Шу ауданына қарасты Бірлікүстем ауылынан кірпіш шығару цехын ашқан ол "Ауыл аманаты" жобасы мол мүмкіндік бергенін айтады.
"Кәсіпорын өз жұмысын 2016 жылы бастады. Былтыр "Ауыл аманаты" жобасының 5 бағыты бойынша 8 миллион 600 мың теңге алдық. Қазіргі таңда тәулігіне 2 мың дана құмды блокты кірпіш шығарып жатырмыз. Мұндағы сегіз түрлі кірпіштің бағасы да әртүрлі. Жалпы, қызыл, сары және қара түсті құмды блоктар сәнді көрінеді. Құмды блоктың қарапайым түрі – 200, рбани деп аталатыны – 400 теңге тұрады. Цехта 9 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Көпшілігі осы Бірлікүстем ауылының тұрғындары. Жалақылары 300 мың теңгеден кем емес", – дейді Нұрбақыт Қыдырбайұлы.
Цех басшылығы тәулік сайын шығарылатын кірпішті тапсырыс берушінің мекен жайына жеткізіп беруде оңынан шешкен. Кәсіпкер алдағы жылдарда тәулігіне 2 мың 600 дана кірпіш шығарып, жұмысшылар санын көбейтуді де ойластырып отырғанын жеткізді.
Айта кетейік, тамыз айында өңірге жұмыс сапарымен келген Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова аталған кірпіш цехына барған болатын. Вице-премьер "Ауыл аманаты" жобасы түрлі-түсті құмды блок шығаратын цех жұмысының жандануына өз септігін тигізгенін атап өтті.