Тікелей эфир

Жамбыл облысында "Жайлы мектеп" жобасы жоспар бойынша жүзеге асып жатыр

Жоба аясында облыста барлығы 12 мектеп салу жоспарланған.

"Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында алғашқы мектептердің құрылысы аяқталып, Байзақ ауданы Сарыкемер ауылындағы 600 орындық №7 орта мектебі ел игілігіне берілді. Ал жақында ғана Тараз қаласындағы №66 мектептің салтанатты ашылуына Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің өзі қатысты.

Жалпы, аталған жоба аясында облыс бойынша 12 мектеп салу жоспарланған. Нақтылай түссек, Байзақ ауданында 1, Жамбыл ауданында 1, Қордайда 3, Меркі де 1, Шуда 2, Тараз қаласында 4 мектеп пайдалануға берілмек. Оның ішінде, биыл 6 мектеп ашылса, 2025 жылы 6 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

Облыс әкімдігінің білім басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Қызылқұлованың айтуынша, өңірде тозығы жеткен мектеп мәселесі толығымен шешілген.

"Биыл 3 мектептің ғимараты жаңадан пайдалануға беріліп, тозығы жеткен мектептердің мәселесі шешілді. Олар – Қордай ауданының Бәйтерек ауылындағы №45 орта мектебі, Меркі ауданының Аспара ауылындағы №2 Аспара орта мектебі мен Сарысу ауданының Маятас ауылындағы Д.Сенбин атындағы орта мектебі. Айта кетейік, Қордай және Меркі аудандарындағы жаңа білім ордалары 150 орындық болса, Сарысу ауданындағы мектеп 50 орынға шақталған. Сонымен қатар, биыл өңірдегі 96 білім нысанына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Білім алушыларды қауіпсіз және қолайлы білім беру ортасымен қамтамасыз ету жұмыстары жалғаса береді", – дейді Ләззат Әбілдақызы.

Айта кетейік, Жамбыл облысында 2024-2025 жылдары аралығында 41 білім беру нысанының құрылысын жүргізу жоспарланған. Биыл 18 білім беру нысанының құрылысы аяқталады деп күтілуде. Оның алтауы "Жайлы мектеп" Ұлттық жобасы аясында қолданысқа беріледі. Бұдан бөлек, 9 білім ұясы мен 1 мектептен тыс мекемеге күрделі жөндеу жүргізілуде.

Ал, 96 білім нысанын ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталған. Сондай-ақ, 2025 жылы қосымша 26 білім ошағының құрылысы басталмақ. Мұндағы басты мақсат – қала мен ауыл мектеп оқушыларының білім сапасындағы алшақтықты жою, балаларымызды кең, заманауи талапқа сай жабдықталған үлкен мектепте білім алуын қамтамасыз ету.

2023 жылы президент "Білім беру саласындағы өзгерістердің 1000 көшбасшысы" бағдарламасы аясында жаңа форматтағы көшбасшыларды даярлауды тапсырған болатын. Қазір директорларды іріктеу жұмыстары жүріп жатыр, ал өткен жылы бірінші ауысым жетекшілері дайындалған.

Серіктестер жаңалықтары