Тікелей эфир

Жер секундына 14 атом бомбасының жылдамдығымен жылынып келеді – Geosphere Austria

Австрия ғалымдары жүз жыл сайын қайталанатын су тасқындары енді жиілей беретінін мәлімдеді.

Австриялық ғалым, Geosphere Austria климаттық зерттеулер бөлімінің жетекшісі Марк Олефс соңғы апталарда Орталық Еуропаны әбігерге салған су тасқынының енді жиірек болатынына болжам жасады, деп хабарлады Euronews. Бұған себеп – планетаның жылдам жылынуы. 

Марк Олефстің айтуынша, егер мұндай жойқын су тасқындары әр жүз жыл сайын қайталанады деген тұжырым бар болса, енді олар 80-90 жылда қайталанып отыруы мүмкін. 

"Қазіргі таңда біз, яғни Жер планетасы секундына Хиросимаға тасталған атом бомбасының 14-інің жылдамдығымен жылып келеді. Бұл адамдардың қосып жатқан қосымша энергиясы, соның есебінен Жер қызып жатыр. Ал бұл ауадағы су буының көбейуіне әкеледі, демек нөсер жауын да көбейеді", – деп түсіндірді Марк Олефс. 


Оқи отырыңыз: Климатолог Алексей Кокорин: Cу тасқыны енді әр 5 жыл сайын қайталануы мүмкін


Еске салайық, Орталық Еуропадағы су тасқыны кезінде бірнеше адам қайтыс болып, табиғи апат бір миллиард еуродан астам экономикалық шығын келтірді. Басылымның жазуынша, Австрияның Санкт-Пёльтен ауданында 6-9 айда жауатын жаңбыр бар болғаны бірнеше күнде жауған (бір шаршы метрге 430 литр жауын-шашын). 

"Біз қазірдің өзінде бүкіл Орталық Еуропа аумағы, сондай-ақ, мұхиттар мен құрлықтардың температурасы индустрияландыру кезеңіне дейінгі уақытпен салыстырғанда 2-3 градусқа жылынғанын көріп отырмыз. Бұған парник газдарының ауаға бөлінуі – басты себеп. Ол климатты өзгертіп жатыр", – деді Марк Олефс.

Серіктестер жаңалықтары