Жамбыл облысындағы Мойынқұм ауданында өнеркәсіп өндірісі 97,2 миллиард теңгені құрады. Бұл туралы аудан әкімі Ермек Кәрентаев Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз мәслихатында баяндады.
Оның айтуынша, ауданда есепті кезеңде 1670 кг алтын, 302 кг күміс, 1,4 миллион тонна цемент, 1,2 миллион тонна әктас, 124,8 мың тонна барит рудасы мен концентраты, 92,6 мың шаршы метр қаптау плиталары, 71,8 мың тонна көмір, 900 тонна балық және 33,7 мың текше метр гранит сияқты өнеркәсіп өнімдері өндірілді. Ал, ауыл шаруашылығының жалпы өнімдерінің көлемі 5,1 миллиард теңгені, негізгі капиталға салынған инвестициялар 19,1 млрд теңгені құрады. Бұдан бөлек, құрылыс жұмыстарының көлемі 29,6 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 16 млрд теңгеге артқан.
"Аудандағы 9 елді мекенді (Кеңес, Бірлік, Биназар, Назарбеков, Көкжелек, Күшаман, Жамбыл, Мойынқұм, Қылышбай ауылдары) газдандыру жобалары Шу ауданы, Қонаев ауылының газ құбырына қосылу нүктесінен, Мойынқұм ауданының Қылышбай ауылына дейінгі газ құбырлары жобасы 7 кезеңге бөлінді. Жобаның болжамды сметалық құны 31,5 миллиард теңгені құрап отыр. Қазіргі уақытта 1-ші кезеңнің жұмыстары басталды. Облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы мемлекеттік сатып алу жұмыстарын жүргізіп, "Азия Каспиан" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 18,5 миллиард теңгенің құрылыс жұмыстарын қолға алған. Газдандыру жобаларының алғашқы үш кезеңі ауыл сыртындағы трасса құбырының құрылысы болып табылады. Одан кейін ауылішілік газ құбырларының құрылысы жүретін болады. Сондай-ақ, Хантау, Құмөзек, Қарабөгет және Сарыөзек елді мекендерін газдандыру жобасы бойынша жер телімінің мемлекеттік актісін алу мақсатында жерге орналастыру жобасы дайындалуда. Атап айтқанда, шаруа қожалықтарының келісімдері жинақталуда. Бұл елді мекендердің ауылішілік газ құбырының жобасы дайын, сараптаманың оң қорытындылары алынды", – деді Ермек Кәрентаев.
Айта кетейік, бүгінде Мойынқұм ауылының іргесіндегі Радай өзені арқылы өтетін көпір құрылысын жүргізу үшін 555,5 миллион теңге қаржы қарастырылып, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде. Қарабөгет ауылына кіре беріс аудандық мәндегі автомобиль жолындағы 432,6 миллион теңгені құрайтын көпір құрылысы жобасы әзірленіп, 2025 жылға қаржыландыруға облыстық салалық басқармаларға ұсынылған.
Сондай-ақ, Шу өзенінің түбін тазарту және реттеуші су құрылысы жобасына бюджеттен 855,6 миллион теңге қаржы қаралған болатын. Сонымен қатар, аудандағы 24 елді мекеннің 20-сы орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтамасыз етілген.
Биыл жол саласына 749,6 миллион теңге бөлініп, елді мекен көшелерінің 22,1 километріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Барлығы 7 орташа жөндеу жобалары іске асырылaды. "Приоритет 50/50" бағдарламасы бойынша ұзындығы 5,83 километрді құрайтын 2 жобаға аудандық бюджеттен 136,7 миллион теңге қаралды. "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы бойынша ұзындығы 5,6 километр екі жобаға 284,7 миллион теңге, аудандық бюджеттен ұзындығы 4,8 километрді құрайтын екі жобаға 178,9 миллион теңге қаралды. Сонымен қатар, Мыңарал ауылы мен Қарабөгет ауылындағы мектептер авариялық деп танылып, жабылған болатын. Биыл бұл мектеп құрылыстарына республикалық бюджеттен 3,4 миллиард теңге бөлінді.
"Мыңаралдағы 120 орындық және Қарабөгеттегі 80 орындық жаңа мектеп ғимараттарының құрылысы жүргізіліп, жыл аяғына дейін пайдалануға берілетін болады. Қазір "Ауыл – ел бесігі" жобасы аясында Айдарлы ауылында 90 орындық клуб пен кітапхана құрылысы жүруде. Бұл нысан келесі жылдың мамыр айында пайдалануға берілетін болады. Осы жоба аясында құны 340,4 миллион теңгені құрайтын Айдарлы ауылындағы спорттық-сауықтыру кешенінің құрылыс жұмыстарын жыл соңына аяқтау жоспарлануда. Сондай-ақ, биыл кәсіпкерлердің демеушілігімен Бірлік, Ұланбел, Мыңарал ауылдарында балалар ойын алаңшалары мен футбол алаңшалары пайдалануға берілді. Сарыөзек ауылындағы медициналық тірек ғимаратының құрылысы толығымен аяқталды. Осындай аудандағы инфрақұрылымды дамыту, экономикалық көрсеткіштерді арттыру және халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытындағы жұмыстар алда да жалғасып, 2025 жылға арналған жоспарларға сәйкес, бірқатар ірі жобаларды іске асыру көзделіп отыр", – деді аудан әкімі Ермек Кәрентаев.