Аймақтағы Талас ауданына қарасты Көктал ауылының тұрғындары тарапынан бұған дейін елді мекендегі карьерді пайдаға жарату мәселесі көтерілген еді. Бүгінде бос тұрған кәсіпорын жерлерін игеруге ниет білдірушілер табылды. Бұрынғы Тараз мәрмәр карьерін пайдаланып, өнім шығаруға ниет танытқандардың бірі – "Азия НС" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Серіктестіктің Көктал ауылы аумағында жұмыс бастағанына екі жылға жуықтады. Ал, мәрмәр карьерін игергеніне бір жарым жылдан асты.
"Азия НС" ЖШС-нің жоба жетекшісі Қожахмет Ауданбековтің айтуынша, бүгінгі күні серіктестік мәрмәр қоқымын, мәрмәр қоспасын шығарады. Сонымен қатар, карьерден тасымалданған өнімдерді арнайы уатқыш-сұрыптағыш кешен арқылы ұнтаққа айналдырады. Мұндай өнімдер құрылыста кеңінен пайдаланылады. Қазір тиісті жұмыстарға жүк артқыш, КамАЗ, экскаватор сияқты арнайы техникалар тартылған. Мұнда 6 адам жұмыс істейді. Олардың еңбекақылары атқарған жұмыс көлемімен есептеледі. Қазір "Азия НС" серіктестігі айына 7 мың тонна өнім шығарып отыр.
"Мұнда жұмыс істеуге 10 жылға келісімшартымыз бар. Алдағы жылдың басынан өнім көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Сондай шығаратын өнімдердің қатарын мәрмәр ұнтағымен толықтырмақпыз", – деді Қожахмет Мұхтарұлы.
Бастысы, Көктал ауылына жақын орналасқан карьерлердің қайта пайдаға жаратып, іске косушы серіктестіктердің табылып жатқанына ауыл тұрғындары да риза. Өйткені, шағын кәсіпорындар ауылдың тұрмысын көтеруде, жаңа жұмыс орындарын ашуға аз үлес қоспайды.
Бір кездері Көктал мәрмәр тас карьері іргелі кәсіпорын саналып, тірлігі қайнап жатқан өндіріске айналған дегенге сену қиын. Дегенмен, сол уақытта Көкталдың мәрмәрына кәдімгідей назар аударылды. Осы маңда бұдан бөлек бірнеше карьер қатар іске қосылған еді.