Тікелей эфир

Жамбыл облысында қызды алып қашқан екі жігіт 7 жылға сотталды

Полиция жедел әрекет етіп, күдіктілердің көлігін ұстады.

Тараз қаласының №2 сотының шешімімен Маңғыстау және Ақтөбе облыстарының азаматтары қызды алып қашқаны үшін сотталды. Бұл туралы Жамбыл облысының прокуратурасы жазды.

2022 жылдың көктемінде азамат ортақ таныстары арқылы қызбен танысқан.Бірнеше кездесуден кейін қыз қарым-қатынасты одан әрі жалғастырудан бас тартқан. Сол кезде жігіт қызды алып қашуға шешім қабылдаған.

"2023 жылдың ақпан айында Таразға досымен келген жігіт өз жоспарын жүзеге асыруға кірісіп, қызды алдап, көлікке күшпен отырғызып, қаладан алып кетуге тырысқан. Көршілер қыздың көмекке шақырғанын естіп, полиция қызметкерлеріне жүгінген. Полиция жедел әрекет етіп, күдіктілердің көлігін ұстады", – деп жазылған хабарламада.

Қылмыстық кодекстің 125-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша сот үкімімен қызға үйленуге ниетті жігіт пен оның досы кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.


Оқи отырыңыз: 3 жылда 2,5 мыңға жуық балаға қатысты жыныстық қылмыс жасалған. Қай өңірлер көш бастап тұр?


Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Серіктестер жаңалықтары