Тікелей эфир

Жәмішев: Қаңтарда қаза тапқан 13 бейбіт тұрғынның туыстарына ақша аудару мәселесі қаралуда

Үш айда "Қазақстан халқына" қоғамдық қорына 126,05 млрд қаржы түсті.

Бүгінгі таңда қаза тапқан 19 және ауыр жараланған 106 ішкі істер министрлігі, ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің отбасы мүшелеріне және қорғаныс министрлігі мен республикалық ұланның әскери қызметшілеріне материалдық көмек көрсетілді. Жалпы сома 451 млн теңгені құрады, деп мәлімдеді қордың төрағасы Болат Жәмішев.

Сондай-ақ, қаңтар оқиғасында жазатайым қаза болғандардың туыстарына қаражат бөлінгені хабарланды. Қаза болған үш азаматтың отбасы мүшелеріне ақшалай төлемдер жіберіліп, олардың жазатайым оқиғаның құрбаны екенін құзырлы орган растаған. Сондай-ақ зардап шеккен үш баланың және қайтыс болған екі баланың отбасыларына ақшалай төлемдер жіберілген. Бұл санаттағы жапа шеккендерге төленген жалпы төлем сомасы 44 млн теңгені құрады.

"Қазір қаза тапқан 13 бейбіт тұрғынның туыстарына ақша аудару үшін ақпараттары нақтылануда. СМА және Дюшен синдромы бар 20 бала мен 2 ересек адамға дәрі-дәрмек сатып алуға арналған келісімшарт қол қою кезеңінде тұр. Сондай-ақ жақын арада Муковисцидоз диагнозы қойылған 16 балаға дәрі-дәрмек сатып алынады. Жұлын бұлшық еттерінің атрофиясы бар 4 балаға Қазақстанда тіркелмеген қымбат тұратын Onasemnogen abeparvovec (Zolgensma) препаратын сатып алу туралы шешім қабылданды", – деді Болат Жәмішев.

Қор жетекшісінің айтуынша, қазір төрт науқасқа да дәрі-дәрмек салынып, дәріні қабылдау және дәріні енгізуден кейінгі қалыпқа келу кезеңі сәтті өткен.


Оқи отырыңыз:


Алғашқы дәрі төрт айлық Айсина Айнамкөзге, кейін Асқар Фатимаға дәрінің тұнбасы салынған. Сүлеймен Әмина мен Жаңбырбай Айсезім де дәрі салдырды.

"Ана мен бала медициналық орталығының базасында "СМА емдеу" көп бейінді медициналық тобы құрылып, қазақстандық мамандар үшін Золгенсманы қолдану бойынша 2 оқу курсы өткізілді. Осы категориядағы бөлінген қаржының жалпы сомасы 9,7 млрд теңгені құрайды. Қор Мәскеу қаласында федералды мемлекеттік бюджеттік мекеме – В.И. Кулаков атындағы акушерлік, гинекология және перинатология ұлттық медициналық ғылыми орталығының емханасында БҚО-дан кішкентай қызды хирургиялық емдеудің 2 курсына қайырымдылық көмек ұйымдастыруға көмектесті. Ал Атырау облысынан туабіткен жүрек ақауының аса ауыр түрімен ауыратын баланы Кореяның Сеул қаласындағы Incheon Sejong hospital медициналық мекемесіне жеткізу үшін көмек көрсетілді.  Жалпы сома – 52 млн теңге", – деп қосты Болат Жәмішев. 

Қайырымдылық көмек көрсетуді жалғастыра отырып, қор келесі бағыттар бойынша жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыруға кіріседі.


Оқи отырыңыз: 


Денсаулық сақтау саласында:

  • орфандық дертке шалдыққан науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жобасы;
  • медициналық ұйымдарды офтальмологиялық, аудиологиялық скринингтер мен ауруларды ерте диагностикалау үшін жабдықтармен қамтамасыз ету бағдарламалары;
  • ағзалар мен тіндерді трансплантациялауға, онкологиялық және онкогематологиялық патологияларға мұқтаж науқастарға қайырымдылық көмек көрсету жобалары;
  • мүгедектерді (балалар мен ересектерді), атап айтқанда, бионикалық протездерді оңалту үшін техникалық құралдармен қамтамасыз ету бағдарламалары.

Білім беру саласында "Ауылдар мен шағын қалалардағы мектептің білім деңгейін көтеру" бағдарламасын жүзеге асыру.

Серіктестер жаңалықтары