Тікелей эфир

Жамбыл өңірінде егіс көлемі еселеп артуда

Аймақтағы Қордай ауданында жалпы егістік көлемі 137,4 мың гектар алқапты құрайды.

Қазіргі таңда дала төсіндегі орақ науқаны қызған шақ. Осы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын 100,8 мың гектар алқапқа орналастырған қордайлық диқандар дамыл таппай еңбек етуде.

Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметіне сүйенсек, биыл бидай 20,1 мың, арпа 36,525 мың гектар алқапқа орналастырылған. Бұдан бөлек, 3,5 мың көкөніс, 0,3 мың бақша, 2 мың картоп, 6,5 мың дәндік жүгері мен 1,025 қант қызылшасы алқабы бапталуда. Ал, масақты дәнді дақылдардан бидай мен арпа ораққа түскен. Қазіргі таңда бидайдың 3257 гектары орылып, 5048 тонна өнім алынған. Оның орташа түсімі 15,5 центнерді құрап отыр. Сондай-ақ, арпаның 7489 гектары орылып, түсімі – 10634 тоннаны құраған. Әрбір гектардан түскен орташа өнім көлемі – 14,2 центнер. Жалпы, масақты дәнді дақылдарды жинауға 88 комбайн жұмылдырылған.

Айта кетейік, аудан бойынша мал азығын дайындау үшін жалпы 33 278 гектар алқаптан мал азығын жинау көзделген. Оның 23 840 гектарын көпжылдық шөп, 9 038 гектарын табиғи шабындық және 400 гектарын сүрлемдік жүгері құрайды. Бұл күнде 260 775 тонна пішен, 240 мың тонна пішендеме дайындалған.

Серіктестер жаңалықтары