Тікелей эфир

Жамбыл облысында "Бизнес бастау" жобасының жақсылығын көргендер көп

Ауыл-аймақтағы жұмыссыз тұрғындарға өз кәсібін бастауға мүмкіндік берген жобаның бірі – "Бизнес бастау" жобасы. Өткен жылы Жамбыл облысына қарасты Жамбыл ауданында 110 азамат қайтарымсыз грант алып, өз кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Жамбыл аудандық "Мансап орталығының" директоры Алтай Стамқұловтың сөзінше, қазіргі таңда ауылдықтар «Бизнес бастау» жобасы аясында шағын өңдеу цехтары мен техникалық қызмет көрсету орталықтарын көптеп ашуда. 

– Кәсіпкер болғысы келетін жастардың қатары көп. Бірақ, олардың көпшілігі кәсіпті неден және қалай бастарын білмейді. Мұндай жастарға мемлекет тарапынан берілген мүмкіндікті пайдаланыңыздар дегім келеді. Біз алдымызға келіп, көмек сұрап келген әрбір азаматты қолдауға даярмыз, – дейді А.Стамқұлов.

 

Жобаның игілігін көрген жанның бірі – Аса ауылының тұрғыны Камила Мадымарова. Ол күнделікті өмірде сұранысқа ие жастықтарды қайта өңдеу ісін қолға алған. Аймақта әлі қолданыста жоқ тың саланы меңгеріп, қайтарымсыз грант алған көпбалалы ана  қажетті техника мен құрал-саймандарды Ресей елінен сатып алғанын айтады.

– Біз жастықтарды ұзақ уақыт бойы пайдаланамыз. Ал, осы уақыт ішінде жастық ластанып, ішіндегі мамығы кірлей бастайды, Тіпті, кейбір қауырсындар жастыққа қайта салуға мүлдем жарамай қалады. Оларды жарамдылық уақытынан ерте алып тастамау үшін кем дегенде жылына бір рет қайта жөндеп, яғни, өңдеп отыру керек. Алайда, қазіргі уақытта жастықтарды қайта өңдеу қызметін ұсынатын мекемелер өте аз. Бұл аталған саланың жеткілікті түрде дамымағанын көрсетеді.  Менің бұл бизнесті ашуыма түрткі болған да осы. Бұл саланы зерделей келе, мұнда бәсекелестік өте аз екенін аңғарып, осы кәсіпке бет бұрдым, –  деген кәсіпкер алдағы уақытта төсек жабдықтарының барлығын қамтып, үлкен кәсіпорын құруды көздеп отырғанын жеткізді.

"Бизнес бастау" жобасының игілігін көріп отырған жамбылдықтың бірі – Нұркен Ниетбаев. Ол өз үйінің ауласынан жеңіл көліктерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізетін әрі техникалық қолдау көрсететін орталық ашқан. Жігіт ағасы нәбәрі жарты жылдың ішінде әр ай сайын 400 мың теңге табыс тауып қана қоймай, өзі секілді техника тілін түсінетін бір ауылдасын жұмыспен қамтып отыр.

– Бала кезімнен әкемнің жанында жүріп, көлікті жөндеудің қыр-сырын меңгердім. Біраз уақыт мемлекеттік қызметте еңбек еткен мен уақыт өте өзбизнесімді ашуды ұйғардым. Бұл ретте маған "Бизнес бастау" жобасы мол мүмкіндік берді. Қазіргі таңда аптасына үш-төрт көлікті жөндеуге күш саламын. Барынша сапалы етіп жасап беруге тырысамын. Өйткені, тұтынушылардың келуі тікелей соған байланысты. Біз секілді өз ісін бастағысы келген азаматтарға қолдау көрсеткен жобаға алғысым шексіз, – дейді Н. Ниетбаев.

Ал, жас кәсіпкер Құндызай Рахымжанова бүгінде сүйікті ісін кәсіпке айналдырған жанның бірі. Ол жобаның игілігін көріп, тез дайындалатын тағамдар мен тәтті торттар дайындайтын "Құндызай тәттілері" наубайханасын ашқан. 

– Тапсырысты тәулік бойы қабылдаймыз. Дүкеніміз таңғы сағат 8:00-ден бастап, күн қарайғанға дейін үздіксіз жұмыс істейді. Анам әзірге қасымда қолғабыс көрсетіп, көмек көрсетуде. Өз басым күні бойы дүкенде қарап отырмай, үйде де тапсырысқа торттар, түрлі тәтті тағам түрлерін әзірлеймін. Мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз грантқа қол жеткізгеніме аса қуаныштымын. Жалпы, аталған жобаның жеке кәсібін ашамын деушілерге зор пайдасын тигізуде, – дейді кәсіпкер келіншек.

Айта кетейік, 80 мыңнан астам тұрғыны бар Жамбыл ауданында жұмыссыздық деңгейі 4 пайызды құрайды. Аудан халқының 30,4 пайызы жастар болса, осы жылдың алғашқы жартыжылдығында бір мыңнан астам жас жұмысқа орналасқан. Олардың қатарында 32 азамат "Бастау бизнес" арқылы кәсіп ашуға мемлекеттен көмек алған.

 

 

Серіктестер жаңалықтары