Балаларды қорғау күніне орай "Жазғы кино" ауқымды әлеуметтік жобасы басталды, деп хабарлады мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев. Оның айтуынша, жаз бойы көпбалалы, көмекке мұқтаж, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары мен жасөспірімдерге тегін кино көрсетілімдер ұйымдастырылады.
Жобаны "Қазақконцерт" мемлекеттік концерттік ұйымы, "Қазақфильм" АҚ, "Ұлттық киноны қолдау орталығы" АҚ бірге жүзеге асырып жатыр.
Оқи отырыңыз: "Бекзат", "Жақсылық", "Балуан Шолақ". Қазақ спортын арқау еткен 10 кинотуынды
Сондай-ақ, "Балалар жылы" аясында республикалық "Ұлағатты ұрпақ" мәдени-білім беру онлайн жобасы қолға алынған. Жоба сайттар мен әлеуметтік желілерде жүргізіледі.
"Қазіргі таңда қаралым саны 986 мыңға жетіп отыр, жыл соңына дейін 2 млн қаралымға барады деп күтілуде. Бұл өте ауқымды қызық жоба. Оқушылар үйден шықпай-ақ, виртуалды саяхат жасап, опера, балет, драма өнерінің үздік үлгілерін тамашалап, қазақстандық және шетелдік фильмдер мен мультфильмдерді көре алады. Дәріскер ретінде белгілі мәдениет және өнер қайраткерлері, шығармашылық ЖОО-лардың профессорлық-оқытушылық құрамы 20 сайтқа 5 бағыт бойынша екі тілде әзірленген 402 бейнесабақ толық енгізілді", – деп түсіндірді министр.