Айталық, маусымдық науқанға өңірдегі Сарысу ауданының 75 шаруа қожалығы белсене кіріскен. Аудан әкімінің орынбасары Қайрат Амановтың айтуынша, егістік басында 29 комбайн, 86 трактор мен 42 жүк көлігі қызу жұмыс істеп жатыр.
"Осы жылдың өнімі үшін 24 235 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары себілген еді. Оның ішінде, күздік бидай 4360, жаздық бидай 225 гектарды құрайды. Бұдан бөлек, 7176 гектарға арпа орналастырылды. Бүгінгі таңда күнделікті 250 гектар егістік алқабы орылып отыр. Орташа түсім әрбір гектарға – 17 центнер", – дейді Қайрат Аманов.
Жиын-терін жұмыстары қыркүйек айының соңына дейін жалғасады деп күтілуде. Ал, бұл жұмыстарды жүйелі жүргізу үшін шілде-тамыз айларында 366 тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінген. Дизель отыны нарық бағасынан 18 пайызға төмен бағада өткерілген.
Жалпы, сарысулық шаруа қожалықтары сепкен егіннің көлемі 11 731 гектарды құраса, оның 300 гектары Игілік, Жаңаталап және Жайылма ауылдық округтеріне тиесілі.
"Масақты дәнді дақылдардың орташа өнімділігі гектарына 16 центнерді құрады. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 3 есеге артық. Шаруалардың еселі еңбегі олардың ырысын арттыра түсері анық", – деді аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлан Молдабеков.