Тікелей эфир

Жеке мектептер табыс көзіне айналды. Оқу министрлігі оларды тексеруге рұқсат сұрап отыр

Министрлік прокуратура мен Ұлттық экономика министрлігіне ұсыныс енгізген.

Қазақстанда жекеменшік мектептер орта білім беру саласын дамытуға үлкен үлес қосқанымен, соңғы жылдары мектеп ашуда ақша табу мақсатын ғана көздейтін кәсіпкерлер қатары көбейген. Бұл туралы оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев "Хабар 24" арнасының "Бетпе-бет" бағдарламасында айтты. 

Министрдің айтуынша, соңғы кездері кей кәсіпкерлер жекеменшік мектеп салу ісін бизнеске айналдырып, оған білім беру ісі емес, табыс көзі ретінде қарай бастаған.

"Жалпы, жекеменшік мектептердің елдегі білім жүйесінің дамуына үлкен үлес қосқанын жоққа шығара алмаймыз. Бірақ, соңғы кездері кей кәсіпкерлер жекеменшік мектепті бизнеске айналдыра бастады да, ақша табу жағына кетіп қалды. Мектеп немесе білім саласындағы нысандар бизнес деп аталмауы керек. Ол – әлеуметтік сала. Ұйым жекеменшік болғанымен, бала жекеменшік емес қой. Сондықтан мемлекет мұны міндетті түрде бақылауда ұстауы керек", – деді министр.


Оқи отырыңыз: 2023 жылы лицензиясыз жұмыс істеген 32 мектепке айыппұл салынды


Ғани Бейсембаев жекеменшік мектептер іске кіріспес бұрын Оқу-ағарту министрлігінің сапаны қамтамасыз ету комитетінен лицензия алатынын, тексерілетінін еске салды. Алайда, министр бар мәселе мектептер лицензия алғаннан кейін басталатынын айтты.

"Лицензия алғаннан кейін мектептердің оқу бағдарламасы біздің бақылауымыздан тыс қалып келген. Өйткені, кәсіпкерлік туралы кодекске байланысты мораторий жарияланып, тексеруге тыйым салынған. Бұл бағытта Прокуратураға және Ұлттық экономика министрлігіне тексеруді қайтадан жандандыру туралы ұсыныс бердік", – деді министр. 


Оқи отырыңыз: 2 жылда – 238 жеке мектеп. Қазақстанда ақылы оқуға сұраныс күрт өсті


Министр бұл шара кей кәсіпкерлерге ұнамайтынын екенін ескертті.

"Осы мәселелерді талқылаған кезде біраз жекеменшік мекеме маған ренжіп қалды. "Министр бізді қысып жатыр" дейді олар. Бірақ, бұл қысу емес, талап қою. Бізде ортақ түсінік пен стандарт болуы қажет, Заңға бағынатын ортақ мәдениет қалыптастыру керек. Білім стандарттарын бұзып жатқандарға біздің талап ұнамауы мүмкін. Ал о бастан тәртіпті сақтап отырған мекемелерде ешқандай қорқыныш болмайды", – деп түйіндеді Ғани Бейсембаев.

Серіктестер жаңалықтары