Мәселен, Жамбыл облысындағы Қордай ауданына қарасты Кенен ауылдық округінің 75 тұрғыны аталған жобаның екінші бағыты бойынша (мал шаруашылығы) 2023-2024 жылдары 349 миллион теңге несие алған.
Ал "Кенен Береке" ӨК жабдықтармен қамтамасыздандыру үшін төртінші бағыт бойынша 53,8 миллион теңгеге 9 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алады. Сондай-ақ, осынау жобаның бесінші бағыты (өз кәсібін ашу) бойынша 4 азамат құс шаруашылығын дамыту мақсатында 34,4 миллион теңге несиеге қол жеткізген. Сондай жанның бірі – Рысқұлбек Ағыбаев.
Тәуекелге бел буып, жоба аясында 4 миллион теңге несие алған ауыл тұрғыны бүгінде еңбегінің жемісін көріп отыр. Қазіргі таңда ол қорасындағы саулықтардан қозы алып, мал санын көбейтіп те үлгерген.
"Қорамызда азды-көпті малымыз бар. Сиыр ұстаймыз, ал күзде жылқы, ірі қара бордақылаймыз. Былтыр несие алып, 64 бас саулық және жем-шөп сатып алдым. Мені ең алдымен, несие шарттары қызықтырды. Бір жыл демалыс берді. Бұл – өте тиімді. Каникул кезінде мал басын көбейтіп алуға мүмкіндік бар", – деді Рысқұлбек Ағыбаев.