Өңірлік Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Төлебек Құлекеевтің хабарлауынша, өңірде жем-шөп қоры жеткілікті, мал азығын дайындау жұмыстары тұрақты негізде жүруде.
Осы жылы облыста пішен, пішендеме, сүрлем, сабан мен құнарлы жем дайындау жоспарланған. Бүгінде 303 мың гектар жер шабылып, жоспарға сәйкес қажетті 2,6 миллион тонна пішен, 99 мың тонна пішендеме, 472,4 мың тонна сабан жиналыпты. Бұдан бөлек, мал азығына 152,8 мың тонна дәнді дақылдар бөлінді.
Қазіргі уақытта сүрлем жинау жұмыстары өз жалғасын табуда. 2024-2025 жылғы қыстауға түсетін әрбір шартты малға 19 центнерден азық дайындалса, өткен жылы бұл көрсеткіш 12 центнерді құраған. Бұл күнде дайындалған мал азығының негізгі бөлігі қыстау орындарына жеткізілуде. Арнайы құрылған жұмыс тобы барлық аудандарды аралап, жиналған жем-шөп қорына зерделеу жұмыстарын жүргізген.
Жалпы, облыста 5 862 мал қыстату орны бар. Оның ішінде, 1 202 мал қыстату орны шалғайдағы жайылымдарда, яғни құмды аймақтарда жайғасқан. Қазіргі таңда малшыларға арналған 5 564 тұрғын үй жөндеуден өткізіліп, қыс мезгіліне дайындалып жатыр. Айта кетейік, мұнда 1 түк пішеннің бағасы тұрақты 500-650 теңге, 1 килограмм құнарлы жем 60-68 теңге көлемінде өткерілуде.