Тікелей эфир

Жамбыл облысында тұрғындар "Ауыл аманаты" жобасының игілігін көруде

Атап өтерлігі, жоба басталғалы аталған ауданға 2,4 миллиард теңге инвестиция тартылыпты.

Ауылдағы ағайынның әл-ауқатын арттыруға бағытталған "Ауыл аманаты" жобасына облыс орталығынан шалғайда орналасқан Мойынқұм ауданының 8 ауылдық округі қатысуда. Бес жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан осынау жобаның игілігін бүгінде Биназар, Бірлік, Қызылтал, Қызылотау, Жамбыл, Қылышбай және Қарабөгет ауылдық округтерінің тұрғындары көруде. 

"Ауыл аманатының" бірінші бағыты бойынша яғни, "Үй іргесіндегі жерлерді тиімді пайдалану" аясында 133 гектар жерден өнім алу мақсатында 11,3 миллион теңгенің бақша дақылдары егілсе, "Мал шаруашылығын дамыту" бағыты бойынша 1,4 миллиард теңгеге 5034 бас мал сатып алынған. Бұдан бөлек, жоба аясында жаңадан құрылған ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтеріне ауыл сыртындағы жер үлесін тиімді пайдалану мақсатында 411,5 миллион теңгеге 57 жаңа техника мен қосалқы техникалар тапсырылып, ауыл тұрғындарының игілігіне пайдалануға берілген.

– Биыл елді мекендерді ағын сумен қамтамасыз ету мақсатында ауыл шаруашылығы саласына 74,9 миллион теңге бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде,  тоғандарды байлау, нығайту жұмыстарына 55,7, механикалық тазалау жұмыстарына 5,5 миллион теңге қарастырылған. Жамбыл және Қызылотау ауылдық округтеріндегі механикалық жұмыстар және Байбарақ каналының жағасын нығайту жұмыстары толық көлемде аяқталды, – дейді аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қуандық Төлендиев.

Серіктестер жаңалықтары