кезегінде тұрғандар өтініш бере алады. Әзірге бағдарлама қашан іске қосылатыны белгісіз.
Несиенің негізгі шарттары:
- сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 5%;
- ең жоғары сома – 10 млн теңгеге дейін;
- бастапқы жарна жаңа пәтер үшін – 0%, қайталама нарықтағы пәтер үшін – 10%;
- несие мерзімі – 19 жыл.
"Жетісу жастары" бағдарламасын жүзеге асыруға Талдықорған қаласының әкімдігі 400 млн теңге (алғашқы транш) бөліп отыр. Несие Отбасы банкі арқылы беріледі.
Оқи отырыңыз: Әкімдіктен – 5 пайыздық ипотека. Өңірлік тұрғын үй бағдарламаларына шолу
Несие алушыларға қойылатын шарттар:
- үміткердің жасы 35 жасқа дейін болуы;
- Талдықорғанда кемінде 1 жыл тұрақты тіркеуде болуы;
- соңғы 5 жылда тұрғын үйге меншік құқығы болмауы;
- Талдықорғанда таңдаған саласы бойынша кемінде 1 жыл ресми жұмыс өтілі болуы;
- "Жетім немесе ата-ана қамқорлығынан айырылған балалар" санатында болуы қажет.
Банктің Жетісу облыстық филиалының директоры Ғалымжан Шалғымбаевтың түсіндіруінше, несие алушылар үшін алғашқы 8 жылда ай сайынғы төлем 76 600 – 87 600 теңгеге тең болады. Кейін несие сомасы 46 400 теңгеге дейін төмендейді.
Оқи отырыңыз: 5 пайыздық жаңа ипотека: тұрғын үй бағасы тағы қымбаттай ма?
Жеңілдікпен несие алатын үміткерлер пулына ұпай санын көп жинаған қатысушылар кіреді. Ұпайларға некеде тұрған жылдар саны, балаларының бар-жоқтығы, жұмыс орны мен өтілі, мамандығы, жеке кәсіпкер ретіндегі тәжірибесі, Талдықорғанда тіркеуде тұру мерзімінің ұзақтығы және тағы басқа есептеледі.