Жамбыл облысындағы жарылыстан үйлеріне зақым келген Қайнар ауылында 12 құрылыс компаниясы өз қаражатына жөндеу жұмыстарын бастай беруге ниет білдірді. Тиісті құжаттар реттелген соң, республикалық бюджеттен оларға жұмсаған қаражаты қайтарылады. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаев мәлімдеді.
"Жойқын жарылыс болған жерге ең жақын Қайнар ауылы орналасқан. Әскери бөлім екеуінің арасы 420 километрді құрайды. Осы ауылда 19 үйге елеулі зиян келген. Жалпы онда құрылыс жұмыстары басталып кетті. Облыс әкімінің тапсырмасымен баспанасыз қалған тұрғындарға әскери палаткалар құрылып, сол жерде дүние-мүліктерін сақтауға жағдай жасалды. Қазіргі кезде барлық құрылыс компаниясы сол жерде қарқынды жұмыстарын бастады. Екі ай ішінде толық аяқтаймыз деп жұмыстарын жүргізіп жатыр", – деді Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил.
Құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаев осы үйлерді жөндеу жұмыстарына қаражат бөлу тәртібінің қалай жүзеге асып жатқанын түсіндірді.
"Төтенше жағдай болған жердегі дефектілер анықталған соң, құрылыс компанияларын жинадық. Кейін олардан "Кім құрылыс жұмысымен айналысқысы келеді? Кімнің материалдық базасы бар? Қаражаты қаншалықты жеткілікті?" деген сұрақ қойдық. Ішінде 12 компания өз еркімен ниет білдірді. Әдетте бюджеттен қаржы бөлінуі үшін белгілі бір уақыт қажет. Біз күте алмаймыз. Осы орайда құрылыс жұмыстарын компания қаражаты есебінен жүргізуді бастадық. Әрі қарай бұл сома республикалық бюджеттен бөлінетін болады", – деп түсіндірді Ерлан Орынбаев.
Еске салсақ, Қазақстанда баспана салу қарқыны 9,8% өсті. Қалаларда тұрғын үй жан басына шаққанда 25 шаршы метрден келеді.