Тікелей эфир

"Заңға қайшы". Блогер-депутаттар әлеуметтік желіден түскен табысын қайда жұмсайды?

Заңгер депутаттардың желіде жарнама жасауы заңға қайшы, жазасы да қатаң екенін айтты.

Жаңа Парламенттің төменгі палатасында әлеуметтік желіде өте белсенді танымал журналистер мен блогерлер аз емес. Кейбірінің Youtube және Tik-Tok желілеріндегі арнасына жарнаманы кіріктірілген. Алайда заңгерлер мұның заңға қайшы екенін айтады, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.

Белгілі журналист әрі депутат Нартай Сәрсенғалиев Youtube арнасында әлеуметтік мәселелерді көп қозғайды. Депутат желідегі әр шығарылымнан ақша түсетінін растады. Алайда қаражат арна ақысы, студия қажеттіліктері, қонақтардың суы мен кофесіне жұмсалатынын, одан артылған соманы қалтасына баспайтынын айтты.

"Менің жеке бас пайдам жоқ. Ол қаражат редакторлар, арнайы айналысатын адамдардың есебіне келеді. Олар өздері студияны жалға алады. Соның шығынын төлейді, содан кейін аз-маз тиын қалса, қайырымдылыққа жұмсалады. Себебі азық-түлік тұрғысында, садақа ретінде көмек сұрайтын азаматтар хабарласады, соған қалған бөлігін жолдайды", – деді Нартай Сәрсенғалиев.

Ал Instagram мен Tik-Tok-та танымал блогер Дәулет Мұқаев депутат орындығына жайғасқалы бері бұл кәсібіппен қош айтысқанын жеткізді.Айтуынша, енді тек саясатпен айналыспақшы.

"Youtube арна, Telegram-дағы арналардың барлығы командадағы балаларға тиесілі. Себебі оны жүргізуге қазір, шынымды айтсам, уақыт та жоқ", – деді Дәулет Мұқаев.

Дегенмен, белсенді мәжілісмендер өзінің ресми парақшасымен тұрақты түрде айналысатынын айтты. Өйткені ол – қоғамның талабы әрі имидж және халықпен кері байланыс үшін қажет дейді.


Оқи отырыңыз: 2023 жылы сайланған Мәжіліс депутаттарының толық тізімі


Ал заңгерлер депутаттардың желіде жарнама жасауы заңға қайшы, жазасы да қатаң екенін айтты.

"Депутатқа қандай да бір ақылы қызмет атқаруға, не болмаса кәсіпкерлікпен айналысуға тыйым салынған. Егер де осы ережелер сақталмайтын болса, орталық сайлау комиссиясы депутаттың өкілеттігін тоқтатады. Жалпы соңғы жылдары заң шығарушы органның Конституция нормаларын бұзуы жиілеп кетті. Бұл біздің елдегі Конституциялық заңдылықтың төмендігін және құқықтық мәдениеттің нашарлағанын көрсетеді", – деді заңгер Айыпхан Мұхамадиев.

Заңгердің айтуынша, мәжілісмендердің мәселе көтергенде белсенді болғаны жақсы, бірақ әлеуметтік желіде кері байланыс пен жарнаманы шатастырып алмау керек. 

Серіктестер жаңалықтары