Жетісу облысында кісі қолынан қаза тапқан 15 жастағы Құралай Қисабекованың жақындары қылмыскердің туыстары ауылдан көшіп кетуін талап етіп отыр, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
"Үкілеп отырған қызымызды зорлап, өлтіріп, өртеп жіберген күдіктінің туыстарымен бір ауылда жер басып жүре алмаймыз", – дейді қайғыдан қан жұтқан әулет.
Еске салайық, Панфилов ауданының Шолақай ауылында жоғалып кеткен оқушы қыздың денесі бір аптадан кейін табылған еді. Оқушы қызды зорлап, өлтіріп, артынша өртеп жіберген деген күдікпен 38 жастағы ауылдасы ұсталды. Ол қызды қай жерде өлтіріп, көмгенін көрсетіп берген.
Марқұмның туыстары істің жан-жақты зерттелуін талап етіп отыр.
"Тергеушінің айтуынша, бір-екі жерінен пышақ тиген, қансыраған. Сонымен қатар, телефонды айғақты жоғалту мақсатында өртеген. Қыздың денесіне өрт тиген. Жалғыз бір адамның сондай айуандыққа баруіы адамның миына сыймайды", – дейді марқұмның туысы Рысты Мақажанова.
Оқи отырыңыз: "Анаңа айтсаң, аямаймын". Зорлық көрген балалардың құқығын кім қорғайды?
Оқиғадан кейін Шолақай ауылының тұрғындарынан маза кетіп, ауылдағы тәртіпті бақылау үшін күштік құрылым келген. Жетісу облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінің өкілдері қазір де ауылда күштік құрылым қызметкерлері жағдайды бақылауда ұстап тұрғанын растады. Әкімдік те жағдай бақылауда екенін мәлімдеді.
"Бұрын сотталған 38 жастағы азамат қамауға алынды. Оның үстінен кәмелет жасқа толмаған қыз баланы зорлау және өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жалпы Панфилов ауданында жағдай тұрақты. Облыс әкімшілігінің және құқық қорғау органдарының бақылауында", – деп мәлімдеді облыс әкімі баспасөз қызметінің өкілі Думан Алтынбекұлы.
Марқұмның жақындары күдіктінің туыстарымен бір ауылда тұра алмайтынын айтып, көшіп кетуін талап етіп отыр.
"Туыстары, бауырлары, артында баласы бар – солар ауылдан кетсін. Келесі адамдар сондай қадамға ойланып баруы үшін ең қиын жазалар қолданып, олар да қиыншылық көрсін. Құралайдың әкесі мен шешесінің Құралайдың артында өсіп келе жатқан іні-сіңлілерінің алдынан шығып, қайғысын қайта-қайта есіне түсірмеуі үшін", – дейді Рысты Мақажанова.
Ал тағдыры қыршыннан қиылған 15 жастағы қыз бес ағайынды, өзі үйдің ортаншысы болған.
Оқи отырыңыз: Полиция енді зорлықшының отбасымен араласуын бір айға дейін шектей алады