Сондай-ақ, осы уақытқа дейін мемлекеттен жұмыртқа өндірісіне беріліп келген субсидия толығымен тоқтатылады. Яғни, Солтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлеріне қолдау көрсетілмейді. Ал субсидиясыз өмір сүре алмайтынын мәлімдеген құс фабрикаларының қожайындары енді бағаны екі есеге дейін көтеруге мәжбүр болатынын айтып отыр. Бұл туралы 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы хабарлады.
Солтүстіктегі 35 құс фабрикасының тек бесеуі ғана жұмыртқа өндірумен айналысады. Кәсіпкерлер құс өсіріп, жұмыртқа шығарудың шығыны көп болатынын айтып отыр. Мәселен, биылдың өзінде жем-азық екі есеге қымбаттап, жанармай бағасы 1,5 есеге көтерілген.
"Қазір жұмыртқаның бір данасының бағасы 35 теңгеден басталады. Ал субсидияны алып тастаса, оны кем дегенде 50 теңгеден сатамыз", – дейді құс фабрикасы директорының орынбасары Александр Чесноков.
Бұған дейін мемлекет құс фабрикаларына бір дана жұмыртқаға үш теңге субсидия төлесе, былтырдан бері оны 2 есеге қысқартып тастаған. 2022 жылдан бастап жұмыртқа өндірісі үшін субсидия мүлде төленбейді. Себебі, Қазақстанда жұмыртқа тұтыну бойынша сұраныстан ұсыныс көлемі артып отыр. Ал субсидия енді Қазақстан өзін өзі толық қамтамасыз ете алмай отырған тауарларға ғана төленбек.
"Ауыл шаруашылығы министрлігінің ережесіне өзгеріс енгізілмесе, ендігі жылдан бастап жұмыртқаға субсидия төлемейміз. Жұмыртқа бағасын еркін айналымға жібереміз. Бұдан былай бағаны нарық өзі реттеуі тиіс", – деді СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы: Жасұлан Уәлибеков.
Материалдың толық нұсқасын төмендегі видеодан көріңіз: