Қырғызстанның бас сейсмологы Қанат Абдрахматов Facebook желісінде Тянь-Шань тауларындағы сейсмикалық кезеңдерді сипаттайтын зерттеуді жариялады. Бұл зерттеу Қырғызстан ғалымы, профессор Э. Мамыровтың мәліметтеріне негізделген.
Қанат Абдрахматовтың түсіндіруінше, 1900 жылдан бері үш сейсмикалық белсенді кезеңді бастан өткерсек, 2008 жылдан бастап төртінші кезең басталған. Мұндай әр кезеңнен кейін сейсмикалық белсенділіктің әлсіреуі байқалады.
"Графикада қызыл түспен бейнеленген кезеңде қуатты жер сілкіністері болса, жасылмен бейнеленген кезеңде сейсмикалық белсенділік әлсірейді. Дегенмен, бұл жер мүлде сілкінбеді деген сөз емес. Бірақ олар қалыпты болып, қуаты 5-6 балдан аспаған", – деп түсіндірді Қанат Абдрахматов.
Оқи отырыңыз: Жер сілкінісінің ошағы Алматыға жақындап келеді. 130 жыл бұрынғы жойқын зілзала қайталана ма
Сейсмологтың айтуынша, қазір біз 2008 жылы басталған сейсмикалық белсенді кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Ол болжам бойынша 2026 жылы аяқталуы тиіс.
"Мамыровтың есебінше, бұл кезеңде жер сілкіністерінің қуаты 5-6 балдан аспауы қажет. Бұл болжам қазірге дейін сәйкес келіп жатыр. Тек біздің болжамымыздан асып түскен бір оқиға – Қытайда 2024 жылғы 23 қаңтарда болған зілзала", – деп жазды сейсмолог.